» » САҢЛАҚ ШОПАН САХИ

САҢЛАҚ ШОПАН САХИ

Алматыдан көңілді оралды. Ауылда етігінің қонышына тығып, өріске шықса да тастамай оқып жүретін «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарымен Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінің тілші-қызметкерлері бұларды ортаға алып, шалғайдағы малшылардың тұрмыс-тіршілігі жөнінде әрнәрсені шұқылай сұрап, блокноттарына түсіре берген. Тіпті иығына асып алған кішкене қара сөмкесінен микрофон алып аузына тосып тұратын радио қызметкерлерінің соңдарынан қалмағаны қызық болды. Барған күні кешкілік бұлар орналасқан «Қазақстан» қонақ үйінің кең бір бөлмесіндегі кездесуге өзі сүйіп оқыған «Мөлдір махаббат». «Дауылдан кейін», «Оянған өлке» романдарының авторлары келіп, сондай атағы әлемге әйгілі адамдармен арқа-жарқа қызғылықты әңгіме болады деп кім ойлаған.
Жасы 24-ке қараған жылы алдыңғы қатарлы шопандар қатарында Алматы қаласына барғандағы алғашқы күні еді бұл. 1964 жылғы шілде айының 17-18 күндері Алатау бөктеріндегі әсем қалада өткен «Қой өсірушілердің республикалық кеңесінен» алған әсерін тілмен айтып жеткізе алмай жүрген еді сол кезде. Астананың аты – Астана ғой, шіркін!
Ертеңіне кешкілік М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына апарды. Тап сол күні театрда заңғар жазушының «Абай» спектаклі жүріп жатқанын көрмейсіз бе?! Шымылдық ашылғанда әріректен көрінген Абай таудың етегінен төменге қарай келіп:
– Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, – деп сахнадан түсіп, көрермендер орындығының ортасындағы ашық жермен халықты аралай отырып, оң жақ есіктен шығып кеткен.
Шынымен де Абай екен деп қалған әлгі кісінің сол кездегі Қазақ ССР-інің халық артисі Мүлік Сүртібаев екенін артынан білуінің өзі қызық болды. Сондағы жарық түсірушілердің қараңғыланған сахнада жүріп бара жатқан актердің бет әлпетінен дөңгеленген жарықты тапжылтпаған қалпы қуалай отырып, залдан шығып кеткенше халыққа тек Абай суретін көрсеткен шеберлігін айтсаңызшы! Әбден жаттыққан ба, тас қараңғыда тек бетіне ғана түскен жарықтан жасқанбай, еш жерге соқтықпастан, сүрінбестен, мүдірместен халық арасына жол тауып, елімен етене араласып кеткен данышпан ақын бейнесін жасаған актерді көзбе-көз көру қандай бақыт еді?! Партердің алдыңғы қатарларындағы шеткі орындықта отырған бұның жанынан жылжи басып өткендегі жайлы лебін сезіну ше?
Ертеңіне кеңес жұмысы аяқталысымен Алатау бөктеріне апарды. Дауысын радиодан ғана естіп жүретін атақты Кенен ақынның өзі көкорай шалғынның ортасында отырған бұларға қонаққа келіп, талаптарына «оң болсын» айтты. Сылқыта салған әндері қандай?! Әңгімелерін айтсаңшы! Жасында қойды көп баққан екен, шаруашылық жайына да жеттік. Не керек, керемет кеш, мазмұнды отырыс болды бұл жерде де.
Кеңесте көп мәселе қозғалды. «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген халық даналығына терең мән берген Үкімет алдына үлкен мақсат, айқын бағдар қойып алғанға ұқсайды. Кешегі шөл және шөлейт аймақтарды игеру мақсатында жаңадан құрылған шаруашылықтардың болашағы жөніндегі әңгімелер де тыңдаушыларын тамсантпай қоймайды.
Айтпақшы, бәрінен де әсерлі болғаны – бір ауылдан барған жас шопандар Жайшылық екеуі соншама қалың жұрттың алдында үлкен марапатқа ие болғанын айтсай! Қарамағындағы 645 бас саулықтың әр жүзінен 119-дан төл келтіріп, мал басын 100 пайызға аман сақтаған бұған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет Грамотасын», бірінші қоздап тұрған 841 бас тұсақтың әр жүзінен 100-ден төл алған Жәкең – Жайшылық Төртбаевқа Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің «Құрмет Грамотасын» тапсырып тұрған кездегі салтанатты сәттер есінен кетер емес…
Иә, бұл осыдан 60 жыл бұрынғы жас та болса республика малшы қауымының алдыңғы санатынан көрініп, кейін мал шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан, қаракөл қойынан мол өнім алуда, оның сапасы мен жоғарғы сорттылығын қамтамасыз етуде республика көлемінде сирек кездесетін көрсеткіштерімен белгілі болған Қуаңдария совхозының озат шопаны, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері Сахи Ибраевтың жастық шағының жарқын бір көрінісі еді.
Өткенге ой жіберсек, Қуаңдария алғаш совхоз боп құрылған сол жылы әке таяғын қолға алып, «Аға шопан» атанғанына бас-аяғы 5-ақ жыл болған екен. Жас та болса белгілі шопандар қатарынан көрініп, осындай жоғары құрметке ие болу үшін 5 жыл онша көп те емес еді.
Жастайынан малдың сырын жетік біліп, отардағы әр саулықтың көңіл күйін ажарынан аңғаратын сезімтал бала болып өсті. Былайғы жұрт «малсақ» деп мақтағанымен бұл атау Сәкеңнің бұл саладағы кәсіптік деңгейін толық көрсетіп бере алатын теңеу емес еді. Баққан малын күтіп, баптап, басын аман сақтап қана қоймай, одан мол өнім алудың жай-жапсарын алдын ала байыптаудағы қабілеті ерекше болатын. Алдындағы малының құлағы мен күдірейген жүніне қарап, ауа райының қалай құбыларын алдын ала болжап, соған қарай әрекет ететін.
Ал енді бар ғой, тай мен тайлақты бас білдіріп, аз күнде шаруаға жегін қойторы етіп берудің де хас шебері болды бұл кісі. Қандай асау болса да ол жалынан ұстаған жылқы баласы тыпыр ете алмай қалатын. Қуып келе жатқанда қашағанға лақтырған қыл шылбыры тұп-тура сағалдырықтан қысып қалып, қандай арындаған асау болса да бұның икеміне амалсыз көне беретін.
Алғаш қойға шыққан жылдары ғой, түйекеш Емберген деген кісі келедегі бірқоспақтың дөнен асып бестіге қарағанша мұрны тесілмегенін айтып, бас білдіріп, жуасытып беруге өтініш жасаған. Жанына жан жуытпайтын жайрағырдың өзі көрінеді. Ол кезде ірі қара баққан адамдар оны жастай бас білдіріп, қойға мінуге, күш көлік ретінде көшкенде жүк артуға үйретіп беруге міндетті болатын.
Құсмұрын тауының батыс етегінде отырған бұл дайындап қобдишасына салып қойған мұрындықтарының ішінен мықты деген біреуін таңдап алып, қысқалау қыл шылбырын беліне қыстырды да, әлгі кісіге еріп Молдиманға тартты да кетті. Кешке қарай тулай-тулай шаршап, екпіні басылған атаншаның бар шабысына салып, үйге жақын жерден тау етегіне қарай шауып өтті. Әлі де болса қарсы қабаққа салып, шаршатыңқырап алмақау, шамасы.
Үй жанынан өте бере алыстан шабуылдап келе жатқан бұған сілейе қарап қалған ошақ басындағы жан-жары Кенжегүл мен Жасағаннан жалғыз баласының амандығын тілеп, әлде бір дұғаларды тынбастан оқып отырған анасы Нұрбибінің үміт пен күдік араласқан түрлерін анық көрген. Көрген де, ынтымағы жарасқан отбасындағы жанына жақын жандардың өзіне тілектестікпен қараған кейпін аңғарып, шексіз бақытқа кенелген-ді.
Сол жылы ғой, ферма бастық Тыныштыбайдың шопандарды «Шұқырқақ» жеріндегі Шөкетай ақсақалдың үйіне жинап үлкен кеңес өткізгені. Әңгіменің түрі – әркім өз бетімен бола бермей, ынтымақтасып, бір мақсатқа біріккен ұжым, яғни ферма ішінен арнаулы бригада құрылуы керек екен. Оның құрамына алынатын шопандарға қойылатын талап та жоғары. Атауы – «Коммунистік еңбек бригадасы» болмақ, шамасы. Бұл сол кездің мемлекеттік саясаты бойынша қайдағы бір дәйексіз іс емес, қоғамдағы әрбір еңбеккердің өндіріс жоспарын толық және асыра орындау жолындағы табанды күресінің нәтижесін айқындамақ.
Бұл бригадаға мүше боламын деген шопандар алдымен, ісі тиянақты, ынтымағы берік отбасының басшысы болуы керек. Екіншіден оған өндірістік жоспарын орындап қана қою аз, іскер, білімді, мәдениетті, өнерлі болуы шарт. Мал басын аман сақтау, қаракөл елтірісі мен жабағы күзем жүндерінің сорттылығын арттыру өз алдына, әр шопанның күнделікті өмірінде өзін мәдениетті ұстауы, әдеби кітаптарды көп оқуы, жарасымды үлгіде киінуі, тазалық мәселелері, тағы басқа толып жатқан талаптары бар екен.
Мал бағып отырған адамға не керегі бар демей, үйінің, ауласының, мал қорасының жинақы болуы, үйіндегі жүкаяқ жанында қазақтың классик ақынжазушыларының романдары мен өлең-жырлары, дастандары жинақталған шағын этажерканың болуы есепке алынбақ. Газет-журналдар екі бастан. Сондайақ радиоқабылдағыш, домбыра, сырнай, домино, дойбы сияқты мәдени-тұрмыстық заттарды тұтыну малшы өмірінің мәніне айналуы керек...
Дей бергенде, жастықтың қызуы ма, әлде жайсындағы малшыларға қойылып жатқан жаңашыл талаптар көңіліне қонып кетті ме, ферма бастық әңгімесін аяқтап болмастан Сәкең атып тұрсын:
– Иә, шопан өміріндегі қиыншылықтарға мойымай, мал өнімдерін жоспарға сай сапалы өндіруде сіз айтып отырған өмір сипаты маңызды орын алады. Тап қазір осындай адамдар тобынан бригада құрып жатсаңыз солардың бел ортасында болуға қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Құрылған бригадаға басшылық етуге ісі мен сөзіне нық, тәжирибелі шопан, Тасқара ағай лайықты деп есептеймін – деді, қалай қарар екен дегендей, отырғандарға жағалай көз тастап.
Жұрт жапа тармағай қолдай жөнелді. Әсіресе жігіт ағасы болуға таяған, әр сөзін жүйелеп сөйлеуге тырысатын Есболат:
– Біз, Балторы екеумізді тап осы бригадаңның мүшелігіне алдыңғы қатарға жазып қой. Мал баққан адам олпы-солпы қолапайсыз жүре беруге болады деген әңгіме жоқ. Әркім өзін де, үй орманын да жинақы ұстауы керек. Мол өнім алдық деп құр көкірек кере бермей, мәдениеттің ауылына қарай бет бұрғанымыз өте дұрыс. Керек болса былапыт сөздерден аулақ болып, мәнді әңгіме айтайық. Өнегелі сөз өрелі іске бастайды. Сахи дұрыс айтады, әр ісін тастай қайнатқан Тасқараның мұндай бригадаға бастық болғанын мен де құптаймын – деп, жан-жағына бағдарлай бір қарап алды да – мына отырған Ыбекең мен Төребай ақсақал тап қазір батасын берсін. Мұндай істі кейінге қалдырмай, бүгін кірісуіміз керек, –деп бір түйіндеді.
Ендігі сөздің көп керегі де болмай қалғандай. Соны сезген Ыбырай ақсақал қасындағы құдасы Төребайға иек қақты. Төкең болса ферманың түйесін бағады. Осы отырғандардың үлкені. Қоңқақ мұрнының үстінен түйіле қарағаны болмаса ындыны жуас, мейірлі адам. Ел ішіндегі абырой-беделі де жоғары. Ана жылдары келедегі 17 інгеннің 17-сін түгел боталатып, айды аспаннан бір-ақ шығарған. Онысы басшыларға да ұнап, аудандағы, облыстағы бірер жиынға қатыстырып, сөз сөйлеткені және бар.
Бұл жолы да өзіне қарап қол жайған көпшілікке:
– Уа, жайлауларың малға толсын, талаптарың оң болсын. Қойлы ауылға әкелмек болып отырған жаңа тірліктеріңнен жақсы нышан көріп тұрмын, Алла ұзағынан сүйіндірсін. Мына Тасқара балама әкесі Шөкетайдың төзімін берсін, әлгі айтқан үлгілі бригадаға осы отырған барлығың мүше болып, өнегелі өрен атаныңдар. Қарынның тоқ, көйлектің көк болуы мұрат емес, көп болып ұйысып, ынтымақпен ойға алған мақсатыңа жеткен мұрат. Ұжымдарына бірлік, береке тілеймін, қарақтарым! – деп бетін сыйпады.
Осы жиыннан кейін коммунистік еңбек бригадасын құрып, оған мүше болуға талпынған Тасқара мен Күнтайдың, Есболат пен Балторының, Сахи мен Кенжегүлдің бірлескен жұмысы басталып кетті. Аудандық, облыстық газеттің тілшілері дейсің бе, белгілі-белгілі басшылар, малшылар қауымын бетке алған түрлі мәдени бригадалар алдымен ат басын осы үштікке тірейтін болды. Сол кездегі газет беттері осы кісілердің жұмыс тәжірибесі мен берген сұқбатынан босамайтын.
Айтса, айтқандай, іске деген ұсынақтылық, ұстаптұтқан нәрсесіне ұқыптылық алдымен адамның өзін тәрбиелейді екен. Сәкең айтулы ерші, жақсы өрімші де болатын. Ол соққан құранды ерлер мен қанбас ерлер әрі әдемі, әрі атқа тимейтін жайлы болушы еді. Бұлар мінген ат әбзелдерінің әдемілігі, ұстаған қамшысының өрім санына дейін жұрт аузынан түспейтін болды. Әсіресе балалар. Ферма шопандарының отбасындағы әңгімелердің көбі осы тақырыпта өрбитін болғасын, артық-ауыс уықтан жасап алған аттарына мініп, бірі – Сахи, бірі – Есболат болып шапқылайды да жүреді.
Қойшы әйтеуір, келесі жазда-ақ коммунистік еңбек бригадасына мүше болуға жұмыстанған осы үштіктің жауапкершілігіндегі 1527 бас аналық қойдың әр жүзі 120-дан төл беріп, бір бас саулық 3 келіден жүн келтірді. Сойылған қаракөлдің 80 пайызы Шымкенттегі қаракөл зауытына «бірінші сорт» деген белгімен жөнелтілді. Осындай жоғары көрсеткіш жыл сайын қайталанып, 1964 жылдың көктемінде Ақжар совхозының №1 фермасындағы аталмыш еңбек бригадасының мүшелері Сахи Ибраев жаңа құрылған Қуаңдария совхозының №1 фермасына, Есболат Кеңесбаев №3 фермасына озат шопандар ретінде бөлінсе, Тасқара Шөкетаев №2 фермаға ферма меңгерушісі болып барды.
Қызылқұмды бетке алып, екінші тыңды игеруге құлшына кіріскен жас жігітті Алатаудың етегіне апарып, ел құрметіне бөлеп отырған да осындай еселі еңбегі еді…
(Жалғасы газеттің келесі санында)
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
02 тамыз 2024 ж. 196 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 991

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031