Абылай хан
qarmaqshy-tany.kz ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА ҒҰМЫРЛЫ ТАРИХТЫ ЖАСАСА, ТАРЛАН ТАРИХ ТА ТЕГЕУРІНДІ ТҰЛҒАНЫ ТУДЫРАДЫ. ДӘУІР ТЕГЕРШІГІ АЙНАЛҒАН САЙЫН ТАУ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КЕРУЕН ЖОЛЫ АЛАСАРМАЙ, АСҚАҚТАЙ БЕРЕДІ. ӨЙТКЕНІ, АДАМЗАТ ТАРИХЫНДА АРТЫНА ӨШПЕС МҰРА ҚАЛДЫРҒАН ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАЛАР БОЛАШАҚ ҰРПАҚ ҮШІН ЖОЛ БАСТАР ТЕМІРҚАЗЫҚ ІСПЕТТІ. АЛ БІЗДІҢ ТАРИХЫМЫЗ МҰНДАЙ ТҰЛҒАЛАРҒА КЕНДЕ ЕМЕС.
Биыл түбі бір түркі әлемі Білге Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтті. Алайда Тоныкөктің тарихи тұлғасы туралы тарихшылар тарапынан зерттеулер жүргізілмеді. Күлтегіннің көк тасы елге әкелініп, жоғары оқу орнына орналастырылды, алайда оның да тұлғалық болмысы әдеби-тілдік зерттеумен шектелді. Адамзат тарихында бетбұрыстар жасаған Аттила, Шыңғыс хан сынды пассионар тұлғалар туралы жазушылар көбіне әдеби-көркем шығармалар жазуда. Ұлы тұлғаларды әсіре дәріптеу немесе мифтендіру үрдісі де белең алуда.
Мәселен, Жошының тарихи тұлғасы жұмбақ күйінде қалып келеді. Ұлық Ұлыстың негізін қалаған Бату мен Берке хандар туралы да кешенді зерттеулер жүргізілген жоқ. Талас құрылтайын ұйымдастырушы, Моғолстан мемлекетінің негізін қалаған Қайду туралы да тұщымды тарихи зерттеулер жоқтың қасы, оқулықтарда ол туралы мәліметтер өте аз келтірілген.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көптеген халықаралық жиындар өткізілді. Науқан өтті, алайда Қазақ хандығының тарихы түгенделді деп айту қиын. Киногерлеріміз әлі күнге дейін кеңестік цензураның аяусыз сүзгісінен өткен Есенберлиннің шығармаларына сүйеніп келеді. Халық тарих пен тұлғаны осы әдебиеттер мен көркем фильмдер арқылы тануда. Алайда, арнайы тарих методологиясын игермегендіктен және көбіне көркем шындықты нысана етіп алатындықтан қаламгерлердің туындыларын бұлжымас ақиқат ретінде қабылдау қиын.
Балаларымыз ежелгі Мысырдағы перғауындардың қай жылдары ел билегенін жақсы біледі, көне Грек, Рим немесе бағзы Қытайдың ұлы тұлғалары да көпшілікке мәлім. Өзіміздің бабаларымыздың тарихын айтпағанда, өткен ғасырдың өзін миф пен фольклордан ажыратып алу қиын. Тарих пен шежіре, ақиқат пен аңыз араласып кеткен. Тізбектей берсек, тұлғатануда мұндай мәселе өте көп. Өйткені, біріншіден, тарихшылардың көбі шет тілдерін білмейді, сондықтан түпнұсқа құжаттармен жұмыс істей алмайды. Екіншіден, тұлғаларды зерттегенде шынайылық, объективтілік жетіспей жатады. Өзіміз зерттеген тұлғаны ұлықтап, ал оның қарсыластарын негізсіз тұқыртуға да дайын тұрамыз. Салыстырып, сын тезінен өткізбесе архив дерегінің өзі жаңылыс тұжырым жасауға ұрындыратынын ескере бермейміз.
Бұл тек қазақ тарихы үшін ғана емес, түгел түркінің тұлғаларын түгендеу үшін де ортақ шетін мәселе. Баязит пен Әмір-Темір, Тоқтамыс пен Едіге, Сұлтан Селим мен шах Исмаил арасындағы шиеленістерге обьективті баға берілмеуі тарихымызды тұтас қарауға кері әсер етуде. Ортақ тұлғаларды әр елдің өзіне тартып, меншіктеуге ұмтылуы да бұған кері әсерін тигізуде.
Биыл Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіре алған көрнекті мемлекет қайраткері Абылай ханның туғанына 310 жыл толады. Абылай хан барша қазақ даласында беделі талассыз болған соңғы қазақ ханы. Оның қазақ тарихындағы орнын бағалау қиын. Ол – азаткер-батыр, дана билеуші, шебер мәмілегер. Абылай көреген саясаткер ретінде Қазақ хандығы үшін басты қауіп екі ірі держава – Ресей мен Цин империясында жатқан жоңғарлардың басқыншылығы екендігін жақсы түсінді. Сырттағы қауіппен күресе жүріп, Абылай хан қазақ жерін біріктіруге көп күш жұмсады. Оның арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпежекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады.
Үмбетей жыраудың және тағы басқа ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай 20 жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. 1730- 1733 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтайшы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің әруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады. Бұл әрине, Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды.
Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасшылық қабілеті шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып, жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары Каракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, тағы басқа қазақтың белгілі батырлары тізе қоса катысады. Бұл да Абылайдың жауға карсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады.
Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім әзТәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақылпарасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі. XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.Левшин: «1739 жылы Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген», – деп жазды. Ш.Уәлиханов та осы пікірді қолдайды.
1738-1741 жылдары Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншыларына бірнеше мәрте соққы береді. 1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күресетін ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында абыржушылық туғызып, Абылайды босатып алу үлкен саяси мәселеге айналады. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасайды. Бұл деректің шындық екенін осы кезеңдегі Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттары да дәлелдей түседі. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады.
Абылай билігінің күшейе түсуінің жаңа кезеңі 1744 жылы Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды. Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломатиялық жолдарды да тиімді пайдаланады. 1740 жылы тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісімін білдіреді. Сонымен бір мезгілде, қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Цин империясымен де қарым-қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды (1757-1777 жылдары Пекинге 10 елшілік жіберген). Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды.
Абылай 1745 жылы Қалдан Серен дүние салғаннан кейін, Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және жоңғар-қытай соғысын Шығыс Түркістанмен іргелес өңірдегі ойраттардың уақытша билігінде қалған қазақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті.
1749 жылы тамыз айында И.Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «Бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, Барақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр», – деп көрсетті.
Жазба деректерде Абылайдың шетел басқыншыларына қарсы табанды соғыс жүргізгендігі айқын көрсетіледі. 1752 жылы ол бастаған қазақ әскері шамасы 15-20 мың адамдай ойраттар қолының шабуылына тойтарыс береді. 1753 жылы желтоқсанда Абылай 5 мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754 жылы сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса (Қаратал өзені бойында), сол жылдың шілде-тамыз айында 4 мың әскермен Жоңғарияға жорық жасап, 3 мың қалмақты тұтқынға алып келген.
1757 жылы Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасынан соң, қытайлар Абылайдан бітім сұрады.
1753-1754 жылдардағы шайқастарға Қабанбай, Бөгенбай, Жанатай, Керей Жәнібек, Өтеген батырлар қысы-жазы үзбестен қатысады. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны (Давациды) шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген дипломатиялық әрекеттері Абылайды өз заманының ұлы қайраткерлері деңгейіне көтерді. Осының нәтижесінде Абылай әскері 1771 жылы Мойынты өзені бойында болған қалмақтармен ауыр шайқаста жаңа жеңіске жетті.
Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен ымырасыз күрес жүргізді. 1755-1765 жылдары Қырғыз ұлысына карсы жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады. Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-1767 жылдары Абылай қолының Қоқан билеушісі Ерденбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан казақтардың иелігіне өтті.
Екі жүз жылға созылған халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азатгық күресінің соңғы жаңғырығы Алаш жұртының санасында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі. Бұл 1771 жылы Еділ қалмақтарының (170-180 мың адам, 40 мыңдай әскері бар) жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшуі еді. Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы калмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жібереді. Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып-жоюдың орнына, олардың Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беруге шешім қабылдайды. Мұның аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақ тағы қарым-катынасты ойлау жатыр еді.
Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Абылай соғыс жағдайына сай қол астындағы елде, әсіресе әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан Абылай хан әскері сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. Абылай қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.
1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен Үш Жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының (хандығының) ұлы ханы болды.
Ш.Уәлиханов Абылайдай шексіз билікке ие болған бір де бір қазақ ханының болмағанын, оның мемлекет билігін орталықтандырып, нығайту бағытындағы әрекеттерін, «ханның билігін алқалы кеңес арқылы шектеп отыратын ру басылар мен сұлтандардың өркөкірек үстемдігін» тыйғандығьн жазды.
Абылай Ресей мен Қытай империялары арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды.
Абылай каһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани касиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол — «Ақтолқын», «Алабайрақ», «Бұланжігіт», «Дүние қалды», «Жетімторы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Садаққаққан», «Сары бура», «Шаңдыжорық», тағы басқа күйлердің авторы. Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды (қ. Абылай хан әулеті). Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды.
Қалай болғанда да, қазақтың тағдыры қылыш үстінде қылпылдаған 20-шы жылдар аяғынан өмірінің соңына дейін ұлттық саяси элита тобына кіргені, хан мәртебесін ресми алмай тұрыпақ ханға тиесілі миссияны ішінара атқарғаны тарихи ақиқат. Жас ұрпақ Абылай хан арманының жемісі – қазіргі Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтуы керек, ішкі келісім мен бейбітшілікті сақтау жолында қызмет етуі керек. Оның өмірі туралы, шығармашылығы туралы өмірбаяндық мәліметтер, естеліктер жастарға патриоттық тәрбие беруде айырықша құндылыққа ие.
Бауыржан ТӘЖІМАҒАНБЕТҰЛЫ,
профессор, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы