» » Бірлікті сақтау – қасиетті парыз

Бірлікті сақтау – қасиетті парыз

qarmaqshy-tany.kz Аудандық "Қармақшы таңы" газетінде осы жылдың 17 қаңтарындағы No5 санында жарияланған ардагер-журналист Шегебай Құндақбаевтың «Уақытша ереже жүйесіндегі ел басқару» тақырыбындағы мақаласы елжанды оқырманға ой салары анық. Автор ауданға қарасты жерлердегі Қармақшы, Қуаңдария, Ақтайлақ, Көшербай, Заңғар болыстықтарының атқарған жұмыстарын баяндаған болатын. Соған сай, біз де Қасымхан Нақыпұлының айтуы бойынша Қармақшы болыстығына қараған Қаракеткен, Қызылтам елді мекенінде болыс болған бірқатар адамдардың атын атауды жөн көрдік. Олар – Сарыкөбен Мәметек 1875-1885, Қожатай Жадақұлы 1885-1905, Әлібай Қалменұлы 1905-1910, Далдабай Сығай 1910-1915, Байжан Шұңғыр 1915-1920, Жылгелді Мәметек 1920-1925, Нұрмұрат Айдар 1925-1930 жылдары аралығында ел басқарған. ("Алтын шежіресі", Қызылорда, 2003 ж. 265-бет).
Алдымен Сарыкөбеннің болыстыққа сайлануына келсек. Малғаждар Айкөпешов: "Уәлі би уақытында бүкіл Алтын ағайынның биі сол кісі болған. Халықтың көпшілігі "әділ" деп Уәлі биге келіп, жүгініп ақыл-кеңес алады екен. Соның бір мысалы, Алтынның өз алдына болыс болуына халықтың саны жетпеген соң Уәлі биден ауыл ақсақалдары ақыл сұрайды. Біздер бұдан бұрын бірнеше рет шетте жүрген ағайынды көшіріп әкеліп, отырықшы ету арқылы санын көбейттік, сөйтіп бір болыс болайық деп едік, бірақ ол ойымыз іске аспай, келесі сайлауға түсетін уақытқа дейін шыдай алмай, келген жеріне қайта көшіп кетіп қалып отыр. Енді оларды тұрақтандыру үшін не істеуміз керек?" дегенде Уәлі би "Оларды бір жерге басыбайлы қоныстандыру үшін әр үйге бір бұзаулы сиыр беру керек" дейді. Сол кісінің айтқанын істеп, келесі сайлау алдында Шұңғыр Жадақ бай мен Кішкенбай батыр Уәлі бидің айтқанын орындап, бір болыстық елге айналады.
Уәлі би кеңестен кейін Жадақ байдың Ташкентке сауда жасау үшін жол жүріп бара жатқанын біліп, бұл кісінің де пікірін білейік деген оймен онымен ой бөліседі. Би Жадаққа "Бірінші сайланатын болысты белгілейік, сіз кімге тоқталасыз?" дегенде, ол: "Мәметек ағайындағы Сарыкөбен ағаның жақында 18 жасар жалғыз баласы қайтып, қайғы үстінде ғой, қисаңдар соған беріңіздер" деген екен. Осы бір ауыз сөздің арқасында болыстыққа Сарыкөбен сайланады.
Би Сыр өңірінде Елкей сұлтан билік құрған кезде өмір сүрген. Ол кездегі дәстүр бойынша ел арасында шешілетін дауларды кейде ханның алқасына барып қаралғанша жергілікті сұлтандардың өздері ауыл билерімен бірге қарап, шеше беретін болған. Сондай бір жағдайда бір байдан қорлық көріп, жалғыз түйесінен айрылған кедей әділдік сұрап, сұлтанға шағымданады. Мұны ол алдымен Уәлі биге сездіріп, сұлтан мәселелер қарағанда өзінің жайын ұмытып кетпеуін өтінеді. Содан Елкей сұлтан алқасын ашып, билермен бірге сұлтан алдына қойылған мәселелерді қарай бастайды. Бай үстінен түскен кедейдің арызы сұлтанның назарынан тыс қалып бара жатқанын сезген кедей бір кезде жалтақтап, Уәлі биге қарай береді. Сонда би "Әй сорлы, несіне маған қарай бересің, әділеттік ханда болмағанда сұлтанда қайдан болсын?" деген екен. Мына сөзден кейін Елкей сұлтан селт етіп, кедейдің шағымын өз пайдасына шешіп берген екен.
Уәлі би халық үшін еш нәрсеге алаңдамай, ешкімге жалтақтамай, әділеттік, шындық үшін қайсарлықпен күресіп, ағайынның құрметіне бөленген. Ол кезінде Кенесары хан басқарған халық көтерілісін де қызу қолдаған. Өйткені оның өзі де, ағайындары да Ресей патшалығының отаршылдық саясатынан жапа шегіп, туған жерінен ауып келген кісілер болатын. Осындай көзқарасы үшін ол кейін басқа билермен бірге Орынбор қаласына шақырылып, губернатордан қатты ескерту алған. Губернатор сарапшылары Уәлі бидің тұлғасына қарап сөйлеген сөзінің парасаттылығына тәнті болып, тегін адам еместігін сезгесін оған сый-сияпат көрсетіп қайтарады.
Жадақұлы Қожатай болыс турасында айтар болсақ, Қызылтам темір жол бекетінен 7-8 шақырым Қараөзек өзенінің жағасында Қожатай деген мал-жанға қолайлы жер атауы бар. Қожатайдың әкесі Жадақ би болған, 55 жасында дүниеден өткен. Кейін баласы Қожатай 1885-1905 жылдар аралығында 20 жыл болыс болған. Қожатай өткен ғасырдың аяқ шенінде белгілі би, болыс болып, мыңдаған жылқы, төрт түліктің барлық түрі біткен мыңғырған бай болған кісі. Руы – Шұңғыр Алтын, Әсір, Тауасар аталығынан. Елдің бірлігі мен тірлігіне адал, әділдігімен, ағайын-туысқа қамқорлығымен белгілі болған. Бірде ағайын арасында малға жайлы, шұрайлы жерге, Қараөзектен шығатын түбекке таласып, үлкен дау туады. Ағайын ақылдаса келе, мынадай келісімге келеді. Қараөзектің жоғары жағынан үш ағашты айқастыра байлап, төмен қарай ағызады. Егер үш ағаш төмен дария бойымен ағып өтсе, ол жерге қарсы ағайын иелік етеді, ал үш ағаш теріс өзекке бұрылса, мұнда түбекке Қожатай ағайындары иелік ететін болады деп келіседі. Халық жиналып, үш ағашты төмен қарай жіберіп, әр аталық әруақтарына сыйынып дария бойын жағалай еріп жүреді. Үш ағаш үлкен иірімге тап болып, айналып тұрып алады. Иірімнен шықса, я өзекке бұрылады не дария бойымен ілгері кетеді. Сонда халық:
– Иә, сәт! Әруақ қолдай көр, – деп шуласып тұрады.
Үш ағаш үш рет иірімде айналып, түбекке, өзекке қарай бұрылып кетеді. Келісім бойынша түбекке Қожатай иелік етіп, осы күнге дейін ол мекен Қожатай аралы деп аталады. Шөмекей Қожагелді руынан шыққан Қабылан батыр Қожатаймен болыстыққа түсіп, жолын Қожатайға беріпті.
Қабылан батыр: "Мен батырмын бес қаруым бойымда, жауыңды көрсет, теңдігіңді алып беремін, деп жүрген адаммын. Болыстық маған лайық емес екен, ал сен ақылың мен ойың, шешендігің мен көсемдігің, байлығың, көргендігің көп, тәжірибең мол адамсың. Халықты басқаруға сен лайықтысың", деп мойындап жолын берген екен.
Ертеде жұт болып, ағайын-халқы Қожатайдан көмек сұрайды. Қожатай: "Байдың малы бір жұттық" деген, қиындық кімнің басына келмейді, "өле жегенше, бөле же" деген мынау жатқан жылқыдан бөліп айдап алыңдар", – депті. Сол жылы қыс қатты болып, елде малдың шығыны көп болыпты. Тек Қожатайдың малы жұтқа ұшырамай, түгел аман шығып, кеткен шығыны төлімен екі есе көбейіп өскен екен.
Болыс ұрпақтары бүгінде Қожатай аралына ескерткіш белгі орнатып, Құран бағыштап, ас беріп тұрады.
Ал, енді болыс болған Әлібай Қалменұлы 1871 жылы Қармақшы мен Жалағаш арасындағы Қайыршақты деген жерде дүниеге келген. Жасынан еті тірі ол алдымен ауылға аулынай, кейін болыстыққа ұсынылады. Қазалы уезіне қарасты Қармақшы болысын басқарған. Болыс барымтаны болдырмау, мал жайылымын реттеу, егістік жерді белгілеу, ру арасындағы дауларды байыпты шешу секілді істермен айналысқан. Болдым екен деп шалқаймай елдің бірлігі мен тірлігіне араласып, адал қызмет жасаған. Тобжан биді аға тұтып, дос санаған, онымен сыйлас болған. Тобжан би одан ақыл-кеңесін аямаған, топ жарған інім деп құрметтеген.
"Бақиға сапар шекті Әлібай ер,
Пендені ажал жетсе жасырар жер.
О, дарих бұл жалғаннан қайтқаннан соң,
Дұшпаның, досың түгел сағынып жүр.
Жастай-ақ қатарыңнан озды басың,
Мен едім ұстаз болған жан-жолдасың.
Сәлемің Атбасардан жеткеннен соң,
Дұға оқып, күнде ағызам көздің жасын", – деп қамыға еске алады халқына әділ болған үзеңгілес інісін Тобжан би өзінің "Әлібай қазасына" атты арнаған толғау жырында.
Әлібай болыстың еліне еткен адал еңбегі жайлы, оның адамдық қасиеттері туралы Сыр сүлейлері Шораяқтың Омары, Тұрымбет жырау, Тобжан би Байназарұлы, Қайқының Бекжаны жырға қосып, шежіреде лайықты орын берілген, деп жазылады шежіре кітабында.
Кеңес үкіметі тұсында 1925-1930 жылдары Алтынбай баласы Нұрмұрат болыстық құрған. Оның атында Қызылтам стансасынан 5-6 шақырым жерде шығыс жағында көл бар. Халық сол көлдің балығын, шабындығы мен жайылымының игілігін көруде. Ол ел басқарған жылдары Қызылтам айналасын суландыру мақсатында Сырдариядан Жаңабай, Терек тұсынан Сарыжылуанның ағысын алып, үлкен канал қаздырған. Канал көп жыл бойы 1 май, Каганович, Қаракөл, Абыла ұжшарларын суландырып, егіс егуге жағдай жасады.
1929-1930 жылдарда халық қозғалыстарының ішінде Қарақұм көтерілісі он айға созылған. Нұрмұрат болыс көтеріліске қатысқан халыққа қолдау көрсетіп, қару, азық-түлікпен көмектескен. Көтерілісті ұйымдастырған және оған басшылық жасаған Жұмағазы Байымбетов, Қожбанхан Жұбановпен бірге ол да 1930 жылы ату жазасына кесілген.
Ұрпағы Есентай Нұрмұратов 1963- 1993 жылдары, яғни 30 жыл Қармақшы ауылындағы No113 орта мектептің директоры қызметін атқарды. Оның балалары – Серік Алматыда философия ғылымдарының докторы болса, Берік тарихшы, Қызылорда қаласында ұстаздық қызметте.
Қармақшы болыстығының қоныстану жер жағдайына қарасақ, Қызылтам, Абыла, Қаракеткен, Далдабай ауылы маңын мекендеген. «Қиямет күні он не одан да көп адамға бастық болған адамның екі қолы төбесіне байлаулы тұрады. Ол әділ адам болса әділдік келіп шешеді, залым болса зұлымдық келіп қолын одан сайын қаттырақ байлап кетеді" деген Мұхаммед пайғамбардың бір хадисінде. Уәлі би, Жадақ, Кішкенбай батыр, Сарыкөбен, Әлібай, Далдабай, Байжан, Жылгелді, Нұрмұрат болыстар елі, халқы үшін әділ бірлікпен жұмыс атқарған ұлтжанды адамдар болды деп айта аламыз.
Уахитбек СҰҢҒАТОВ,
ардагер ұстаз
01 ақпан 2023 ж. 512 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031