» » Ақшаппадай ақын өткен-ді...

Ақшаппадай ақын өткен-ді...

qarmaqshy-tany.kz Ауылдары аралас, қойлары қоралас болған бұрынғы Түпбөгет пен Жаңаталап колхозы адамдарының бір-бірімен қатынастары қыз алып, қыз беріскен ерекше болғанды. Қазір де солай.
1914-1915 жылдар шамасында сол ауылдағы Ыбырай отбасында өмірге келген Ақшаппа ата-анасының ақ батасы мен Байділда ақсақалдың есігін ашып, келін болған-ды. Атасы отағасымен бірге Жаңаталап колхозында колхозшы болады. 1942 жылы күйеуі Ақсәметпен екі қайнысын майданға аттандырады. Осы тұста тылдағы еңбек армиясына алынып, жылап-сықтап кете барады.
Еңбек армиясына кетер алдында Жаңаталап колхозының адамдарына арнау өлең шығарады. Әзілден құралған бұл өлеңде Ақшаппа сол кісілердің бет-бейнесін, іс-әрекетін, халық алдындағы беделін де өлеңіне қосқан. Дұрыс теңеген. Ақшаппаның бұл өлеңіне ілінген адамдардың бәрін көріп өстік. Олардың нағыз бағасын берген деуге болады. Оқып көрелік.
«...Шайекең жүрген жері той секілді,
Жұмекең көкке тойған қой секілді.
Көбекең сатқақ болған ат секілді,
Омекең бақал сатқан сарт секілді.
Майлыбай атқа мінсе бес кісідей,
Жалмахан жаман тонның ескісіндей.
Мақатжан құйып қойған қорғасындай
Есқазы диуананың дорбасындай.
Сайлыбай сала-құлаш кімге дәрі,
Сарбала шикіл сары онан әрі.
Ботабай жас ботадай талтаңдайды,
Бәнужан оған қарап жаутаңдайды.
Жетес қара айғырдың жорғасындай,
Мәлікайдар сұлу қыздың сырғасындай.
Әбжәлел үзеңгісін ұзын таққан
Қартаңбай қызды көрсе қасын қаққан.
Сансызбай әрі майлық, әрі сулық,
Сәменнің ойлағаны бәрі қулық,» – дей келе, сөз соңында «Ақшаппа арық қойдың шанашындай» деп жазыпты.
Бұл өлең жолдары түгел болмауы мүмкін. Әзірге көп ізденудің нәтижесінде тапқан олжамыз осы өлең жолдары.
Еңбек армиясы дегенде ауыр еңбекті қажет ететін, әскери тәртіппен еңбек ететін жер болған. Сол 1942-1943 жылдың бірінде еңбек армиясына алынған Ақшаппа ана азып-ашып 1945-1946 жылдары елге оралса керек. Майданнан ауыр жаралы болып оралған күйеуі Ақсәмет ұзамай өмірден өтеді. Көп ұзамай қос қайнысының қаза тапқаны жайлы «Қара қағаз да» келіпті. Осынау қаралы күндердің бірінде атасы Байділда Ақшаппаға «... Қызым батамды беремін, ата-анаңа бар, бірақ та мына Махмуд баламның көзі ғой, бізге қалдыр» деп өтініш айтыпты. Талай қиындықтарды басынан өткізген Ақшаппа ата сөзінен аса алмай Түпбөгетке кетеді. Осында Ілесбай (Лесбай) атты кісімен бас қосып, Татым, Қазанбай, Уфа атты ұлдары өмірге келеді. Майлыөзекте шопанға көмекші, колхозшы болып 1964-1965 жылдарға дейін еңбек етеді. Осы жылдары тыңнан ашылған «Жаңақала» совхозына көшіп барып, онда да әртүрлі жұмыстар атқарып, зейнеткерлікке шығыпты.
Түпбөгет пен «Жаңақалада» (Т.Көмекбаев) көрші тұрған, бүгінде 84 жастағы Зинабыт Сүлейменовтің айтуынша, салиқалы, сабырлы адам болыпты. Өлең шығарғанын естіген жоқпын. Мына өлеңдері тамаша ғой деген-ді. Демек, тағдыр жолында кездескен қиыншылықтар, ата қолында қалған тұңғышы, өзегін өртемейді дейсіз бе? Кім білсін. Сондай талант кісі ақындығын жоғалтты.
Өз басым Ақшаппа ананы көрген жоқпын. Бірақ 1950-1951 жылдардан бастап жоғарыдағы өлең жолдарын Күлшәрі Мүсілім әйелі, Ұлмаш Құмышованың айтып жүргенін естіген едік. Кейіннен Қарман Әбдірайымов, Жақсылық Майлыбаев, тағы басқалардан тірнектеп жиналған дүние.
Жоғарыдағы өлең жолдарына есімдері ілінген кісілер туралы да аз-кем жас оқырмандарға таныстырып өтпекпін. Шайекеңі көп жыл No16 ауылдық кеңесті басқарған Шайымбет Есов, Жұмекеңі – колхоз бастауыш партия ұйымын басқарған Жұмаш Найманов, Көбекеңі – Жаңаталап колхозын басқарған – Көбен Байкөбеков, Омекеңі – колхоз басқарма төрағасының орынбасары болған – Омар Қыдырәлиев, Майлыбайы – аңшылар бригадасының бригадирі – Майлыбай Бекбергенов, Сайлыбайы аңшы – Сайлыбай Бекбергенов, Есқазысы – бригадир болған – Есқазы Үргенішбаев, Мақат пен Жалмахан Сағындықовтар – колхозшы. Сарбала, Ботабай, Жетес, Бәнулер «Жаңаталап» колхозшылары, Мәлікайдар Ақшаппаның туған қайнысы, Әбжәлел Қожабаев көп жыл колхоз басқарған кісі. Ал Қартаңбай, Сәмен, Сансызбайлар сол кездегі жас жігіттер болатын.
Айтпақшы Ақшаппа ананың бір ұлының есімі Уфа екен. Мүмкін еңбек армиясында болған жерінің атауы ма деп те қаламын. Ал, Жаңаталаптағы атасының қолында өскен баласы да табанда сөз табатын кісі еді. Енді ойлап, тереңге бойлай қарасам, анасынан келген шешендік сияқты.
Сонымен талантты болса да, талабы болмай Ақшаппа Ыбырайқызында ақындық ұшқын сөніп қалған тәрізді. Дегенмен, ел аузында айтылып жүрген жоғарыдағы өлең жолдары-ақ Ақшаппа ананың ақынжанды болғанын көрсетіп қана қоймай, сол бір ауыр күндерден қалған ескерткіш сияқты. Өнер өлмейді деген осы болар.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы
10 желтоқсан 2022 ж. 395 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 307

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 406

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930