» » Туған өлке – тұнған тарих

Туған өлке – тұнған тарих

«Тозған ел тарихын жаспен жазады,
Озған ел тарихын таспен жазады» деген халық даналығында. Осы бір өнегелі озық ой көкірегі ояу, көзі қарақты жанның бәріне ой салары анық. Өзінің туған жерін тани білген адам ел тарихын, жер тарихын, өз өлкесінің қадір қасиетін қастерлей біледі. Әркімнің туған өлкесі өзіне ыстық. Ал біз өмір сүріп отырған Сыр елі бағзы заманнан бағы жанып, базары қызған қырыққа жуық қала мен жарты әлемді жалғастырған, шежірелі Жібек жолы сайрап жатқан мекен. Бұл аймақ бүкіл түркі тектес халықтардың ардақ тұтар абызы Қорқыт ата мәңгілік қоныс тапқан мекен. Ұлтымыздың үш кемеңгерінің бірі Әйтеке бидің, Самарқан уәлаятының даңқты билеушісі Жалаңтөс Баһадүрдің Отаны, туған жерін жат жұрттықтан қорғаған Жанқожа батыр, Бұхарбай батыр, Есет батыр, Текей батырлардың мекені. Еркіндік сүйгіш ұлтжанды ер Мұстафа Шоқайдың мекені. Жыраулықтың туын тіккен  шайырлардың мекені. Жалпы қазақ халқының тағдыры мен тарихында Сыр елінің алар орны ерекше. Оның ішінде Қармақшы жері Қорқыт қобыздан бастау алған киелі мекен. Оның әр уыс топырағы, әр тасы сан алуан ғибратты шежіре шерткендей. Осынау киелі жерде ата тегіміз сақтар, скифтер, түрік, оғыз, қыпшақтар бүкіл әлемдік өркениетке ықпал етіп, үлес қосқан. Бұл елдегі киелі жерлер, рухани қасиетті орындар – халықтың рухани дәстүрінің тірегі.
Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жері болады. Атамыз қазақта «Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шәрі» деген сөз қалған, тамыры тереңде жатқан қазақ тарихының тармағына назар салып, көмбесін қаза түссең қоржының қазынаға толатынымен ерекшеленеді. Көмбе дегеніміз сан ғасырдың тарихи шежіресін ішіне бүгіп, төбе-төбе болып топыраққа көмілген көне шаһарлар еді. Сыр бойы Ұлы Жібек жолында жатқан  ежелгі қалалардың мекені. Ежелгі қалалар құпиясын зерттеу мақсатында 1940-1949 жылдары Хорезм археологиялық этнографиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. Археологиялық деректерге жүгінер болсақ алғашқы ғимараттар тұрғызу біздің дәуірімізге дейінгі IV-V ғасырларда Сақ заманынан басталған. Осы Сақ заманына жататын қаланың бірі – Шірік Рабат қаласы. Шірік Рабат қаласы Қармақшы ауданының жерінде Тәйімбет Көмекбаев ауы­лынан 100 шақырым жерде орналасқан. Бұл қала орнына 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде жүйелі зерттеулер жүргізілді. Бұл зерттеуге Археология инс­титутынан ғалым Қ.Жолдасбеков, Ресей ұлттық ғылым академиясының аспиранты Әзілхан Тәжікеев зерттеу жүргізді. Бұл 2005 жылғы зерттеуге бірнеше обалар орны ашылып, Сақ дәуіріне жататын жерлеу дәстүрі және көптеген халықтың қолөнермен, егіншілікпен айналысқанын айғақтайтын еңбек құралдары, керамикалық ыдыстар табылған. Негізі қала қорым ретінде салынған іспетті. Сақ патшалары жерленген 6 обадан тұрады. Диаметрі 100 метр, биіктігі 20 метр. Осы обалар Сақ дәуірінен бастап сыртынан ор қазылып, бекіністі қабырғамен қапталған. Бұл Сақ дәуірінің жерлеу орнына үлкен мән беретінін көрсетеді. Сыртқы жаулардан сақтану мақсатында жұмыстар жүргізген.
Шірік Рабат мәдениеті өмір сүруін тоқтатқаннан кейін Орта Азия халықтарының қалыптасуына, дамуына үлес қосқан, дамып гүлденуі жағынан мыңдаған жылға созылған «Жетіасар мәдениеті» Қуаң бо­йында қанатын жайған. Біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықтың соңы мен б.з. VІІІ-ІХ ғасырларына дейін тіршілік ошағы болған 50-дей қамал қала болып бой көтерген. Үйінділер биіктігі 10-20 метрге жетеді. Асарлардың барлығы әртүрлі деңгейде жасалынған қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Қорған іші тұрғын үй, зәулім сарай және қолөнер шеберлері тұратын бөліктерге бөлінген. Жетіасар қалашық бекіністері бір-бірінен 5-6 шақырым жерде орналасқан. Шетсіз-шексіз далада біреулері желдің ізі қалған мүсінді Оқжетпестей, біреуі баспалдақты Мысыр пирамидасындай табиғи, көркем ансамбль құрайды. Томпақ асар, Бидайық асар, Қоралы асар, Қосасар, Күйеуасар, Тік асар, Алтын асар. Бұл асарлардың ішкі жағы бөлмелер сияқты. Ішкі жағы қам қыштардан жасалған. Бөлмелер бір-бірімен баспалдақтар арқылы байланысады. Ішінде шартты түрде еденнен 30-35 см биіктікте орналасқан қазан орындары бар. Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері Қытай деректерінде б.з.б. Қаңлы тайпасының орналасқан аймағы. С.Толстов экспедициясы Жетіасар қалаларының құрылыстарын ерекшеліктеріне байланысты 3 топқа бөлген:
1. Ғимараттары бар бекіністі үй-жайы;
2. Мықты қорғаныс жүйесі бар, бірақ ішін­де ешқандай құрылыс орны жоқ ірі қамалдар;
3. Мықты қорғаныс жүйесі бар, ішінде әр­түрлі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар.
Бұл қалалар 5-10 гектар жерді алып жатқан. Әр қаланың өзіндік суландыру жүйесі болған. Жетіасардың өмір сүру кезеңі екі мыңжылдықтан астам уақытты қамтиды. Ежелгі заманда тіршілік еткен қалалардан зерттеу кезінде көп жәдігерлер табылған. Еңбек құралдарын тастан, сүйектен, тіпті металды да пайдаланғаны байқалады. Қазып алынған жәдігерлер арасында көз тоқтатып қарайтын әшекейлер де көп табылған. Бұл заттар өзіндік ерекшеліктері бар өрнектелген, айшықталған. Жетіасар жайлы қытай жазбаларында, сол елдің жертануға шыққан жиһанкездері көрген білгенін қағаз бетіне түсіріп отырған екен. Жазба деректеріне сүйенсек Жетіасардағы тайпалық бірлестіктер бес кіші иеліктен тұрған екен. Көне шаһарда 120 мыңға тарта шаңырақ түтін түтеткен көрінеді. Бұл дегеніміз – орташа есеппен 600 мыңдай адам тұрған деген сөз. Жетіасар тайпалары шаруашылықтың барлық түрлерімен: егіншілік, мал өсіру, балық аулау, аң аулаумен айналысқан. Сиыр, жылқы, түйелердің сүйектерін сындырып, үй салған кезде құрылыс материалдары ретінде пайдаланған. Қазба кезінде қасқыр, киік, қарақұйрық, қояндардың, сүйектерінің табылуы аңшылық кәсіптің кең дамығанының дәлелі болмақ. Ал әртүрлі балықтардың сүйектері мен ау құруға арналған салмақ тастардың табылуы балық аулаумен айналысқандығын дәлелдейді. Табылған дән үккіштер, қыш ыдыстар, түбінде қалған дән дақылдары, бидай, арпа, күріш қалдықтары сол уақыттағы халықтың егіншілікпен айналыс­қанының айғағы болмақ. Ал түрлі әшекейлер, теңгелердің табылуы қалалардың сауда-саттықпен айналысқанының айқын дәлелі болмақ. Хорезм археологиялық этнографиялық экс­педи­циясының зерттеу­шісі П.Левинаның пайымдауынша Жетіасар мәдениетінің ғылыми-мәдени мәртебесі биік ескерткіш болып саналады. Томпақ асар маңындағы қабірлердің орнын қазғанда біреуінен 5-6 жасар баланың сүйегі және толық күймеген қыш кесе табылған. Кесенің ішінде 37 асық бар екен. Оның екеуі алшы және тапа жақтары тегістелген. Ендігі бір қабірден 13-15 жасар қыз баланың сүйегі табылған. Үстінің бәрін мыстан зергерлеп соққан жеңіл алқалар, білезіктер, сақина-сырғалар табылған. Жанына қойылған табақшадан қойдың сүйектері табылған. Бұл деректер бұл маңда ауқатты адамдардың тұрғанын дәлелдейді.
Сыр бойы тұнған тарих. Зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Әрбір өсер ұрпақ өз елінің тарихын оқып, танып білгені абзал.
Зерделі сөздің зергері, шежіреші Запа Дәулетбаев әкеміз Жетіасар жайлы тамаша аңыз әңгімелер айтып беретін. Қырық қаланың ізін зерттеген профессор С.Толстов пен П.Левинаның зерттеулері жайлы айтқанда ІХ ғасырға дейін асарлардың өсіп өркен жайғанын, суландыру жүйесінің асарлар арасында бүгінге дейін ізі қалғанын әңгімелейтін. Шыңғысхан Сыр бойында 40 қаланы құлатқан деген аңыз бар. Бұл қалаларды Ескендір мен Шыңғысханның қайсысы құлатқаны белгісіз. Осындай үйінді оба Шымкент облысындағы Шардара ауданынан басталады екен. Біздің ел осы жерге келіп мекендегеннен кейін ол кездегі бұрынғы қалалар, оба, асар болып құлап қалған. 1870 жылдары Сыр бойын Қарақалпақтар мекендеген екен. Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың қол астында болып, салық төлеп отырған. Әбілхайыр хан 18 жыл билік құрғаннан кейін орта жүздің сұлтаны араға түсіп, Қарақалпақтарға салық төлетпей қойған. Содан Әбілхайыр хан 100 кісі нөкерімен «Қарақалпақтарға неге салық төлетпейсің» деп жорыққа шыққанда «Күйеу асар» деген жерде Барақ сұлтан Әбілхайырды нөкерімен өлтіріп кеткен. Бұл кезде Әбілхайырдың балалары Ералы мен Нұралы Петербургте оқуда екен. Сол жерден әскер алып, кіші жүздің халқы ханымызды өлтірді деп, Қарақалпақтарды Сыр бойынан қуып, Әмударияның бойына шығарып салған дейді. Сонда Қарақалпақ әйелдері жылап, көшкен кезде «Сыр бойының мәуесі – балалардың азығы еді, бұзауымның қазығы еді» деп көшкен екен. Содан Сыр бойы­мен Қуаңдарияның бойы бірнеше жыл бойы қаңырап бос жатыпты. Бір жылдары қыс қатты болып, жылқысы ығып кеткен Құлыс Кете, Дуан Есетбай Айбасұлы, Шөмекей Жәрімбет, Балқы руынан бір кісі бар үшеуі Сыр бойына келеді. Көктем мезгілі, қар еріп жатқан кез екен. Жылқы іздеу үшін үшеуі үш бағытқа бөлінеді. Есетбай Айбасұлы Ақтайлаққа жақындағанда қарға түскен бір із көреді. Ол із адамның немесе малдың ізіне ұқсамайды. Жақындап келсе бір түтін шығады, түтінге келсе, баяғы көшіп кеткен қарақалпақтан ағайынды Ордабай мен Тасқын деген екі жігіт қалыпты. Анадан туғандай тырдай жалаңаш, жегені балық екен, сөйтіп өмір сүріп жатқан көрінеді. Ол жер қарақалпақтар егін еккен Ауыздағы алты арық дейтін жер екен. Осыдан егінге су алған. Есетбай батыр қарап тұрса балығы тайдай тулаған, сексеуілдің арасы сыңсыған құс, шұбардың арасында қоян, киік неше түрлі аң жыртылып айырылады. Есетбай көп тұрмай ойланып, қарақалпақтардың моласынан алты адамның басын ашып алып, алты арықтың сағасына көмеді де, келер көктемде көшіп келемін дейді. Екі қарақалпақ жігітке егіңдер, сорпаға шайып ішіңдер деп тары береді де кетіп қалады. Артынша осы маңға Шөмекейден Қаратамыр Күнтуар би келеді. Ол да осы маңға қызығып, жерді иеленбек оймен алты арықтың бел ортасына алты атан түйенің басын көмеді. Күнтуар би де көшіп келем деп кетеді. Келер көктемде Есетбай бастаған 1000 (мың) үй қара кете, 3000 үй Шөмекей келеді. Есетбай мен Күнтуар екеуінің арасында жерге талас болады. Ол үшін біреуге төрелесу керек. Жаңадарияның бойында қазаққа әрі жиен, әрі күйеу болып келетін қарақалпақ Маман би қалған екен, соған екеуі төрелесуге барады.
Маман айтады Күнтуарға:
– Қандай белгің бар еді? – дейді.
Күнтуар:
– Жер менікі, су менікі, себебі алты арық­тың бел ортасында алты атанның басын көмгенмін – дейді.
Маман би:
– Сөйле Есетбай, сенің белгің қандай еді? – дегенде, Есетбай батыр:
– Дұрыс айтасыз, алты арықтың бел ортасында алты атанның басы болса, алты арықтың сағасында менің алты атамның басы бар, –дейді.
Сонда Маман би:
– Малдың басы қайда қалмайды, адамның басы болса, жер Есетбайдікі ғой дейді. Сол кезде Есетбайдың қосшысы Қаражабай «Төрелегіңе құлдық»  деп ұшып түрегеледі. Күнтуар:
– Ей Қаражабай, әлі толық шешім болған жоқ қой, сен құлдық ұратын, – деген екен. Сонда Қаражабай:
– Толық шешім болмаса да жобасы болды ғой, менің құлдығым таусылмайды, – деген екен.
Сонан  сол жерде Есетбай қоныстанып қалыпты. Жердің шегі Қуаңдария мен  Дауылкөл аралығын мекен етіп қалған екен. Сөйтіп жылдың төрт мезгілінде Қарақұмды, Қызылқұмды еркін жайлап мекен етіпті.
Бір ғұлама «Өткен тарихты білмеген адам нәресте күйінде қалады» деген екен. Өткенімізді білмей бүгінімізді тани алмаймыз. Тіршілігі қыж-қыж қайнаған Ұлы Жібек жолындағы өткеннің өркениеті болған қалаларымыздың ашылмаған құпиялары қаншама.
Өз өлкесін таныту, оқушылар мен жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу Отан тарихын мақтан ету, мұраларын қастерлеуге үйрету аса маңызды мәселе.

Зарипа ТАСЫМОВА
10 шілде 2021 ж. 3 887 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031