» » Болмысы бөлек азамат

Болмысы бөлек азамат


Жарқ етіп жасын ғұмырдай бұл пәниден өте шыққан азаматтың бірі – Мақсат Көкеев. Ол нәбәрі 44 жыл өмір сүрді. Қамшының сабындай қысқа өмірінде көптеген іс тындырып үлгірді. Халқына адал қызметін етті. "Не нәрсе де – түбірінен" деген емес пе?! Оның өсіп-өнген, тәрбие алған ортасынан тектіліктің белгісі білініп тұратын. Мақсат әкесі Мусахмет пен анасы Қоңыршаның тұңғыш перзенті еді. Қазақ қашан да тұңғыш баланы басқаларынан бөлектеу жақсы көрген ғой. Оның артынан Гүлзат, Асхат, Сайлаукүл, Әділ, Еділ, Жайық, Кеңесбек атты бауырлары ерді.
Берекелі шаңырақта бірінің артынан бірі дүниеге келген ұл-қыздар өнегелі тәрбие алып өсті. Ер жете келе сол бір тәлімнің арқасында ұл-қыздары да ата-ана жолын жалғап, олар да ұрпақ өсірді.
Албырт та, алғыр жігіт жастайынан сөзі мен ісі бірге шығатын үлкен азаматқа айнала бастады. Керек кезінде жылдам шешім қабылдай алатын, адал да турашыл азамат болып бой түзеді. Обасындағы балалардың тұңғышы болғандықтан оған барлық жауапкершілік жүктелетін. Орта мектепте де сыныптастары арасында батылдығымен, өжеттігімен ерекшеленетін. Өзінен гөрі өзгенің жайын көптеу ойлайтын, дос-жарандарына қамқоршы, жанашыр, тілекші бола білді. Сыныпта қандай да бір тапсырма берілсе, оны орындауға оқушы Мақсат әркез дайын тұратын. Жас та болса үлкен шаруаның басы-қасында жүруге жүрексінбейтін. Осы қасиеттер бозбала, жігіттік шақтан-ақ ширатып, шынықтырып ұжым басқару ісіне жетелегені анық. Оны көпшілік қызмет орнынан гөрі халықтың арасынан жиі табатын. Еңбекқор, еңбегін ешқашан пұлдамайтын адамды қалай сыйламасын ел?!
– Жұртшылық оны "Әкім Мақсат" деп емес, "қамқоз Мақсат" деп атады. Себебі жергілікті басшылардың ығына жүрмей, халықтың ықыласына бөленіп, алғысын алды. Тұрмысы төмен, жағдайы жұтаң отбасыларға көмек қолын созып, тынбай көмек көрсетті. Өзінің қайсарлығымен біраз азаматқа араша түсіп, оларды күштілердің қақпанынан, мықтылардың қыспағынан алып шықты. Жеке басына зияны тиетінін біліп тұрса да, әділдік жағына жүрді, – дейді сыныптас досы Әділхан Медешов.
Жүрегі жомарт, жаны жайдары Мақсат Мусахметұлы іскерлігінің нәтижесінде кент тұрғындары ортасында беделге ие болды. Оның еңбекқорлығы, ізденушілігі қызметте сатылап өсірді. Ол "Мен мынадай қызмет істейін" демеді. Қызмет оны өзі іздеп тапты.
М.Көкеевтің алғаш еңбек жолы 1978 жылы аудандық жинақ кассасында бақылаушы болудан басталды. Кейіннен Отан алдындағы борышын өтеді. Мұнан соң "Қазсельхозтехника" мекемесінде жұмысшы, "Сельхозэнерго" ұжымында шебер, өндіріс инженері, директордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 1995-2001 жылдары көпсалалы коммуналдық шаруашылық мекемесінің бастығы, 2001-2003 жылдары көркейту-көгалдандыру кәсіпорнының директоры, 2003 жылдан өмірінің соңына дейін Жосалы кенті әкімі қызметінде болды.
– Мақсатты 1980 жылдан бастап таныдым. 1987 жылы құрамында 70-80 адамы бар шаруашылықаралық "Сельхозэнерго" мекемесіне директор болып келдім. Сонда қарамағымда шебер болып жұмыс істеді. Кейіннен бөлімше бастығы, директордың орынбасары қызметіне өсті. Кез келген адаммен тез тіл табысатын. Жұмысқа өте тиянақты болатын. Ол кезде шаруашылықтармен тығыз байланыста болдық. Әрбір шаруашылықтағы шопан, малшылардың жағдайын Мақсат бес саусағындай білетін. Ұйымдастырушылық қабілеті мықты еді. Сол тұста мекемеміз бірқатар марапаттарға ие болғаны бар. Ауыспалы "Қызыл туды" 2 мәрте, мекемелер арасындағы "Жарыс жеңімпазы" байқауында да жеңімпаз ұжым атандық. Өкініштісі сол, Мақсат өмірден ерте озды ғой, – дейді Қармақшы ауданының құрметті азаматы Асқар Мереков.
Мақсат Мусахметұлы тазалықты жаны сүйді. Ол қай қызметте де көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстарын бірінші кезекке қойды. Кент келбетін көркейтіп, көгалдандыру – оның басты ұстанымы еді. Сырттан келген меймандар кент келбетіне қарайды емес пе?! Қала берді тұрғындардың тынығып, демалуларына жағдай жасалу керегін жақсы түсінді. Сол бағытта аянбай күш-қайрат жұмсады. Күн-түн демей, тұрғындарды тазалық ісіне жұмылдырып, ұйыстыра білді. Оның басшы болып нұсқау беруден гөрі қолына күрек ұстап, жұмысқа сыбана кірісіп кететін қасиетін үлкен-кіші жоғары бағалайтын. Көркейту, көгалдандыру мекемесін басқарған жылдары біршама істің түйіні тарқады. Түннің бір уағына дейін дарияның басында жүретінін, ертесіне орталық аяқ су жүйесіне су жүріп, жұртшылықтың мәз-мейрам болғанын көріп, өзі де қуанғанын ел аузында жиі айтылады.
Сыр бойындағы Байзақ, Лақбай сынды тоғайлардан шыбықтар қиып әкеліп, аудан орталығындағы көшелерге отырғызғаны бөлек әңгіме. Мәкеңнің айта кетер тағы бір ісі – өз қаражатына электр арасын сатып алып, орталық көшелердегі талдарды балақтап, жасартқаны. Кейде адам қызық қой. Сондай бір сәтте пенделік оймен соғыс және еңбек ардагері Қызылбай Жұбаев атамыз кент әкімінің үйіне әдейілеп барыпты. Сондағысы әкімнің ауласынан әлгі көшелерден қиылған тал бұтақтарын көріп қалам ба екекн деген ой ғой баяғы. Ауласына көз жүгірткен атамыз ондай артық отынды байқамағанын көріп таң қалыпты. Ал, Мақсат ағамыз болса, талдан түскен ағаш бұтақтарын бұтатып, жағдайы төмен отбасыларын таратып бергізіпті.
Саламатты өмір сүру қағидасы барлық қоғамда өзекті. Жан мен тәннің сұлулығын көбіміз спорттан тауып жатамыз. М.Көкеев те спортты жанына серік еткен жан болатын. Ол "Ғасыр спортшысы" атағының иегері, аудан спортының атасы атанған марқұм Жарболсын Құндақбаевтың үкілеген шәкіртінің бірі болды. Спортпен жастайынан шұғылданды. Жаттықтырушы ағайы ешнәрседен тайсалмайтын, жасқануды білмейтін батыл тінезді шәкіртінен үміт күтті. Әсіресе ұстазына томағасын сыпырған бала қырандай алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын, қай бір қиыншылыққа да төзе білетін жаурыны қақпақтай, білегі қорғасындай жас балуан әркез жақсы ой қалдыратын. Иә, нағыз күш атасына лайық болмыс пен пішін. Араға көп уақыт салмай-ақ Мақсат ұстазының төккен тер, еткен еңбегінің қайтарымын бере бастады. Жасөспірімдер арасында классикалық күрестен үш дүркін облыс жеңімпазы биігіне көтерілді. Үш мәрте оқушылар арасында еркін күрестен облыс жеңімпазы атанды. Ол спорт деген бір сиқырдан бір демде ажыраған жоқ. Күрестен спорт шеберлігіне үміткерлікті қорғап шықты.
Уақыт – көш. Зулап жылдар, көз ілеспес күндер өтуде. Абзал азамат ортамызда болмаса да оның көзінің ағы мен қарасындай болған Мөлдірі мен Жасұланы ер жетіп, әке есімін ардақтап келеді. Асқар тау әкенің өнегесін бойларына сіңірген ұл мен қыз бүгінде өздері де ата-ана атанып, бір-бір мамандықтың шебері. Ағамыздың жары, балалары мен немерелерінің асыл анасы Гүлжан Байқожаева перзенттеріне деген аналық махаббатын бәрінен жоғары қояды. Кішкентай немерелерінің қызық-қуанышына бөленіп, ел дамуының нығаюына үлес қосып жүрген балаларының тілекшісі.
Мақсат Мусахметұлының есімін ұлықтап, жасөсіпірімдер мен жастар арасында үлгі, өнеге ету және бұқаралық спортты насихаттау мақсатында жыл сайын кентімізде футболдан аушық турнир ұйымдастырылып тұрады. Қазіргі пандемиялық жағдайға байланысты тоқтап тұрғаны болмаса бұл спорт додасынан талай жас дарынның түлеп шығып жатқаны анық.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

10 наурыз 2021 ж. 903 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031