» » Шынарбай баба хақында не білеміз?

Шынарбай баба хақында не білеміз?


Бірде архив құжаттарын ақтарып отырғанымда билер тізімдерінің арасынан 5-6 таныс есімдерін көзім шалды. Нақтылау мақсатында құжаттарға қайта үңілдім де, түсіндім. Тіпті олардың ұрпақтарын білетіндігім еске оралды. Сонымен Шынарбай баба өмір жолына оралайын. Көп нәрседе Шежіре–тану ісімен айналысқаным жәрдемге келеді. Ойлана келе ХХ ғасырдың 80-90-шы жылдарында таныс, біліс, аралас-құралас болған Болатбек Сүлейменов пен Сәден Нұртаевтардың бабалары екенін сездім. Сездімде, ата-тек шежірелерді қарап, олардың тарқатылған бабаларын біле алдым. Арғы бабалары Қарабазардың Байбөрісінен – Жаубөрі – одан Қожамжар. Қожамжардан –Сатыбалды- одан Ердес, Көбес тараған. Сатыбалдының зайыбы Башқұрт қызы – Фатима Зарифолла Ишанның қызы. Қазақтар Башқұрттарды Естек деп атаған.
Маған бір таңқаларлығы Б. Сүлейменов пен С. Нұртаевтардың екеуі де көне сөздерді көп білетін, ақын-жыраулардың жырларын құмарта тыңдайтын жандар болатын. Талай рет кездесіп, әңгімелескенде елге танымал тұлға болған би бабасы Шынарбай туралы сөз етпегені мүмкін кеңестік саясаттан қорыққаны болар.
Хош, сонымен негізгі кейіпкерім Шынарбай бабаның арғы тегі Қарабазар Кетенің Сатыбалдысынан басталады. Сатыбалдының әйелінің бірі Башқұрт (естек) қызы болса керек. Ауызша шежірелер солай дейді. Сол Естек қызы Фатимадан – Ердес, Көбестер тараған. Олар аққұба, өңді, сұлу жігіт болып өседі. Оларды айналасындағылар анасына ұқсатып жатады екен.
Ердеспен бірге туған Көбестің бір баласы Қарабай. Ол Сыр мен Қарақұм арасындағы көші-қон жолдарын белгілеп (адамдар адаспау үшін Т.Д.) омақа үйіп, сексеуілден белгі жасап, жолай құдық қазып отырады екен. Сондықтанда ел арасында «Шөл Қарабай», «Cулы Қарабай» деген жер атаулары Қарабай қарттың көзі тірісінде-ақ аталған көрінеді. Қарабайдың немересі болып келетін Мария 1973 жылы «Жаңақала» ауылында қайтыс болып, сонда жерленген.
Ердестен – Шынарбай, Құнанбай, Мұнарбайлар өмірге келеді. Олардың бәріде ауыл молдасынан білім алып мұсылманша сауатты болған деседі. Сәнді киініп жарақты ат мінген жігіттердің сол тұстағы қазақ ауылынан той-думан көрігін қыздырғандардың бірі болғаны анық.
1868 жылы Перовскі уезіне қарасты болыстықтардағы ауылдардың қысқы қонысы жайлы және 1872 жылғы мәліметтерде: Айбақ Бейісов, Қуанышбай Ерназаров, Шораяқ Балжанов (атақты ақын Омардың әкесі Т.Д.), Қуанбай Құнанбаев тағы басқалардың есімдері жүр. Осындағы Құнанбай есімі Қарабазардың шежіресінде аталмаған. Құнанбайдан ұрпақ жоқ деп жазылыпты, демек, шежіре тарқатушылар оны білмеген, болмаса ертеректе қайтыс болған немесе ұл болмағандықтан тарқатылмай қалған деуге болады.
Мұнарбайдан – Бақтыбай, Жақсыбай, Төремұрат, Самырат т.б. ұрпақтар өсіп, өркен жайған. Осындағы Төремұрат пен Самырат Ырғыздағы атақты би Алмат сардардың балаларының атын қойыпты. Демек, Мұнарбай баба балаларына солардай елге белгілі азамат болсын деген ниетпен, ырымдап қойған болар. Өз кезегінде Мұнарбайда елге сыйлы, кісі болыпты. Онымызды Мұнарбай мұнарасы растай түседі.
Ауызша жеткен әңгімелердің бірінде 1841-1843 жылдарда Қарақұмды жайлап отырған Шынарбай ауылына бір топ аттылы жігіттер келіп, өздерін Наурызбай батыр жібергенін, елден жылқы жинап жүргенін айтса керек. Олардың мақсатын түсінген Шынарбай би оларды өз үйіне шақырып, қонақ етіп, әңгімелесіп, келген жігіттерге мініске жарамды аттар беріп жіберіпті. Әңгімені тарқатушылардың (пайымдаушылар) егер ханның бұйрығын орындамаса, ауылы шабылатынын және ел тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген ханға көмегіміз болсын, - деп ақылды шешімімен ауылын осылайша қорғап қалған деседі. Осы жылдары шынында да Қарақұм жайылымдарында Кете-Шөмекей байларының табын-табын жылқыларының жүргенін архив жазбаларында кездестірдік. Демек, ауызша әңгіме рас болғаны. Бұған қоса 1845 жылы Кенесары хан Сырдың орта және төменгі ағысында тұратын рулардың белгілі адамдарына арнайы хат жазған; Елкей сұлтанға, Тоғанас, Байқожа, Құлдай Ордабаев тағы басқа билерге өзіне күш-көлікпен жасақпен көмектесуді сұраған. Жоғарыдағы адамдардың арасында Шынарбайдың есімінің жүруі көп нәрсені аңғартады.
Ш. Ердесовтың есімі 1851 жылғы архив құжатындағы тізімде кездессе, 1862 жылы №383 қордағы іс-қағаздарда бір топ билер тізімінде ... Қаракете руының биі Чинарбай Ирдесов (Ердесов) –тың патша наградасын алғандығы жөнінде, бұрындары Орынбор және Самара генерал-губернаторының “орыс үкіметіне адал қызметі” үшін сыйлыққа ұсынылған құжаты да бар екен. Осындағы №27 тізімде күміс шашкіні (қымыз ішетін Т.Д.) алғаны туралы Шынарбай мөрін басып растаған. Онымен бірге осындай сыйлықты Сарыбай руының биі Жанту Өтекеев, Мәжен Шымыров, Сарғасқадан – Өтеп Қарашин (Қараша ұлы), Құлыс кетеден Малғара Түзелбаев, Ақкөбек кетенің биі Аймырза Қосқадамовтар алғандығы жайлы таңбаларын басса, біздің кейіпкеріміз Шынарбай Ердесов мөрін басқан. Демек, жұртшылықтың аузында жүрген Шынарбай “мөрлі би” аталғанын осы жерде анықталғандай.
Ш.Ердесов патша әскерлеріне күш-көлікпен (түйе) көмектескен. Қосқорғанды алуға да араласқан сияқты.
Шынарбай есімі үшінші рет “Материалы для статистики. Туркестанский край. Выпуск 1, 1872” жылғы кітапта көрініс табады. Перовскі уезіне қараған Шаған болысында Қаракете руының 500-ден астам шаңырағы тіркелгенін және олардың қыстаулары: Шынарбай, Әулие сексеуіл, Тұздың құмы т.б. жерлерде қыстап отырғаны жазылған. Ердесұлының сол кезде бір ауыл болып, ол Шынарбай аталғанын оқи аламыз. Бұл деректер XIX ғасырдың орта кезінде-ақ Шынарбайдың билік басында болғандығы тағы да нақтылай түседі.
1836 жылғы Саржанның қазасынан кейін Кенесарының орысқа өшпенділігі артып, жаңылыс жасалған барымтаның кезінде Кете-Шөмекей тайпасының жайсынында жатқан малын жасауылдар қуып кетсе керек. Бұл шаруаға наразы болған Шөмекей Өтетілеу би Кетебайұлы (жас болса да, аты шыға бастаған Қарабазар Кете Ердесұлы Шынарбай биді (шамамен 1818-1885) шақыртып, былай дейді: «Шақыртқандағы жұмысым сені қиындау іске салғалы отырмын. Сен оны естідің бе, естімедің бе? Кенесарының жігіттерімен елге шабуыл жасап, малдарымызды қуып әкетіпті, соның дауына барасың. Дайынсың ба?» депті. Шынарбай баруға дайын екенін айтады. Шынарбайға кетерінде Өтетілеу: «Қасым ханның баласы Наурызбайға барып кел, Ел арасындағы оқиғаға бастан аяқ қанып кел, Ағайын арасында араздық болмасын, Оны есіне салып кел. Берері болса, алып кел. Алары болса, беріп кел. Сыйлығы болса, көріп кел, Зорлығы болса, көніп кел, - деген екен. Осы сөзден соң Шынарбай бабамыз бірнеше күн жол жүріп, ханның ордасына жақын барып: «Хабарлас» деп, үй сыртынан дауыстайды. Сол кезде қарауылы тысқа шығады. Қарауылдан Шынарбай «Наурызбай батыр бар ма?» деп сұраса, қарауыл «бар» деп жауап қайтарыпты. Қарауыл барып айтқан соң, ордадан Наурызбайдың (1822-1847) өзі шығады. Сонда Шынарбай Наурызбайға: «Атаң Абылайдың хандығын әкеден естіп, қанып едім, өз әкең Қасымның (шамамен 1750-1840) тұсында шыбық мінген бала болсам да, көп нәрсені шалып едім, енді бүгін сенің алдыңа келіп, өрістегі малыңнан өз малымды танып келдім» депті. Наурызбай жігіттері Шынарбайды атынан түсіріп, ордаға алып барыпты. Барса, ханның ордасында адам толы, өзіне лайық орнын алып, жайғасқасын жай-жағдай сұрасып, аман-түгелін білгесін, Шынарбай би жиылған көп арасында сөз бастапты деседі: «Сен хан баласы болғанмен, атаңа тартпаған екенсің. Атаңа тартсаң, атқа отырса, әруақтанып кететін Қазақтың биін үш қырдың астынан қарсы алуың керек еді» дейді. Наурызбай: «Айтқандарыңның бәрі жөн, атама лайықты ісім болды ма? Оны білмедім. Алдыңнан өзім шығып, атыңның басынан жігіттерім ұстап, қолтығыңнан демеп түсірді. Бұл – бір қырдың астынан қарсы алғаным емес пе?! Өзім, есік ашып кіргіздім. Бұл – екінші қырдың астынан қарсы алғаным емес пе?! Құшақ жайып қарсы алдым. Бұл – менің үшінші қырдан қарсы алғаным емес пе?! Атағыңды, замандастығыңды сыйлап, құрметтедім. Бұл – төртінші қырдан қарсы алғаным емес пе?! Жылы шыраймен қарсы алып, еткен қызметіне риза болған Шынарбай би: «Замандастығымды алдыма тартып, бір шаруамен алдыңа келдім» дегенде, Наурызбай ойланбастан: «Келгенің жан жайында болса, қасыңнан табылар. Егер де мал жайында болса, алдыңа салынар. Алаңдамастан құрметті қонағым бол!» деген екен. Батыр Шынарбай замандасының үстіне шапан жауып, астына ат мінгізіп, қара нарға қалың кілем жауып, жетектетіп, қасындағы жігіттерге малын айдатып, еліне қайтарған екен. (Бұл әңгімені ел аузынан жазып алған белгілі жырау - Берік Саймағамбетов).
Ш. Ердесовтың інілері болып келетін Мұнарбай, Құнанбайдың олардан тараған Бейіс Бекбаевтың есімдері 1868 жылғы архивтық құжатта көрініс береді. Олардың барлығы да Ирдесов (Ердесов) болып жазылыпты. Ердес бабада ауылдастарына басшылық еткен, игі жақсылықтардың бірі: ұрпақтарының біразының Ердесов болып жазылуы, осы ойымызды айқындай түседі.
Бабамыз Шынарбай шамамен 1818-1820 жылдары баласы, Бекбай 1841-1842 жылы өмірге келген болар. Ал, Бекбайдың баласы Жайсаң (ата) 1870-1871 жылдарда, оның баласы Сүлеймен 1894, Нұртай 1898 жылы дүние есігін ашады. Сүлейменнің ұлы Болатбек – 1938 жылы, Нұртай баласы Сәден 1930 жылы туған. Олардың негізгі тұрағы «Бақанды-Бәйтерек», «Ақтайлақ», «Көктөбе» өңірі болғанға ұқсайды.
Шынарбай би өз замандастары Кете-Шөмекейді басқарушы ретінде танылған Сарыбай – Сәдір би мен Сойырғас кете – Бекмырза, т.б. билермен қанаттас, сыйлас болып жүрген деседі.
Елге белгілі болған бабасы Шынарбай хақында Сәден мен Болатбек ағалардың білмеді деуге әсте болмас. Осы тұста олар жерленген жерде мал бағып отырған бақташылар ауылының баласы Тоғанас Сарыбаев былайша әңгімені өрбіткен-ді .... “Бірде үйіміздің қасына жеңіл көлік келіп тоқтады. Көліктен Қармақшы аудандық партия комитетінің II-хатшысы Болатбек Сүлейменов түсіп келе жатты. Күз айы еді. Малдың қонысын аралап көруге мені қасына ертіп алды. Қораларды көріп болғаннан кейін, жайлап қос төбешікке беттеді де жақындап барып, Құран бағыштады. Бұл төбешікте бабаларым жатыр - ғой дегені әлі есімде, қасында Бекен есімді шопыры болды-ау деймін. Кейіннен білдік, - осы төбешікте Б. Сүлейменовтың қос бабасы жерленген екен”.
Шынында ды Сәкең мен Бөкең де сөзге жүйрік, ел мен жер тарихын жетік білетін ағалар еді. Олардың аузын байлап, аяқтарын тұсаған – кеңестік саясаты демекпін. Соның өзінде партия солдаты Б. Сүлейменовтың үнсіз Құран оқуы (қасына бөтен адамды ертпеуі Т.Д.) бабаларына деген сағынышы, құрметі болар.
Тұрмағамбет ауылының сол кездегі балаң жігіті, бүгінде белгілі ауыл ақсақалы болып отырған Тоғанас Сарыбайұлы арқылы Шынарбай мен Мұнарбайлар жайлы аз-кем деректерді білдім. Тоғанастың (батырдың есімі қойылған Т.Д.) қосымша атауынша, сол төмпешік, - деп отырғанымыз биіктеу жерге салынған Шынарбай мен Мұнарбайдың мұнарасының құлаған орны екен. Ол Шынарбай мұнарасын көрмегенмін, ал Мұнарбайдың мұнарасы 1964-1967 жылдарға дейін тұрғанын, кейіннен құлап қалып, қазіргі бейнеде екенін айтады. Суреттерін де түсіріп жіберді. Айтуынша мұнаралардың нақты орны: Тұрмағамбет ауылынан шығысқа қарай 10-11, Ақжар ауылынан батысқа қарай 11-12 шақырымдай жерде қалдықтары сақталған.
Мұнаралардың құлауы біріншіден қам кесектен салынғаны болса, екіншіден Құмтөбенің етегінен құм-топырақты қазып алуы, үшіншіден айналасына күріш егістің егілуі де себеп болғанға ұқсайды. Қалай дегенмен мұнаралар құласа да орны жатыр, маңында қорым да бар екен. Шынарбай мұнарасы маңы жас сексеуіл орманы, қарабарақ, жыңғыл, шеңгел, қамыс өседі. Мұнарбайдың құлаған мұнарасының айналасында да (екі бұрышында) сексеуіл т.б. өсімдектер мен шөптер өсіпті. Демек, мұнара маңында олардың бабалары Ердес, Бекбайлар жерленген болуы керек. Өйткені қазақ халқы қаза болған кісіні бабалары жатқан қорымға жерлейтін.
Бірде Майлыөзек басында отырған Шымыр бидің ауылына қос аттылы ат-басын бұрып, мама ағашқа келіп, күтушілер қонақтардың аттарын байлап, үйге бастайды. Үлкен үйге Ассалаумағаләукум, - деп кірген қонақтарды төрге шақырған үй-иесі Мәжен би, - осы Ердес ағаның Шынарбайы боларсыз, -дегенінде, қоныс бөлек, сирек кездесеміз, танымай қалғаныңыз содан болар, - дей отырып әңгімелерін өрбітеді. –“Маке, жоқ қарап шығып, ауылыңызға келіп қалдық. Жоғымызды түгендеп қайтамыз” депті. Сонда Мәжен «...ағаның үйі ақжайлау деген», кең отырып әңгіме құрайық, жоғыңның ізі келсе, табылар”. Сонымен әңгіме қызған шақта үйге енген жігіт ағасы әңгімені тыңдап отырып. ”Шынар десе Шынардай екен, оның үстіне аққұба өңің, өзіңізге әр беріп тұрғандай деп әзіл қашырады. Сөз мәнісін түсінген Шынарбай: “Әй, Әзірбай, әзір жауап інім, сенің азан шақырып қойған есімің Әзірбай аталмай, бұл күнде жеңгелерің қойған Әзілкешпен танылдың. Байқағаныңдай әжем аққұба өңді болыпты, түрім шешеме, мінезім әкеме ұқсаса, несі айып” дегенінде, жиналғандардың бәрі дұрыс жауап деп дуылдасып кетеді.
Азғана сөзбен, келген жұмысын ұрыс-керіссіз бітірген Шынарбай бабаның билігінің бір сәті осылай. Ш. Ердесұлының мұнан да басқа билік сөздері, кесім-пішіндері болған деседі. Оны зерттеуіміз керек.
Шынарбай баласы – Бекбай: Бекбай да әкесінің жолын қуып, ел ақсақалы атанған, тұғырлы сөзді кісі болыпты. Оның есімі 1868 жылғы архивтық құжатта кездесті. Кейіннен Шынарбай – Бекбай ауылы аталған ауылдастарын басқарып, ақсақал атанған кісі екен. Намазын қаза етпеген, сопы кісі болыпты. Ол кісі шамамен 1841-1842 жылдарда туған.
Бекбай баласы – Жайсаң да арғы-бергі бабаларына ұқсаған, ақсары келген, табанды, жігерлі, қажырлы кісі болған деседі. Бойы ортадан жоғары, толық денелі, палуандыққа түсіп, палуан атанған екен. Шөберелері Жайсаң бабасының қайратты кісі және намысшыл адам болғандығын айтады. Ол кісі аңшылық пен құс салу, ат баптауды ұнататын болыпты. Балалары күресте жығылып қалса, намыстанып, олардың батыр да, батыл да болып өсуге тәрбиелепті.
1928-1929 жылдардағы байларды тәркілеу іле-шала «Тоз» артелдер, кейін колхоздастыру кезінде қудалаудан қашып, Жайсаң қария Қызылқұм арқылы Шобан қазған тұсынан Өзбек жеріне барып бой тасалайды. Орныққан жерлері «Зербұлақ» ауылы маңы екен. Жайсаң балалары «Зербұлақтағы» теміржолда теміржолшы болып, от-бастарын асырайды. Осында Жайсаң баба дүниеден озып, «Дарайтұт» деген жерде мәңгілікке қалыпты.
Жайсаң балалары Сүлеймен мен Нұртай туралы жазғанда, ең алдымен үлкені Сүлейменнен бастайтын. Сүлеймен 1894 жылы Ақтайлақ, Бақанды өңірінде туса керек. Ауылындағы атақты ахун атанған Алдашбай Ерназаровқа шәкірт болып, діни білім алады. Кейіннен сауат ашу курсында оқыған. Алған діни білім мен ата-анадан алған өнегесі оны өте әдепті, сыпайы болып өсуіне ықпал етеді. Жайсаң баба мен Шомша анадан Сүлеймен, Нүртай, Аманжол атты ұлдары мен қыздары болған.
Жұртшылық Сүлейменді Сопы, кейде «ауылнай» атандырған. Ол колхоз құрылысына, кеңес қызметіне белсене араласқан. Кейіннен қудаланып өзіне жала жабылып, жан сауғалап, арып, ашып, өзбек жерінде күн көреді. Сүлейменнің үлкендері қыз балалары: Рабиға, Бибісара, Жамал, Күлшарипа, Әсия, Болатбек. Асантай, Алтынбек, Опабек тараған. Сүлеймен бабаның үлкені Рабиға – 1925 жылы, ол Қожагелді руының азаматы Бодан мен бас қосып, бақытты өмір сүрген.
Рабиға қызы ауыл-аймаққа белгілі ана атанған. Сүлеймен атаның зайыбы атақты Жәрімбет сарғасқа Шоқай қажының немересі Назым Әлиасқарқызы. Апамызды көзіміз көрді. Олар колхоз шаруашылығында еңбек еткен. Сүлеймен 1970 жылы, Назым апамыз 2000 жылы өмірден өткен, Қармақшыдағы қорымға жерленген. Шоқай – одан Қали, Әлиасқар. Әлиасқардан – Жәлен, Назым, Мәлік. Мәліктен – Әмина, Қалидан Төкеш туған.
Жайсаң бабадан тараған Нұртай мен Сүлеймен де өз уақыттарында еліне қадірменді болыпты. Нұртай Жайсаңов 1898 жылы туған. Ол 1942 жылы Қармақшыдан соғысқа аттанып, алғашқы ұрысқа Ленинград түбінде қатысқан. 1943 жылы Н. Жайсаңов Синявино қалашығы үшін болған ұрыста қаза табады. Әке орнына әке және аға бола білген Сүлеймен ақсақалдың Нұртайдан тараған ұрпақтардың азамат болып өсуіне бүгінгі дәрежеге жетуіне еңбегі ерекше болыпты. Оны С. Нұртаевтың естелік жазбаларынан оқуға болады. Нұртай отбасы да 1929-1930 жылдарда Өзбекстан жеріне ауып барады. Сонда 1933 жылы өмірге келген баласын Өзбекбай атандырған. Елге 1935-1936 жылдары оралып “Көктөбе” колхозында бригадир болып еңбек етеді. Нұртайдың жары Арбалы-Керейт Рабиға Есқарақызы 1947 жылы науқастан қайтыс болады. Нұртай ұрпақтары “Көктөбе” колхозында еңбек етіп, сонда тұрыпты. Қасиетті кісі болғанға ұқсайды.
Сәденнің талмай зерттеуі мен ізденуінің нәтижесінде Нұртай Жайсаңовтың қаза болған жерін анықтайды.
НҰРТАЙҰЛЫ Сәден – Ән мен жыр қонған Кете тайпасындағы Нұртай атты ер мінезді адамның шаңырағында 1930 жылдың 15 қарашасында дүниеге келеді. Нұртай ақсақалдан Сәден, Өзбекбай, Әбілақұл, Қоныскүл, Шәкәркүл өмірге келеді. Сәкең де басқа да ауыл балалары сияқты асық пен доп-таяқ ойнап, қозы қайыру, шөп шабу, отын әкелу сияқты жұмыстарды атқара жүріп, ел ішіндегі белгілі жыраулардың жырларын тыңдап, ғұламалар туралы әңгіме-аңыздарды естіп біліп, көбін көкірегінде сақтады. Содан болар, ел тарихы, дін басы туралы әңгімелер басталса-ақ болды көкірегі желдей есіп кететін. Әрине, басқалардан көп білетін, ойландырған тақырыбына терең бойлаған адамның өзгелерден ерекше сөздерімен танылып қалатыны заңдылық тәрізді. Ашық та ақжарқын ағамыз Сәкеңнің әңгімесі мен дастарханына көптеген адамдар келетін. Солардың бірі - осы жолдардың авторы еді.
Әкесі соғысқа аттанған Сәден Нұртайұлы еңбекке өте ерте араласады. 12 жасында ауылдағы поштада қызмет жасап жүріп, «генераль пошташы» атанды. Себебі, үлкендерден көргені мол бала Сәден ауылға «қарақағаз» келгенде қаралы үйге ата-баба салтымен үлкендерді ертіп барып, естіртуді дағдыға айналдырған. Бұл 12 жасар Сәденнің үлкен көрегенділігі мен ата-бабадан келе жатқан тектілігінің бір көрінісі еді.
Туған ауылында 1948 жылы орта мектепті жақсы бітіріп шыққан
С. Нұртаев кейіннен Қызылорда қаласындағы бұрынғы Гоголь атындағы (Қорқыт ата атындағы) педагогикалық институтқа түсіп, 1955 жылы тарих факультетін бітірген соң- ақ Чкалов атындағы мектепте ұстаздықтың қиын да күрделі қызметін бастайды. Ара-тұра аудандық партия комитетінде қызмет атқарғаны болмаса, негізінен 40 жылдан астам ұстаз болды. Бүгінде оның шәкірттері республикамыздың кез-келген өңірінен табылып, олар ұстазына деген сағыныш сезімін білдіріп жатады.
1996 жылы Сәкең қаламынан «Ислам және Марал баба», 1997 жылы «Дін кереметі» атты кітаптар дүниеге келді. Аталған кітаптарында адамзат тарихындағы діндердің ара салмағы, Ислам дінінің тарихы және оған тән ерекшеліктері туралы көңілге қонымды ой қозғаған.
С. Нұртайұлы Қорқыт ата, Қармақшы өңірінде өмір сүрген ірі дін өкілдері жайлы зерттеп, бірнеше танымдық мақалалар жазды. Сондай-ақ ол Марал баба, Мүсірәлі Сопы-Әзиз, Алдашбай ахун, Төребай сияқты қайраткерлерге ескерткіш орнатудың басы-қасында болды.
40 жылдан астам хабарсыз кеткен әкесі Нұртайдың қабірін табуда көп ізденді. Ақыры әке жатқан жерді тауып, бауыры Болатбек, інісі Әбілақұл мен баласы Ырзақұлды бастап барып, туған жер топырағын әке қабіріне жеткізіп, әке әруағына құран бағыштап, басына ескерткіш белгі орнатты.
Жайсаңов Нұртайдың ерлік істеріне құрметпен қараған жерлестері Сәден тұратын көшеге Нұртай атын берді. Сәкең әкесі Нұртайға ас беріп, көшені жөндеуге кірісті. Бүгінде Нұртай көшесі Қармақшыдағы ең тәуір көшелердің бірінен саналады.
Сәкең өз теңін тауып қосылған жан. Киікші Кете ұрпағы Жалғасқызы Ақбалыш апамыз ерінің үйде бар-жоғына қарамастан, қонақ күте білген қазағымның қадірменді анасы, жоғары білімді ұстаз, зейнеткер. Әрдайым Сәкеңнің қасынан табылып, сүрінгенде демеп, ақылына ақыл қосып отырған үлкен шаңырақтың киелі анасы бола білді. Асыл ана 2017 жылы дүниеден озып, отағасының қасынан орын алды.
Сәден ағамыздан Әбдірахман, Қадиша, Бақытжамал, Клара, Ырзақұл өсіп-өрбіген. Балаларының барлығы да жоғары оқу орындарын тәмамдаған.Олар бүгінде еліміздің тәуелсіздігінің баянды болу жолында еңбек етуде. Ырзақұл республикалық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік қызметтерді атқарды, бүгінде кәсіпкер. Қыздары Қадиша, Бақытжамал, Клара емшілікпен айналысады. Арғы бабаларында болған қасиеттер Сәкеңнің қыздарына дарыса керек. Қадиша Ақтөбеде, Клара Маңғыстауда емшілік кәсіппен айналысып келеді. Олар турасында жекелеген жинақтар мен газет-журналдарға бірнеше мақалалар жазылған. Халық емшілері орталығының ашылуының он жылдығына орай Қадиша мен Бақытжамал «Құрметті кәсіби емші» атағына ие болды және мерекелік медалімен марапатталды.
С. Нұртайұлының көп жылғы еңбегі еленіп «Оқу ісінің үздігі», Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Ол зейнеткерлікке облыстық дәрежеде шыққан-ды. 2002 жылы өмірден озды. Ибрагим Бекмаханов өз өлеңінде:
...Кітап жазды ишан, пірді тірілтті,
Одан ұрпақ таңғажайып сыр ұқты.
Туған жердің туын тіккен бұл Сәкең,
Туған жердің қойнын сөзбен жылытты.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған Сәден Нұртайұлының есімі мен еңбектерін кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында жыл сайын туған жерінде республикалық, облыстық деңгейде пәндік олимпиада ұйымдастырылуда.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы жастарға отаншылдық тәрбие бере отырып, олардың бойында төл тарихымызға деген мақтаныш сезімін ұялатуды ерекше атап көрсеткен. Осы мақсатта «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша педа-гогикалық қызметкерлердің білік¬тілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Қармақшы ауданы Ақжар ауы¬лындағы №28 орта мектепте КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы Сыр өңіріндегі цифрлық форматтағы алғашқы 2018 жылы облыстық, 2019 жылы Республикалық деңгейде оқушылардың олимпиадасы өткізілді.
Сәден Нұртайұлының ұрпақтары атынан баласы белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері Рзақұл Нұртаев Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте Сәден Нұртайұлы атындағы тарих кабинетін жасақтап, оны соңғы үлгідегі оқу құралдарымен және интерактивті тақтамен жабдықтап, мектеп ұжымына Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын және түрлі бағыттағы кітаптарды тарту етті.
2018 жылы Сәден Нұртайұлының барлық еңбектері жинақталып, «Кең даланың ұлылығы» деген атпен жарық көрді.
НҰРТАЙҰЛЫ Өзбекбай 1933 жылы 13 қаңтарда Өзбекстанның «Зербұлақ» ауылында дүниеге келген. Өзбекбай Нұртайұлы еңбекке ерте араласқан. Ұлы Отан соғысы басталған жылы ол мектепке жаңа барып жүрген сегіз жасар бала еді. Әкесі Жайсаңов Нұртай көп ұзамай майданға аттанды. Сол жылдары жас та болса Өзбекбай колхоздың егіс даласында масақ терді. Малшыларға қолқанат болып, жас төлдерді күтуге көмектесті. Оның тындырымды еңбегіне үлкен кісілер өте риза болатын. Сөйтіп, 1945 жылы соғыс жеңіспен аяқталған кезде он екі жасар Өзбекбай жастығына қарамай колхоздың мүшесі болды. Ал, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде бел шешпей еңбек етіп, озаттардың қатарында жүрді. Оның 1983 жылғы сәуірдегі облыстық «Ленин жолы» газетіндегі өміржолында былай делінген: «Өзбекбай Нұртаев бір кезде ат тұяғы күйетін, құс қанаты талатын Қызылқұм өңіріндегі «Жаңақала» совхозы «Кекірелі» бөлімшесінің тәжірибелі де озат шопандарының бірі. Ол екінші тыңның ерен еңбеккерлерінің бірі. Мал өнімдерін мол өндіруде биік көрсеткіштерді бағындырып жүрген ол өз әріптестерінің орынды құрметіне бөлініп келеді. Озат шопан халық қалаулысы. Ол облыстық Советтің депутаты.
Әр жүз саулыққа 141,7 төл өргізіп, мол табысқа кенелуде. Мал басын өз төлі есебінен мұрат тұтатын ол 384 қозыны тірі сақтауда», - деп айрықша атап көрсеткен.
1982-1985 жылдары озат шопан Өзбекбай Нұртаев облыстық кеңестің депутаты болып сайланып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан.
Озат шопан Өзбекбай Нұртаевтың есімі аудан ғана емес облыс көлемінде кеңінен мәлім болды. Өйткені ол жыл сайын саулық қойлардан қозы алу, мал басын аман сақтау, малдан жүн, қаракөл елтірісін, ет өндіру жөнінде талай биік табыстарға жетіп жүрді.
Өзбекбай Нұртаев «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі және Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс, қола медальдарымен және Қазақ ССР ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен наградталған.
№3 ферманың озат шопаны Нұртаев Өзбекбайдың құрметіне берілген «Кекіреліден» 32 шақырым солтүстікте орналасқан «Өзбекбай бұлағы» бар.
Оның осындай табыстарға жетіп, құрметке бөленуіне жұбайы, көмекші шопан Гүлсінай Дәрібайқызының да үлесі мол болды. Гүлсінай Дәрібайқызы 1939 жылы 20 наурызда Қармақшы ауданы Ленин ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ол жемісті еңбек етуімен қатар 12 бала тәрбиелеп өсірген Батыр Ана. Балалары: Ғани, Қанымкүл, Қанымай, Қази, Қазыбай, Ханзада, Бақыткүл, Құралай, Лаура, Бекзада, Шахарбан, Ерлан, барлығы да жанұялы, өсіп-өнген жандар.

НҰРТАЙҰЛЫ Әбілақұл 10 наурыз 1938 жылы дүниеге келген. 1945 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Ворошилов атындағы мектепке барып 01.07.1955 жылы бітірген. Еңбек жолын 1956 жылы Ленин совхозында жүргізуші болып бастаған. 1961-1963 жылдары Октябрь совхозында жүргізуші болып жұмыс істеген. 1963 жылы Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, 1969 жылы зоотехник деген квалификация алып жас маман зоотехник дипломымен ІІІ Интернационал колхозына бас мал дәрігері болып ұзақ жыл қызмет еткен.
Әбілақұл Нұртаев 1985-1987 жылдары Қармақшы ауданының Халық депутаттарының Қашқансу ауылдық Советінің депутаты болып сайланған. Зейнеткерлікке шыққанға дейін мал шаруашылық саласының өрлеуіне лайықты үлес қосып, еңбегі бағаланып В.И. Ленинннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Жұбайы Әлишәріпова Айтанмен бірге жеті ұл тәрбиелеп ұлын ұяға қондырған бақытты жанұяның отағасы. Балалары: Мырзақұл, Қаныш, Қайыр, Алматбек, Бақытжан, Бақытбек, Нұрлыбек барлығы да өсіп-өнген жандар.
Елге танымал, досқа адал, өз маманың шебері Әбекең қай ортада болса да сыйлы болды. Оның қарапайымдылығы мен жүрегінің тазалығы бір төбе. Осындай халқына адал, еңбекқор жанның ерекше қасиеттері ешуақытта да өшпейді, әрдайым ел жадында сақталады.
СҮЛЕЙМЕНОВ Болатбек хақында замандас, ақын інісі Ибрагим Бекмаханұлы былайша жырлапты.
Кеңдік бар батырға тән тұлғасында.
Мұндай жан азау сірә, бұл ғасырда.
Көненің көзін көріп, сөзін терген.
Бөкеңдер жатады ғой шын асылға.
Болатбек Сүлейменов 1938 жылы қазіргі Тұрмағамбет ауылы төңірегінде туған. 1946-1956 жылдары мектеп оқушысы. 1956 жылы Қызылордадағы техникумының агрономдық бөліміне түсіп бітірген.
1959 жылы өз ауылы, бұрынғы Ленин атындағы (Тұрмағамбет ауылы ) кеңшарға кіші агроном болып келген жас маманды ауылдастары құшағын жая қарсы алады. Сол жылы ауылда егін бітік шығып, Болатбек Сүлейменовтың есімі ауданға белгілі бола бастады. Аудандық комсомол комитеті оған үлкен сенім көрсетіп, қызметке шақырды. Нұсқаушы, сектор меңгерушісі деген жауапты жұмыстарды атқарған Болатбекті өз мамандығымда еңбек етсем, білікті агроном болсам деген ізгі тілек егін даласына қарай қайта тартты да тұрды. Сөйтіп, ол сол жылдары аудандағы көкөніс, бақша дақылдарын өсіруге маманданып жатқан «Октябрь» (қазіргі Иіркөл ауылына ) кеңшарына агроном болып барды. Кейіннен №149 кәсіптік-техникалық училищеге агрономия пәнінен сабақ беретін ұстаз болды және Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттік Ауыл шаруашылығы институтының агрономиялық факультетіне сырттай оқуға түсіп бітірген, Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқыған.

1965 жылы Болатбек Сүлейменов аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1966 жылы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. Ал 1967 жылы ол қайтадан өзінің туған жері Қармақшы ауданына жұмысқа жіберіледі. Аудандық Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып төрт жылдай қызмет істеген Болатбек аудан өмірінде орын алған кемшіліктерді жөндеу, болдырмау жолында мақсатты жұмыстар жүргізді.
1971 жылы Бөкең білікті маман ретінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне жоғарылатылды. 1980 жылы Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып, абыройлы қызмет атқарды. Ол Қорқыт Ата, Тұрмағамбет ақынның ескерткіштерін ашу ісіне белсене араласты. Жас жырау Көшеней Рүстембековтың өнер өріне қанат қағуына ықпалын тигізді. Оның еңбегі бағаланып “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі” ордендерімен, “Еңбек ерлігі үшін” медалымен, Қазақ ССР Жоғары Кеңестің Құрмет Грамотасымен наградталған.
Оны 1988 жылы Жаңажолдағы «Энгельс» атындағы шаруашылыққа басшы етіп жіберді. Мұнда да талай игілікті істерді атқарды. Бөкеңнің жары Омар Мақсұмның қызы Әмида екеуі Садықбек, Сағатбек, Ләззат, Ғанибек, Гүлзат атты балаларды өмірге әкелді, оларды қанаттандырды. Бөкеңнің көзі тірісінде–ақ дзюдодан Республикалық жарыс өткізілсе, бүгінде ол шара Б. Сүлейменов атындағы жарыс болып өткізіліп келеді. Атақты Бауыржан Момышұлындай батырға іні бола білудің өзі ерлік. Қармақшы ауданының “Құрметті азаматы” Б. Сүлейменов осындай тұлға болды. Ол 2000 жылы Жосалы кентінде өмірден өтті.
Қорытындымда айтарым Сәден Нұртайұлы орта бойлы, шағын денелі. Ал Болатбек Сүлейменұлы ұзын бойлы, денелі келген азамат.
Сәкең бір жымиып барып, әңгімесін туған ел мен жер тарихына, діннің ірі өкілдері жайлы, олардың қасиеттері мен кереметтерін ерекше ықыласпен сөз ететін. Сәкең және оның балаларына Башқұрт қызы Фатымадан дарыған, қанмен келген қасиеттер деп бағалау орынды болмақ.
Болатбек ағаның өзі айтқандай, «...кейбір мінезімді нағашым Шотыққа ұқсатамын» - дегендей кейде адуынды мінезі болса, көбінесе жайдары жадыраңқы қалпын сақтайтын. От ауызды, орақ тілдінің өзі еді. Рухани істерге өте жақын еді.
Бұл мақала – зерттеуімде XIX ғасырдың басында өмір сүрген, жаугершілікті, басқа да жағдайларды басынан өткізген Қарабазардан тараған – Ердес, оның баласы Шынарбай – оның жалғасы Бекбай – одан туған Жайсаң бабалардың және екінші дүниежүзілік соғыс алапатын, колхоздастыру, ашаршылықты бастарынан өткізген Сүлеймен. Нұртай - оның ұрпақтары – Сәден, Өзбекбай, Әблақұл және Болатбектің өміржолдарына тоқталып өттім.
Міне, «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тұжырым тағы бір дәлелденгендей, бұл күнде Шынарбай мөрлі би бабаның ұрпақтары тамырларын тереңге жайып, жапырақтары жайқалуда. Шүкір Аллаға!
2021 жылғы бесінші қаңтардағы Ел Президенті Қ. К. Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында: "Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет" дейді.
Сананы жаңғырту генетикалық жадты ояту деген сөз. Ол үшін бабалар тарихы үлкен маңызға ие. Мемлекет басшысы бұл туралы:" Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді" деп, тұжырымдайды. Біздің де бұл сөзге алып-қосарымыз жоқ. Тарихыңды біліп, танымыңды арттырып, тамырыңды сезіну әрбірімізге азаматтық парыз!
Көрген, білгенімді, ел аузынан және архивтық деректер негізінде осы мақалам жазылды. Ұрпақтары бабаларын танып-біліп жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеуші, этнограф
«Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы»


08 ақпан 2021 ж. 794 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 994

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031