Ауылы ардақтаған Әмір еді

Әмір ағамыздың артында қалған асыл жары Тойтан жеңгеміз бір мың болғыр жан. Ағамыздың ұжшар шаруашылығындағы тынымсыз жүргізушілік жұмысын атқарғандықтан ат үстінен түспей еңбек еткенін ауыл, ел біледі. Ал солай бола тұрса да, Тойтан жеңгеміз бірінен соң бірі өмірге келген бүлдіршіндерін тәрбиелеп, өсіріп, Әмір ағаның бірде-бір рет бетіне келгенін ел де, көрші де, халық та көрген де, естіген де жоқ. Керісінше, әрдайым жарының машинасының суын жылытып, мезгілсіз алыс сапардан келуін қабақ шытпай күтіп, күліп қарсы алып, отағасыға қандай құрметпен қарау керек екенін сол елге үйреткен ана болды. Мұны бүкіл ауыл халқы мақтанышпен айтып отырғанының талай куәсі болғанбыз. Әмір ағаның туған інісі Темір менің сол ауылды басқарған 7 жыл мерзімінде жеке қызметтік көлігімнің жүргізушісі болып жұмыс істеді. Темір де өзімнің туған інімдей болып, адал қызмет атқарғанын сағынышпен еске аламын. Темірдің де отбасынан алған тәрбиесі бөлек, адами болмысы жоғары, өтірік айтпайтын, күні-түні шаршамай, шаршаса да еш сездірмей, адал жұмыс істегенін ауыз толтырып айтар едім. Сол кезеңдердегі шаруашылық басқарған басшылардың қызметтік көлікпен жүрулерінде шек болмады десем шындықтан алыстамаған боламын. Қызметтік «Волга» көлігі мен «УАЗ» автокөлігіне кезек-кезек отырып, республиканың бірнеше қаласына халық мүддесі үшін сапарлағанымызды есіме алсам, қазір таң қаламын. Күніне мыңдаған шақырымды демалыссыз жүріп өткен жолдарымызда Темір інім бір шаршадым дегенді маған айтқан емес. Біреудің қуанышы, біреудің баласын пойыздан қалдырмау және аяқастынан ауырып қалғандарды аудан, облыс орталықтарына шұғыл жеткізу міндеттері де Темір ініме жүктелетін мезгілдері де аз болған жоқ. Әмір ағайдың бір қасиеті өзінің жүргізіп жүрген автомашинасының тозығы жеткеніне қарамастан өзінің техника тілін меңгергендігі сонша бір күні алыс жолға барудан бас тартқан емес. Сылтау айтқанын көрген де, естіген де емеспін. Қайда жұмсасаң да барушы еді жарықтық. Ол уақыттарда жаңа автомашиналардың келуі тоқтағанына 2-3 жыл мерзім болған кезеңдер еді. Жаңа автомашиналар мен ауылшаруашылығы техникаларын алудан күдер үзілген уақыттар болатын. Қолда бар техниканы ұқсатып жоқтан бар жасау кезеңдері туындаған шақтар болды. Көрші Байқоңыр әскери бөлімдер де тарап, берекесі кетіп жатқан уақыттар болса да, сол әскери бөлімдердегі басшылықтың маған өте жақын дос, жолдастықтарының арқасында қаншама автомашинаның қосалқы бөлшегін алудың сәтті түсіп, біздің ұжшардың автопаркі, автомашиналары тоқтаусыз жұмыс істеп тұрды. Сол кездерде жаңа техникалардың келуі тоқтап, тоқыраған заманның өзінде екі ЗИЛ жаңа автомашинасын, бір «ГАЗ-53», бір «ПАЗ» автобусын, Бір ЗИЛ автокранын, төрт «Т-4» тракторын, 2 күріш бастыратын жаңа комбайндар алуға қол жеткізіп едік. Сол алынған жаңа ЗИЛ жүк көлігінің біреуінің тізгінінде Әмір ағамыз отырып еді.
Қазақта бой түзеу деген сөз бар. Ол абыройлы, ел сыйлаған, елге сыйлы болған, кішіге аға бола білген, ағаларға, азаматтарға қарап өсу, соларға ұқсау, еліктеу, олардың жақсы жақтарын қабылдап, бойына сіңіру дегенді білдірсе керек. Әмір ағамыз мен қызмет еткен уақыттарда ұжшардағы 80-ге жақын жүргізушінің ақылшы ұстазы, ағасы болды. Әмір аға нағыз өнегелі, рухы мықты, өресі биік, жаны жайсаң, өзінен кішілерге мейірім шуағы мол аға болды. Шәкірттерін жақсы көрді, оларды туған балаларындай, інісіндей көріп, бай тәжірибесін айтудан жалықпады. «Осал ұстаз кемшілікті қайталаумен шектеледі, ал нағыз ұстаз сол кемшілікті табудың жолын үйретеді» дегендей ол өзінен кейінгі әріптес жүргізуші інілеріне абыройлы болудың қағидаларын үйретті, еңбек етуге баулыды. Сондықтан да оны сыйлады, құрмет тұтты, айтқанын екі етпеді.
Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
Қармақшы ауданының құрметті азаматы