» » Өмір – мүмкіндіктердің теңізі

Өмір – мүмкіндіктердің теңізі

Аудандық «Қармақшы таңы» газетінің №57 санында «Жаяу Сырдан – Қарақұмға, Қарақұмнан – Сырға!» атты мақалам жарияланды. Көп ұзамай газеттің бас редакторы хабарласып: «Ағай, мақалаңызды оқи отырып, бала кезімде көрген малшылардың тірлігі, қойшы ауыл, жайлау көз алдыма келді. Мұндай жандардың еңбектерін халыққа жариялап, жастарға үлгі еткен дұрыс. Тағы да жазбаңыз болса жіберіп тұрыңыз» деген.


Иә, бұл мәселе өзімнің де ойымда жүрген. «Қармақшы» кеңшарында, серіктестігінде 50 жылдай еңбек еттім. 1969 жылдан мал маманы, бухгалтер, бас маман, серіктестік директоры қызметтерін атқардым. Шаруашылықта төрт түлік малдың барлығы да болды, төрт түлік малды күтіп-бағатын екі жүзге тарта малшы отбасы еңбек етті, барлығын дерлік білемін. Олардың сол кездегі еңбектерін жариялап, әрқайсысына бір-бір мақала, тіптен кітап арнаса да артық болмас еді.

Алғашқы шопандар қауымымен араласуым №2 фермадан басталды, фермада 30 шақты отбасы болды. Маман, шопан, жұмысшы, жүргізуші барлығы бірлікпен, ұйымшылдықпен, бір отбасының жандарындай еңбек етті.


«Өмір - мүмкүндіктердің теңізі. Бірақ біз жүзуге ерінеміз» деген сөз бар. Шыныменде, біз жүзуге ерінеміз, ал олар ерінбейтін. Сол ерінбей еңбек еткен отбасылардың бірі және шаруашылықтағы ең жасы үлкені – Кенбаевтар отбасынан бастамақпын.

Келген адамды жатырқамай, жылы қарсы алатын қонақжай, сабырлы жандар екен. Әсіресе, мені таңғалдырған – сол кезде жасы 94-ке келген Кенбай қарттың ширақтығы мен 66 жастағы баласы Қаспай ақсақал. Бір қарағаныңызда қайсы әкесі, қайсы баласы екенін ажырата алмай қаласыз. Қаспай ақсақал өзі шағын денелі кісі болғанымен, малға шөп салғанда, айырды сағалатып түйреп, бір арқа шөпті айырдың сабын сықырлатып лақтырғанда «25-30дағы жігіт пе?» деп қаласыз.

Дөңбайұлы Кенбай қарт 1875 жылы дүние есігін ашып, кеңес үкіметі орнағанға дейін төрт түліктің төртеуін де өсіріп мал шаруашылығымен айналысқан. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін «Киров», «Калинин» кеңшарында шопан, жылқышы болып ерінбей адал еңбек етті. Жетпістен асқанша құрығын тастамай қазақтың қасиетті жылқы малын бақты. Санын көбейтіп, нәтижесінде Ленин орденімен марапатталды. Ленин орденді жылқышы атанып, ел-халқына сыйлы кісі болған.

Соғыс аяқталып, мамыражай бейбіт өмір басталған соң, 1947 жылы жылқысын өткізіп, соғыстан оралған баласы Қаспаймен өзінің бұрынғы кәсібі – қой бағуға кірісіп, баласын шопандыққа баулыды. Содан 1974 жылы 99-жасында дүниеден өткенше баласына ақылшы, көмекші болды. Оны өзіміз көзімізбен көрдік.

Қыс айы. Күн суық. Қар аралас боран соғып тұрғанда, шаруашылық басшысы мал жағдайын білуге келе жатып, қой бағып тұрған Кенбай қартқа кездесіп: «Кенеке, мына боранда мал баққаныңыз не? Балаңыз қайда?» - десе, - «бүгінгі күн – балаға сенетін күн емес» деп жауап қайтарыпты. Айтып тұрған баласы, Қаспай, алпыстан асқан, ал өзі тоқсаннан асқан шақтары еді. Бұл дегеніміз – өздеріне сеніп тапсырылған қоғам мүлкіне деген жауапкершілік, қайраттылық, өзіне деген сенімділік.


Кенбай қарттың «Бүгінгі күн – балаға сенетін күн емес» деп жүрген баласы Қаспай, 1902 жылы қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Әкесі Қаспайды 8 жасынан оқуға беріп, баласының сауатын ашып, еңбекке баулыған. Қасекең 1936 жылдарға дейін әкесінің қасында көмекші болып, төрт-түлік малды өсіріп-бағып, анасына, бауырларына қамқор болған. Әкесі баласын жасынан көрегенділікпен оқытып, сауатын ашқанының пайдасы тиіп, 1937 жылы Қасекең газет баспаханасына қызметке қабылданды. Онда абыройлы еңбек етіп, марапаталған.

1941 жылы 39 жасында Ұлы Отан соғысына аттанады. Украина бағытындағы майдан шебінде болып, елімізді жаудан азат етуге өз үлесін қосып, жасаған ерліктері үшін бірнеше медальмен марапаталды. 1945 жылы аман-есен елге оралып, жары Алмагүл анамызға үйленді. Әкесі Кенбай қарттың айтуымен өзіне үйреншікті шопан таяғын қайта ұстап, содан 82 жасына дейін 40 жыл қой бағып, ел-халқына «шопан» деген атпен танымал болды. Қасекеңнің қойды беріліп, өте шеберлікпен бағатынына таңғаласыз.

Қыркүйек айының шуақты күндерінің бірінде «Қасекеңнің қойларының құйрығы жарылып, тілініп, құрттап жатыр» деген хабар келді. Негізінде жүдеу, нашар малға ғана жара, құрт, түрлі ауру үйір болатын. Ол кісінің отарында жүдеу, нашар қой болмайтын. «Бұл қалайша?» деп келсем, бірнеше ондаған қой семіздіктен құйрық майы теріге сыймай шіріп, теріні пышақпен тілгендей жыртып жіберген екен. Бұндайды бұрын-соңды көрмеппін де, естімеппін де. «Семіздікті көтеретін» қойың да Қасекеңнің ерінбей баққанынан «семіздікті» көтере алмай тұрған жоқ па? Бұған қалай таңырқамассыз?!

Қасекеңнің аздаған ақындық өнері де болатын, бір жылы қыстауына көшіп келіп мал жайып шықса Құртыкөл деген шағын түбекті өрт шалыпты, бір жағынан табиғатқа жаны ашып, бір жағынан ескерту есебінде, кеңшар директоры Исекең ағамызға мынадай бір шумақты жолдапты:
«Ой Алла қайда жүрсең өртең тоғай,
Бұрында болған емес мұндай жағдай.
Түбіне бір жиденің бара қалсаң,
Шуылдап ызыңдайды жас баладай.
Тоғайды өртетпесін бұдан бұлай,
Сәлем айт, Исағалиға дұғай-дұғай»

Қасекеңмен 20 жылдай дүздес, дәмдес болып бір салада жүргенімде байқағаным, ол кісі ешқандай пендемен ренжіспейтін, дауыс көтермейтін сондай көркем мінезді, өте кешірімшіл жан болатын.

Бірде фермаға жаңадан келген шопанды шопандықтың қыр-сырын үйренсін деп, Қарақұмда, «Сартабан» аймағындағы Қасекеңмен көрші отырғызған болатынбыз. Екі отар бір-біріне шендесіп қалып, Қасекеңнің жеті бас қойы көршісіне қосылып кетеді. Мұндай жағдайлар болып тұрады, отардың саны белгілі болғандықтан, отарын санап, айқай-шусыз қосылған қойларын айырып алып тарап жатады. Ал Қасекеңнің жаңа көршісі түрлі сылтау айтып, әйелі айқай шығарып, қосылған қойды бермейді. «Жүріңіз отарының санын білеміз, сөйлесіп алып берейік, болмаса арыз жазыңыз» дегенімізде, «не болса да, құдайы көршім ғой, дауласпаймын. 7 басты даулап жүргенімде, 70 бас қойымнан айырылармын. Соған-ақ бұйырсын, Алла Тағала ризығымнан айырмасын» деп барлығымызға басу айтып, кешіре салған еді.

Ризық дегеніміз – мал-дүние және ұрпақ екен деп қате түсініп қалмаңыз. Ең көркем ризық – жанның тыныштығы, ақылдың нұрлылығы, деннің саулығы, жүректің тазалығы, ойдың амандығы деген. Қаспай ақсақалдың бойына осы «ең көркем ризықтың» барлығы дарыған жан.
«Жақсылыққа үлгі көріп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын» дегендей, ол Алмагүл анамыздың көркем мінездерін, ерінбей еңбек ететін қасиеттерін ұрпақтары үлгі тұтып, бойларына сіңіріп, шопандықтың қыр-сырын жастайынан меңгеріп өсті.


Өздері зейнеткерлікке шыққаннан кейін, қойды қыздары Ұлболсынның, Аманкүлдің атынан бақты. Екеуі де кезең-кезеңмен ауылдық, аудандық кеңестің депутаты болды. Ұлболсын фермадағы белді шопанның бірі – Сұлтанбекпен тұрмыс құрып, алдыңғы қатарлы шопан отбасы болса, Аманкүл өз теңін тауып, тұрмыс құрған соң жолдасы мен шопандыққа қайтып келіп, №2 ферманы тағы бір абыройлы шопан отбасына толықтырды. Одан кейінгі кезек ұлы Бақытқа келді, Бақытпен де 10 жылдай қызметтес болдық. Өз жанұясымен аталарының «шопан» деген абыройлы атына кір келтірмей, алдыңғы қатарда жұмыс істеді.

«Атынан бақты» дегенге – Ұлболсын, Аманкүл, Бақыт әкелеріне қойды бақтырып қойып, өздері қарап отырды деп ойламаңыздар. Рас, Қасекең жасы сексеннен асқанша балаларының баптап, жуасытып берген атына мініп, қойды бағатын. Арасында күннің ыстық-суық кездерінде балалары бағатын. Қазақ «бір күн қой баққаннан қырық күн ақыл сұрама» деген. Бұл сөз бекер айтылмаған, себебі 600-700 бас болатын бір отар қойды бағып, күту оңай шаруа емес. Бағуынан басқа көзге көрінбейтін, таусылмайтын күнделікті ағымдағы шаруалар, науқандық жұмыстар, көшу-қону, күйік алу, төлдету, қырқым секілді тағы басқа жұмыстар жетіп, артылады. Осылардың барлығын атқаратын жары Алмагүл мен балалары болатын.


Бұл еткен еңбектері бағаланып, Қарақұмға баратын үлкен жолдың бойында қазылған, суы мол, өздігінен ағатын скважина Қаспай ақсақалдың ерен еңбегінің құрметіне «Қаспай скважинасы» аталып, картаға ендірілді және «Нива» автокөлігі сыйға берілді.


Ең қайырлы ризық – Ананың дұғасы, Әкенің разылығы. Ананың дұғасын, Әкенің разылығын алған балалары: үлкендері Марияш, Амандық, кенжесі Болат өз мамандығына сай қызмет атқарса, Ұлболсын, Аманкүл, Бақыт ата жолын қуып, өндірістік көрсеткіштерге сай аймақ, аудан басшылықтарының алғыс хаты, құрмет грамотасы және жарыс жеңімпазы төс белгілерімен марапатталып, кеңшар тарапынан ақшалай, заттай сыйлықтарға ие болып, абыройға бөленді.

1984 жылы Қасекең шопан таяғын ұлы Бақытқа біржолата тапсырды. Алмагүл анамыз екеуі аудан орталығындағы үйіне, балаларының ортасына келіп, кенже ұлы Болатымен бірге тұрды. Қасекең келе қора-жайды көгалдандырып, гүлдендіріп, жеміс ағашын егіп, «артымда мал қалғанша, бір түп тал қалсын» дегенді іс жүзінде ұрпақтарына көрсетіп, жүзеге асырып, 97 жасында дүниеден озды.

«Үйдегі алтын қазық – Ана» деген сөз бар. Кенбаеевтар әулетінің ұйтқысы, алтын қазығы Алмагүл анамыз 1926 жылы «Байқожа» бекетінде теміржолшы отбасында дүниеге келген. Қазір құдай қосқан жары Қасекеңнің гүлдендіріп кеткен қора-жайында 6 баласынан тараған 28 немере, 47 шөберенің қызығына шомылып, Алланың берген денсаулығымен 94-ті аяқтап, 95 жастың есігінен қарап тұрған жайы бар.

«Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде» дейді ғой дана қазақ. Анамызға анда-санда сәлем бере барғанымда ықыласымен қарсы алып, ақылын айтып, батасын беріп шығарып салады. Ол кісі менің келгеніме риза, берген батасына, әңгімесімен риза болып тараймыз. Осындай әңгіменің бірінде Алмагүл анамыздың сонау соғыс жылдарында басталған екпінді, құрылыстардың бірі – Сырдария өзеніне салынған «Қызылорда су реттегіш тоспа» құрылысына қатысқанына қанық болдым. «1944 жылы Байқожа аулынан 40 қызды эшолонға тиеп Қызылордаға, қазіргі Тасбөгеттегі плотинаға әкелді. Он-оннан төрт бригадаға бөліп, мені «жас болсаң да зерек, ақылды екенсің» деп бір бригаданың бригадирі етіп тағайындады. Плотинаға зембілмен тас, құм тасыдық. «Ұйымдастырушылық қабілетің мен адал еңбегіңе» деп маған иіс су, кірсабын, жеңсіз көйлек, қиық орамал сыйға берді. Соғыс аяқталған соң қолымызға «тылда жұмыс істеген» деген құжат беріп ауылымызға таратты» дейді. Алмагүл анамыздың мал шаруашылығы саласында ғана емес, күні бүгінге дейін ел кәдесіне жарап тұрған тарихи құрылыста да қол таңбасы бар екен.

Мен білетін, үш ғасыр бойы, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған Кенбаевтар әулеті – азамат соғысы, ашаршылық, асыра сілтеу, қуғыншылық, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейін қайта қалпына келтіру секілді қиын кезеңдерді бастан кешіріп, ешқандай қиындыққа мойымай, Алланың берген денсаулығына шүкіршілік етіп, келешектеріне сеніп, заманды кінәламай, ешкімге міндетсінбей, қандай жұмыс болса да жатсынбай, еңбек етіп, «өмір – мүмкүндіктердің теңізінен ерінбей жүзіп өткен» жандар.

Сөзімді Кенбай қарттың шөбересі Ақпалдың мына бір сөзімен аяқтамақпын: «Дөңбай, Кенбай, Қаспай аталарымның, Алмагүл әжемнің, ұзақ жасау себебі – ол кісілер араққа, темекіге, тағы басқа жат қылықтарға әуес болмай, тек ерінбей еңбек еткен. Сондықтан, жастарымыз да жат қылықтарға әуестенбей еңбек етсе, менің аталарыма, әжеме ұқсап мықты, өмір жасы ұзақ болады деп сенемін».
Ал қазіргі заманда, өмір – мүмкүндіктері ұшан-теңіз. Тек жат қылықтарға, жалқаулыққа бой алдырмай, ерінбей жүзсеңіз, ойға алған мақсатыңызға жетесіз.

Қанибай АЙТЫМБЕТОВ
24 қазан 2020 ж. 777 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031