» » Әл-Фараби тәрбие тұжырымы

Әл-Фараби тәрбие тұжырымы

Ғұлама ғалым Әбу Нәсір әл-Фарабидің құрметіне биыл елімізде жасалатын ізгілікті істер мен игілікті рухани шаралардың бастау алғаны белгілі. Иә, әл-Фараби – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің рухани игілігіне, әлемді тануға және күллі адамзаттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосты.
Өз заманында білім-ғылым, өнерде, оқу-тәрбиеде әл-Фараби өзіндік із калдырды. Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғышарты етіп алады. Тәрбиені неден бастау керек? Ғылымды, оқу-ағартуды меңгеру, білім-тәрбие алу, еңбекке үйрену, философияны меңгеру үшін адамның ар тазалығы, оның жеке басының тазалығы, еңбек сүйгіштігі мен қызығушылығын бірінші орынға қояды. Осыдан келіп, мұның барлығын меңгеру тәрбие әдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Осы негізде оқыту мен тәрбиелеуді бағдарлап жеке-жеке анықтайды.
Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деді. Ол ғылымды тарихи процесс деп түсініп, ғылым – жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама жасады. Ол еңбекті қоғамның өмір сүруінің негізі – адамзат тіршілігінің мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырды.
Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, бұл тұжырым оқушыларға саналы тәртіп, сапалы білім беріп, пайдалы қоғамдық еңбекке баулу деген сөз. Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбектің адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екенін көрсетті.
Әл-Фараби тәрбие үрдісінде “Қатты әдіс” пен “Жұмсақ әдісті” ұштастыруды талап етеді. Ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсатын жеке-жеке анықтап кеткен. Қазіргі тәрбие үрдісі тұрғысынан қарағанда “қатты әдіс” деп отырғаны – жазалау, ал “жұмсақ әдіс” деп отырғаны – мадақтау. Демек, Фараби педагогикалық ықпал ету әдістерін алғаш ұсынып, оның тиімділігін дәлелдеп берген ғалым.
Ғұлама идеяларынан түсінетініміз мемлекет халықтың, жеке адамның рухани болмысының толыққандылығымен, тереңдігімен нығаяды. Ел болмысының негізін құрайтын ұрпақтың болмысы болса, дұрыс сенім, дұрыс таным, дұрыс білім, денсаулық, табиғи ортаның тазалығы, адамдардың бір-біріне деген адамгершілігі, жауаптылық мемлекетті көркейтеді. Ұрпағын дұрыс тәрбиелеп, қорғай білген елдің ұрпағы елін қорғайды.
Ғұлама тұлға тұғырының берік болуына баса мән береді. Мына әлемді адасудан жартылай құтқарар тек тәрбиелі тұлғалар екеніне кәміл сенеді, сендіреді. Сәйкесінше, тәрбиелеуді адамның бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнер қуатын дарыту тұрғысында таразылайды.
Бұл ретте әйгілі әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тұжырымы әлем педагогтарының санасында.
Әл-Фараби жас ұрпаққа және жеке адамдарға тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін, ұстаздық жасайтын адамдарды өте жоғары бағалаған. Оның ойынша тәрбиеші адам, яғни қазіргі мұғалім – "мәңгі нұрдың қызметшісі".
Ол «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, білген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген. Мінекей елімізде ұстаз мәртебесі нақты бекітіліп, қолға алынды. Бұл өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін мамандарға әлемдегі өркениетті елдер секілді аса құрметпен қарауға міндеттейді. Фараби адамдар бір-бірімен келісіп, тіл табысып отыруы керек деп есептейді. Әділеттіліктің қалыптасқан нормасы, әмбебап заңдар қажеттігін ескерте келе, ол заңдардың тәрбие арқылы жүзеге асатынын дәйектейді. Оның ойынша, еңбексіз қоғам ілгері дами алмайды. Енді ұстаздар өз ісінің білгірі, шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, еңбектенуге ұмтылу қажет.
Бұл орайда, ғұлама әл-Фарабиге сүйене айтар болсақ, тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге болмайтын тұлға болмайды. Тек ретін тауып үйретуден, баулудан жалықпау керек. Сондықтан мектептерде оқыту үдерісінде пәндерді оқытуда ұлы ғалымның тұжырымдамаларын ұлттық құндылықтар ретінде тиімді пайдаланған дұрыс деп ойлаймын.
Қорыта келе, қоғамның болашағы – ұстаздың білім мен берген тәрбиесіне тікелей байланысты. Ұстазы біліксіз қоғам мемлекетке, оның болашағы қоғамға қажетті құндылықтарды бере алмайды. Мұндай орта тарихтың бойындағы рухани дүниелерді кейінгі уақытқа жеткізуге, мемлекет мүддесін қорғауға қабілетсіз келеді.
Сондықтан да өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарымыз елдің бет-бейнесі ретінде өзіндік мәдениетімен, әлеуметтік ортада ізгілік қасиеттерімен бөлісіп жүруі керек.
Сәуле ӘБІКЕНОВА,
№79 мектеп директоры
22 қыркүйек 2020 ж. 1 244 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031