Қарғысқа қалғандар (оқиға)
Бұл оқиға осыдан он жыл бұрын болған. Өткен күндердегі болған неше түрлі сұмдық оқиғалардың сұрқия келбетін көз алдыдан өткізе отырып, ой елегіне салғанда, бәрібір қарғыс пен қан арқалағандар заң мен тылсым құдыреттің құрығынан құтылмағанына көзің жете түседі. Жазықсыз жапа шеккендер мен нақақ төгілген қан түбі жер басып жүрген сол күнәһарларын жазаламай қоймайды. Мына баяндалатын оқиғада дәл сондай жағдай орын алған десе де болады.
Нарықтық экономиканың қарқындап тұрған шағы. Шағын кәсіпкерліктің тұсауы шешілмей, кібіртіктеп, қолы жеткендер банктер арқылы ауқымды несиелер алып жатқан сол бір шақта өзгелердің дүниесіне көз алартушылар аз болмады. Базардың жазылмаған заңы – баюды ғана көздейтіні мәлім. Мұны түйсінгендер түпсіз ақша қуудың соңына түсті. Сол жылдары Александр Ким есімді кәріс азаматы базардың ыстық-суығын бір кісідей-ақ көріп, Қытай асып, Қырым басып жүрген алпауыт саудагерлер қатарына ене бастаған еді. Ол бағалы бұлғын терісін, алтын мен күміс сату арқылы қомақты қаражат жинап үлгерген болатын. Александр «Барахолкада» бірнеше жерден сауда орындарын ашып, өз саудасының көрігін қыздыра түсті. Әрине, бақталассыз тағы болмасы белгілі. Оның «жанған жұлдызын» көреалмаушылар жетіп-артылды.
Қарапайым сауда жасап жүрген Ибрагим есімді дұнған жігіті киім-кешек сата жүріп, Александр және оның жұбайымен жақсы таныс болып алады. Кейіннен үйіне жиі келіп, ағайынды адамдардай араласып үлгерді. Бірақ, Ибрагим Кимнің азын-аулақ жұмыстарын бітіре жүріп, өзінің ішкі есебін әбден пысықтай білген болатын. Ол Александрдың үйінің қанша бөлмеден тұратынынан бастап, әрбір заттың қай орынға қойылғанына дейін жатқа білді. Ким болса, өзінің әріптесім деп танитын Ибрагимнен аса қауіптене қоймайтын. Қаражат керек болса қарызға беріп тұратын. Алайда, зымыстан ойлы «досының» кеудесін тарғыл мысық тырнап жатқаны, ойы түгілі, түсіне де кірмеген болатын. Көп ұзамай, Александрдың жұбайы алыс шет елдің біріне алтын бұйымдар әкелуге аттанады. Бұл сәтте базар маңын торуылдайтын аш бөрілерін топтастыра бастаған Ибрагим оларға үлкен бір «жұмыстың» басында тұрғандарын түсіндірді. Әркім өз міндеттерін білуі тиіс. Базарда жүріп олар тапанша, шолақ мылтық сатып ала бастады.
Сыралғы танысы Кимнің әр қадамын аңдыған Ибрагим 1996 жылы желтоқсанда шибөрілерін ертіп, оның Түрксіб ауданындағы Гете көшесіндегі үйін торуылдауға аттанады. Зәулім дуалмен қоршалған үйге олар асып кіре алмайтын болған соң, қожайынның келуін күтті.Үй маңындағы терек-талдар ығында отырған олар денелерінің аздаған дірілін жеңу үшін арақ ішуді құп көрді. Осы сәтте Кимнің үйінің маңына келген 12 жасар қыз «Света!» деп дауыстап, сәл бөгеліңкіреп қайта бұрылады. Қыз ұзап кеткенше соңынан қарап тұрған қарақшылар өздерінің қауіптерінің негізсіз екендігіне көз жеткізгендей жайбарақат қайта жайғасты.
Кешке қарай базарларды шарлап, үйіне «Джип» көлігімен оралған Александрдың қарасы көрінді. Ибрагим өзінің «шибөрілеріне» қандай жағдай болса да бетперделерін шешпеуін талап етті. Төрт адамнан тұратын қылмыстық топтың есебінше, Кимнің үйінде ең кемі 100 мың АҚШ доллары көлемінде ақша болуы тиіс. Оның жұбайы тауарға ең кемі 10 мың доллар ақша әкетуі мүмкін деп тон пішкен Ибрагим бүгін олжалы ораламыз деп қиялдады. Қақпасынан еніп, көлігінен түсе бастаған Александрды үйге еніп үлгерместен қолға түсіруді ойлаған Ибрагим жандайшаптарына бұйырып, «жібермеңдер!» деп айғай салды. Мұны естіп қалған Александр үйіне қарай бар екпінімен жүгіре жөнелді. Жан-жағынан ентелей қоршаған қарақшы топ Ким үйіне кіріп үлгерместен табалдырықта қолға түсірді. Үйге кірген бетперделі топты көрген Александрдың 5 жасар ұлы мен 12 жасар қызы қатты қорқып кетті. «Өтінем, қызым мен балама тимеңдер!» деген Кимнің жалынышты үнін құлақтарына қыстырмаған Ибрагимнің қарақшы тобы үйдің астаң-кестеңін шығара тінти бастады. Ибрагимнен басқалары Александрдан ақша жасырған жерін көрсетуін сұрады. Алайда, Ким картинаның артындағы сейфті көрсеткенімен, оның құпия сандарын «білмеймін» деп қасарысып бақты. Қылмыскерлер оны әбден ұрып-соғып, ақшаны бәрібір алмай қоймайтындарын қайталаумен болды. Балалар бөлмесінде қамалып отырған кішкентай Юра мен 12 жасар Светаның бөлмесіне енген Ибрагимге қарақшының бірі «қыз сені танып қойды» дегенді емеурінмен түсіндірді. Өз көзін жеткізбек болған ол Светаның қасына тақау келді. Қыз Ибрагимге тесіле қарап «Сіз Яша ағайсыз ғой, мұныңыз не? Мен полицияға хабарлаймын…» деп қалды. Расымен, Александрдың балалары мұны Яша деп атайтын. Арамдық пен аярлықтан пәк қыздың жүрегі бір сұмдықтың боларын сезсе де қаймықпай, жауыздықтың жүзіне тура қарай білді. Санасы тұнық қыздың есінде Ибрагимнің жүрісіндегі ұқсастықтар дәл сақталып қалғандай. Өзінің қылмыстан соңғы зор жауапкершіліктен қатты қорыққан Ибрагим жүрегі дір етпестен қыздың кеудесіне кездігін бірнеше мәрте бойлатып жіберді. Жауыздығы мен арамдығы басым тұл дүниеден аттанып бара жатқан өрімдей қыздың соңғы айтқаны «Қарғыс атсын!» болды.
Бұл кезде өзге қарақшы топ темір сейфтің есігін сом темірмен бұзып ашып жатқан болатын. Ибрагим кішкентай Юраның қол-аяғын матап, көзін байлап қалың көрпеге көміп тастап, ас үйдегі Александрдың жанына келеді. Жандайшаптарына «өлтіріңдер!» деп белгі береді. Кеуде тұсына бірнеше жерден пышақ ұрған жауыздар ол азаптанып жан тапсырғанша қарап тұрды. Сейфте шамамен 100 мың доллар ақша бар деген олардың жорамалы теріске шықты. Сейфте небәрі 30 мың доллар жатты. Қалған ақшаларын Ким әлденеден секем алғандай банкке салып тастаған болатын. Бір отбасын жайратып салған олар сыртқа беттейді. Осы сәтте Ибрагимнің есіне 5 жасар бала түседі. «Ол не білер дейсің…» деп сыртқа беттеген ол шибөрілеріне бой тасалай тұрыңдар деп аз-маз ақша беріп, жан-жаққа кетеді. Ымырт түсе бастаған шақта бұлқына-бұлқына байлаудан босаған бес жасар Юра әкесі мен әпкесінің мәйіттерін көре сала қатты айғайлап, көршілерге жүгіреді. Көрші-қолаңы Кимнің аңғарадай үлкен үйіне кіре бере сұмдық көрініске куә болды. 12 жасар Света мен Александрдың азаппен өлтірілген мәйітін тауып алған олар жедел жәрдем мен полицияға хабар береді.
Көп ұзамай оқиға орнына келген құқық қорғаушылар қарулы шабуылдың басты «кейіпкерлерін» іздеуге кіріседі. Алайда, бірде-бір куәгер адам таппай, аз-кем уақыт ұттырып алады. Тығырыққа тірелген полиция қызметкерлеріне өзі келген 12 жасар Оля есімді қыз сол оқиға болатын күні құрбысы Светаға келіп, жолыға алмай қайтып бара жатып, түсі суық ағайларды көргенін айтады. «Олар арық маңында арақ ішіп отырған» дейді қыз. Көп ұзамай күдіктілердің көмескі бейнесі қылаң бере бастады. Сауда төңірегіндегі Кимнің таныстарын сүзіп шығу барысында Ибрагимнің де дерегі анықталды. «Түк білмейді-ау» деген бес жасар Юрадан суыртпақтап сыр тартып көрген тергеуші аң-таң қалды. Сол күні үйлеріне маскалы төртеу кіргенін, біреуін Яша ағайға ұқсатқанын жайып салып қарап отыр. Оны, әсіресе, әпкесі Света анық танығанын айтты. Балаға бірнеше «Яшалардың» суретін көрсеткенде Ибрагимнің суретін ұстаған бала «Міне, Яша ағай…» деп нұқып тұрды. Енді уақыт ұттырмай қарақшылардың жүрген жерін анықтап, тұтқындау ісін қолға алу ғана қалды.
Бірақ, ізім-қайым жоқ болған Ибрагим-Яшаны ұстау ұзаққа созыла берді. Іздестіру жұмыстары екі жылдан астам уақытқа жалғасты. Алматыда жоқ болып шыққан оны көршілес қалалар мен республикалардан іздестіру қолға алынды. Жан-жаққа іссапарға шыққан уәкілдер Ибрагимді Тараз қаласынан 1998 жылы қолға түсірді. Ал өзге қарақшы топ мүшелері Алматы базарларынан тұтқындалды. Бұдан соң да қатыгездік шеңберінен аттап, екі кісі өлімін жасап, көптеген қарулы шабуылдар ұйымдастырған қылмысты топты ауыр жаза күтіп тұрды. Тергеу кезінде өзінің қиналып жүргенін айтқан Ибрагим-Яша көзін жұмса болды марқұм болған Светаның көз алдына келіп маза бермегенін жеткізген көрінеді. 1999 жылы Алматы қалалық сотында ҚР Жоғарғы сотының араласуымен үкім оқылды. Ибрагим мен оның екі серігіне өлім жазасы тағайындалса, қалған топ мүшелеріне 20-25 жылдан қатаң тәртіпте жазасын өтеуге үкім шығарылды. Алайда, бұл қылмыс Алматыдағы аса ауыр қылмыстардың соңы болған жоқ. Мұнан соң да сұмдық «сюжеттерден» құралған жауыздықтар көптеп орын алды.
Арман ЖУСАНБАЙ