» » ЖАТЫРДЫ ЖАЛҒА БЕРГЕН ДҰРЫС ПА?

ЖАТЫРДЫ ЖАЛҒА БЕРГЕН ДҰРЫС ПА?

Біз бақыт жайындағы әңгімені жиі айтамыз. Біріміз – жарық дүниеге келгенімізді, біріміз – отбасындағы берекені бақытқа балап жатамыз. Қалай айтсақ та, бақыттың нақты формуласын тапқан ешкім жоқ. «Адам бақытты болмайды, бақытты күндер болады», – деген де сөз бар. Ал, ана үшін балалы болудан асқан бақыт бар ма? Аялы алақанымен бесікпен қоса, әлемді тербеткен ана өмірге ұрпақ әкелуші. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Жұмақ – ананың табанының астында» деуі тегін болмаса керек-ті.
Әйтсе де, кез келген әйел ана атану бақытына бөлене ме? Әлбетте, жүз пайыз «иә» деп айта алмаймыз. Бүгінде заманды бетперде етіп, бұрын өңіміз түгілі түсімізге кірмейтін нәрселерді шығаратын болдық. Соның бірі – жатырды жалға беру. Бедеулік дегеннен туындайтын бұл мәселе қоғамда өзекті екенін жасыра алмаймыз. Жатыр дейміз-ау, осы пиғылмен қасиетті құрсақты қасіретке айналдырмасақ болар еді-ау? Әлеуметтік желіде көп болмаса да жатырын жалға беретіндердің хабарламасын ара-кідік оқып қаламыз. Қоғам бұған қалай қарайды? Оған көзқарас қандай?
– Медицинада бар тәжірибе ғой. Дегенмен, өз қынаңнан шыққан балаға ештеңе жетпейді. Қыздың тағдырында бедеулік болады. Бұл мәселе содан туындаса керек. Өз пікірім – әйел заты бірден мұндай шешімге келмей, алдымен тексерілсе, емделсе. Алла беріп жатса, түбінде ана атанады. Жатырды жалдау – шегіне жеткенде болатын шешім. Қазақта ырым бар. Он жыл, он бес жыл бала көтермеген әйел жақынынан немесе балалар үйінен бала асырап алса, артынан бөпе еріп, «майкөтен» атанып жататын жағдайлар көп. Егер, жанын қинап туғысы келмесе, болмаса толғақтан қашса – онда кешіре алмаймын. Өзі қабілетті бола тұрып, біреудің жатырын жалдаса – қарсымын. Ел арасында бауырға басқан баланы «майкөтен» болды дегенді жиі естиміз. Егер де ерлі-зайыптылар бір-бірін жақсы көреді, ажырасқысы келмейді, бірақ бала сүю бақытынан айрылған болса, онда бұл жағдаймен келісуге болады. Жатыр жалдаушы – асыра сілтеумен қаражатын қайда сыйдырарын білмей жүрген сәулімдер болса, үзілді-кесілді қарсымын. Өз басым ондайды естімеппін. Жұрт интернетте жатырын 1 мил­лион теңгеге бағалаған әйелдің жарнамасын жарыса айтып жүр. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын білмеймін. Жалпы, отбасы болу үшін – бала міндетті түрде болу керек. «Баласыз үй – қу мазар» демей ме аталарымыз? Тіпті болмаса, бауырға басса нұр үстіне нұр, – дейді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева.
Жатыр жалдау амалсыздық шарасы ма? Бала сүюді армандап жүрген жастың бірі – Салтанат Жанасылова (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілген).
– Тұрмыс құрғаныма бес жылдан асып барады. Медицина саласында еңбек етемін. Бар арманым – балалы болу. Бойымда қорқыныш барын да айтқым келеді. Некеме сызат түсе ме деймін. Себебі, жолдасым сәбилі болуды менен де артық қалайды. Жолдастарымыздың балаларын көргенде жүрегі езіліп кетеді. Ондайда көз жасымды ешкімге көрсетпей іркіп алам. Талай мәрте емделдік те. Қаралмаған жеріміз қалмады. Әлі де күдерімізді үзбеудеміз. Қалай дегенмен, жатыр жалдауды құптамаймын. Дүниеге келетін сәбидің тегі – ана жатырына байланысты екенін жақсы білеміз. Сондықтан жатыр жалға беретін зат емес, – дейді сіңліміз.
Бір қарағанда отбасында он шақты қарадомалақты өмірге әкелетін қазақ анасы үшін ерсі көрінері анық. Дегенмен, бұл Батыс­та біраздан бері бар тәжірибе. Суррогат ана қызметіне әйел заты өз дене бітімін бұзып алмас үшін жүгінеді екен. Бұл онда қып-қызыл бизнестің көзі көрінеді.
– Шыны керек, соңғы кездері отандық экономиканың көлеңкелі бөлігінде «суррогат ана» қызметіне делдал болып ақша табу үрдісі байқалады. Бұл кәсіп түрі бұрын тасада қалып келсе, қазір басқа қырынан көрінген жайы бар. Себебі, елімізде ақылы инкубатор қызметіне кезекке тұрған әйелдер саны жыл санап артуда. Бүгінде генетикалық сәби көре алмай келе жатқан отбасы ғана емес, сондай-ақ тұла бойын бұзғысы келмейтін әйелдердің де көбейгенін байқаймыз. Мысалы: «Суррогат ана болсам деймін, екi балам бар. Жат қылыққа әуестігім жоқ. 10000 АҚШ доллары», немесе «Қыздар, суррогат ана болуға келiсетiндерiң бар ма? Жақсы төлейміз», я болмаса «Жұмыртқа клеткасының доноры бола аламын. Төлем – 1000-2000 АҚШ доллары», – деген хабарландыруларды оқисыз. Сорақысы сол, тұрмыс құрмаған бойжеткендер тарпынан да мұндай ұсыныстар түскені. Сондай-ақ, жатырдағы бала биологиялық ата-анаға тиісті болса да, туылған соң аналық сезім өз жоғын жоқтаған кездер де кездескен. Соның салдарынан суррогат ананың психологиялық тұрғыда қажығаны айтылған. Әлемнің Австрия, Швеция, Италия, Швейцария сияқты Еуропа елдерінде де тыйым салынса, Италия, Франция, Германияда бұл тыйымды бұзғанға айыппұл салынып, заң бойынша темір торға тоғыту да қаралған. Австралия, Ұлыбритания, Дания, Израиль, Канада, Нидерланды және Американың кей штаты жатырды жалға беруге рұқсат етеді. Десек те, суррогат ана бұл қызметін ерікті түрде атқарады. Қорыта келе, елімізде суррогат ана іздеушілер де, болғысы келушілер де күн санап өсуде. Не болғанда да, суррогат ана қызметін бизнес құралына айналдыруға болмайды, – дейді эмбриолог-ғалым Салтанат Байқошқарова.
Бұл ретте Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына ғұламалар кеңесі құрсақ ана болудың үкімін берген еді.
– «Құрсақ ана» – қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Шариғатымызда «некемен туылған бала» деген мәртебеге ие болу үшін оның ата-анасы болып табылатын ер мен әйелдің арасында шариғи тұрғыдан некенің шарттары толық орындалуы тиіс. Құран Кәрімде: «Алла Тағала өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратты. Жұбайларыңнан сендерге балалар, немерелер нәсіп етті. Сондай-ақ, сендерді тап-таза нәрселерден ризықтандырды. Осылай бола тұра олар жалғанға сеніп, Алланың нығметіне шүкірсіздік ете ме?» – деп баяндайды. Өйткені, әйел жатыры сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамды заттар санатына жатпайды. Шариғатта кей нәрселер кейбір сауда-саттыққа, алыс-беріске рұқсат етілмейді. Мысалы, әйелдің жыныстық қалауын тек некелі күйеуі ғана жүзеге асырады. Күйеуі өзіне жүктелген істерді өзге ер кісіге беруіне тыйым салады. Сол сықылды әйел де күйеуінен өзге ер кісіге осы істерді (яғни күйеуіне ғана шектелген істерді) садақа етуіне, жалға беруіне, сатуына хақысы жоқ. Әйелдің тәні, жатыры күйеуінен басқа ер кісіге харам болғандықтан жатырын жалға беруге, сатуға рұқсат етілмейді. Ұрпақ сүю – ерлі-зайыптылардың ортақ қуанышы. Әйелі күйеуінің рұқсатынсыз «бала көтермеймін» деп айта алмайды. Себебі, бала сүю күйеуінің де құқығы. Тек жүктілік әйелдің денсаулығына зиян келтіретін жағдайда ғана бала көтермеуге рұқсат етіледі, – дейді ауданның бас имамы Асхат Жарқынбеков.
ТҮЙІН:
Рас, қоғам болған соң түрлі жағдаят болады. Алайда, ақшаның буына беріліп, қолды оңды-солды сермеудің ертеңгі күні сұрауы болатынын естен шығарғанымыз жөн болмас. Қазақ аналары ар-абыройын сақтаған, азаматының алдынан кесе өтпеген. Ұрпағын да солай тәрбиелеген. Қазақ даласында тарихтан қалған «Бесік төбелер» бар. Бұл бір балаға зар болған анаға қойылған мәңгілік ескерткіш еді. Өзі қасірет тартса да баласызға бала тілеп, Алладан медет сұрапты.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».


17 қыркүйек 2018 ж. 1 389 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 069

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031