Мәслихаттар сайлауы
» » КӨКЖӨТЕЛДІҢ АЛДЫН АЛУ – БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ШАРТЫ

КӨКЖӨТЕЛДІҢ АЛДЫН АЛУ – БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ШАРТЫ

Көкжөтел – тыныс алу жолдарын зақымдайтын, ауа-тамшы жолымен таралатын, жұқпалылығы жоғары жедел инфекциялық ауру. Аурудың қоздырғышы – Bordetella pertussis бактериясы. Көкжөтел кез келген жастағы адамға жұғуы мүмкін, алайда ол әсіресе нәрестелер мен ерте жастағы балалар үшін қауіпті. Сондықтан аурудың алдын алу, профилактикалық екпелерді уақытылы жүргізу және халықтың санитариялық сауаттылығын арттыру өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Көкжөтел инфекциясы науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және онымен жақын қарым-қатынаста болған кезде таралады. Аурудың бастапқы белгілері кәдімгі суық тиюге ұқсас болғандықтан, оны алғашқы кезеңде анықтау қиынға соғуы мүмкін. Алғашқы күндері дене қызуының шамалы көтерілуі, мұрыннан су ағу, түшкіру, әлсіздік және жеңіл жөтел байқалады. Уақыт өте келе жөтел күшейіп, ұзаққа созылатын ұстамалы сипатқа ауысады.

Көкжөтелдің негізгі ерекшелігі – науқастың қайта-қайта, тоқтаусыз жөтелуі. Жөтел ұстамасы көбінесе түнгі уақытта күшейіп, тыныс алудың қиындауымен, кейде құсумен қатар жүреді. Әсіресе бір жасқа дейінгі балаларда ауру ауыр өтіп, тыныс алудың уақытша тоқтауына, өкпенің қабынуына, тыныс алу жеткіліксіздігіне және басқа да қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін.

Аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – профилактикалық вакцинация. Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес, балаларға көкжөтелге қарсы жоспарлы екпелер 2, 3 және 4 айлығында жүргізіледі. Қалыптасқан иммундық қорғанысты нығайту мақсатында 18 айлығында және 6 жасында қайта егу көзделген. Вакцинация көкжөтелді жұқтыру қаупін төмендетіп, ауру дамыған жағдайда оның ауыр өтуі мен асқынуларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жеті айында елімізде көкжөтелдің 250 жағдайы тіркелген. Ауруға шалдыққандардың 91 пайызын бес жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар құраған. Аталған көрсеткіштер профилактикалық екпелердің маңыздылығын және балаларды иммундаумен толық қамту қажеттілігін көрсетеді.

Көкжөтелдің таралуын болдырмау мақсатында ата-аналар балаларының екпе күнтізбесін қатаң сақтап, профилактикалық егулердің белгіленген мерзімде жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет. Егер бала қандай да бір себеппен уақытылы екпе алмаған болса, тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, жеке вакцинациялау кестесін анықтау ұсынылады.

Сонымен қатар инфекцияның алдын алу үшін үй-жайларды жүйелі түрде желдету, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу, жеке бас гигиенасын сақтау және науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу маңызды. Балаларда ұзаққа созылған немесе ұстамалы жөтел байқалған жағдайда өз бетінше ем қолданбай, дереу дәрігерге қаралу қажет. Ауруға күдік туындаған кезде баланы білім беру ұйымдарына жібермей, басқа адамдармен байланысын шектеу ұсынылады.

Көкжөтелдің алдын алу – балалар денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды профилактикалық шаралардың бірі. Ата-аналардың жауапкершілігі, медициналық ұйымдардың жүйелі жұмысы және тұрғындардың санитариялық талаптарды сақтауы инфекциялық аурулардың таралу қаупін төмендетуге ықпал етеді.

Балалардың денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолы – профилактикалық екпелерді уақытылы алу және аурудың алдын алу шараларын сақтау.
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық- эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы 
18 қараша 2026 ж. 16 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10556)

21 қараша 2026 ж.

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

№86 (10554)

14 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 417
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 534

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30