Мәслихаттар сайлауы
» » ҚЫЗЫЛШАНЫҢ АЛДЫН АЛУ – ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ШАРТЫ

ҚЫЗЫЛШАНЫҢ АЛДЫН АЛУ – ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ШАРТЫ

Қызылша – ауа арқылы таралатын, жұқпалылығы жоғары жедел вирустық инфекциялық ауру. Аталған ауру адам денсаулығына елеулі қауіп төндіріп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Қызылша көбінесе балалар арасында кездескенімен, оған қарсы иммунитеті қалыптаспаған кез келген жастағы адам ауруды жұқтыруы ықтимал. Сондықтан қызылшаның алдын алу, тұрғындардың санитариялық сауаттылығын арттыру және профилактикалық екпелермен қамтуды қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Қызылша вирусы науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және тыныс алғанда ауаға бөлініп, сау адамға жұғады. Вирустың жұқпалылығы өте жоғары болғандықтан, екпе алмаған адамдар арасында инфекцияның жылдам таралу қаупі бар. Сонымен қатар науқас адам денесінде бөртпе пайда болғанға дейін де инфекцияны айналасындағыларға таратуы мүмкін.

Аурудың алғашқы белгілеріне дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы мен жас ағуы жатады. Кейіннен бет пен мойын аймағында қызыл түсті бөртпелер пайда болып, біртіндеп дененің басқа бөліктеріне таралады. Қызылша өкпенің қабынуы, ортаңғы құлақтың қабынуы, энцефалит сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе бес жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар үшін аурудың қаупі жоғары.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі – профилактикалық вакцинация. Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес, балаларға қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы алғашқы екпе 12–15 айлығында, ал қайта егу 6 жасында жүргізіледі. Вакцинаның екі дозасын алу ауруға қарсы тұрақты иммундық қорғанысты қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасында қызылшаның таралуын болдырмау мақсатында жоспарлы иммундаумен қатар қосымша профилактикалық іс-шаралар да жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 19 ақпандағы №3 қаулысына сәйкес, эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалардың жекелеген жас топтарын қосымша және толықтыра иммундау шаралары көзделген.

Аурудың алдын алу үшін ата-аналар балаларының профилактикалық екпелерді уақытылы алуын қадағалап, екпе мәртебесін тексеруі қажет. Егер бала белгіленген мерзімде вакцина алмаған болса, тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, екпе алу мәселесін шешу маңызды.

Қызылшаға тән белгілер байқалған жағдайда өз бетінше емделуге жол бермей, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында науқасты басқа адамдардан оқшаулап, балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен білім беру мекемелеріне жібермеу, адамдар көп жиналатын орындарға бармау және дәрігерді үйге шақыру ұсынылады.

Қызылшаның алдын алу – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Профилактикалық екпелерді уақытылы алу, аурудың алғашқы белгілеріне назар аудару және санитариялық-профилактикалық талаптарды сақтау арқылы инфекцияның таралу қаупін төмендетуге болады.
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық- эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы 
19 қараша 2026 ж. 50 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10556)

21 қараша 2026 ж.

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

№86 (10554)

14 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 417
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 534

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30