» » Қызылшаның алдын алу – қоғам денсаулығын сақтаудың маңызды шарты

Қызылшаның алдын алу – қоғам денсаулығын сақтаудың маңызды шарты

Қызылша – өте жұқпалы вирустық инфекциялық аурулардың бірі. Бұл ауру көбіне балалар арасында кездескенімен, екпе алмаған ересектер де қызылшамен ауыруы мүмкін. Қызылша адамнан адамға ауа-тамшы жолы арқылы тарайды, яғни жөтелу, түшкіру немесе науқас адаммен жақын қарым-қатынаста болу арқылы жұғады. Сондықтан оның алдын алу шараларын сақтау қоғам денсаулығын қорғауда ерекше маңызға ие.
Қызылшаның негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызарып жасаурауы жатады. Аурудың 3–5 күні шамасында денеде қызыл бөртпелер пайда болады. Бөртпе әдетте алдымен бет пен мойыннан басталып, кейін бүкіл денеге таралады. Кей жағдайларда қызылша ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Мәселен, өкпе қабынуы, құлақ қабынуы, энцефалит сияқты асқынулар денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді әрі сенімді жолы – вакцинация. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға қызылшаға қарсы екпе екі рет салынады: алғашқысы 1 жасында, ал екіншісі 6 жасында жүргізіледі. Вакцина адамның иммундық жүйесін күшейтіп, аурудың таралуын төмендетуге мүмкіндік береді. Екпе алған адамдарда қызылшамен ауыру қаупі айтарлықтай азаяды.
Сонымен қатар, аурудың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау маңызды. Қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету, адамдар көп жиналатын орындарда санитариялық талаптарды сақтау инфекцияның таралу қаупін төмендетеді. Егер адамда қызылшаға ұқсас белгілер байқалса, өздігінен емделмей, міндетті түрде медициналық мекемеге жүгіну қажет. Науқас адамдармен байланыста болған жағдайда да дәрігер кеңесіне жүгінген дұрыс.
Қорыта айтқанда, қызылша – алдын алуға болатын ауру. Уақтылы вакцина алу, санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау және ауру белгілері байқалған кезде дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы бұл инфекцияның таралуын азайтуға болады. Қоғамдық денсаулықты сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн.
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы 
05 наурыз 2026 ж. 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

№36 (10504)

16 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 158
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 728

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031