ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
«Әділет» партиясы Байқоңыр филиалының қолдауымен Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы емханасында әйелдерге арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – әйелдер арасында аурулардың алдын алудың маңызын түсіндіру, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
Ашық есік күніне қатысқан әйелдер медициналық мамандардың кеңесін алып, денсаулық жағдайын тексеруге және профилактикалық тексерулерден өтуге мүмкіндік алды. Дәрігерлер әйелдер денсаулығына қатысты маңызды мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауруларды ерте анықтаудың және уақтылы медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығына тоқталды.
Ашық есік күні барысында дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, дене белсенділігін арттыру, тұрақты медициналық тексеруден өту және аурулардың алдын алу мәселелері бойынша пайдалы ақпараттар берілді.
Әйел – отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Сондықтан әйелдердің денсаулығын сақтау тек жеке адамның ғана емес, тұтас отбасы мен қоғамның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Денсаулыққа немқұрайлы қарамай, уақытылы тексеруден өту – көптеген аурулардың алдын алудың тиімді жолы.
«Әділет» партиясы Байқоңыр филиалы тұрғындардың әлеуметтік және медициналық мәселелеріне тұрақты назар аударып, халықпен тікелей кездесулер мен қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастырады.
Мұндай бастамалар тұрғындардың денсаулық мәдениетін арттырып, профилактикалық медицинаның маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
















