ВАКЦИНАЦИЯ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ!
Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді және ғылыми тұрғыдан дәлелденген әдістерінің бірі. Адам денсаулығын сақтау, қауіпті инфекциялардың таралуын болдырмау және олардың асқыну қаупін төмендету мақсатында профилактикалық екпелердің маңызы зор. Вакцинация арқылы көптеген жұқпалы аурулардың таралуын азайтуға және адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады.
Вакцина ағзаға енгізілгеннен кейін иммундық жүйе белгілі бір инфекцияға қарсы қорғаныс қалыптастырады. Нәтижесінде адам ауру қоздырғышымен кездескен жағдайда оның ағзасы инфекцияға қарсы күресуге дайын болады. Вакцинация аурудың жұғу қаупін төмендетуге, ал инфекция жұққан жағдайда оның ауыр өтуі мен асқынуының алдын алуға көмектеседі.
Бүгінгі таңда вакцинация арқылы қызылша, қызамық, көк жөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, вирустық гепатиттер және басқа да қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Сонымен қатар адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жатыр мойны обырының даму қаупін төмендетудің маңызды профилактикалық шарасы болып табылады.
Қазақстан Республикасында профилактикалық екпелер Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Балаларға жас ерекшеліктеріне қарай белгіленген мерзімдерде вакцина салынады. Екпелердің уақытылы жүргізілуі баланың иммундық қорғанысын қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Сондықтан ата-аналар балаларының егу күнтізбесін қадағалап, профилактикалық екпелерді уақытылы алуын қамтамасыз етуі қажет.
Вакцинация тек жеке адамның денсаулығын қорғап қана қоймай, қоғамда жұқпалы аурулардың таралуын шектеуге де ықпал етеді. Халықтың басым бөлігі вакцинациямен қамтылған жағдайда инфекцияның таралу мүмкіндігі төмендейді. Бұл әсіресе денсаулық жағдайына байланысты екпе ала алмайтын адамдарды, нәрестелерді және иммунитеті әлсіреген азаматтарды қорғауда маңызды.
Профилактикалық екпелердің қауіпсіздігі мен тиімділігі ғылыми зерттеулер арқылы бағаланады. Вакцинациядан кейін екпе салынған жерде ауырсыну, қызару, дене қызуының аздап көтерілуі сияқты уақытша реакциялар байқалуы мүмкін. Көп жағдайда мұндай белгілер өздігінен басылады. Екпе алдында медицина қызметкері адамның денсаулық жағдайын бағалап, қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтайды.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде вакцинацияға қатысты түрлі жалған ақпараттардың таралуы ата-аналар арасында алаңдаушылық туғызуда. Сондықтан екпелер туралы мәліметтерді тек ресми медициналық дереккөздерден алып, туындаған сұрақтар бойынша медицина қызметкерлерінен кеңес алу маңызды.
Құрметті аудан тұрғындары! Өз денсаулығыңыз бен балаларыңыздың болашағына жауапкершілікпен қараңыздар. Профилактикалық екпелерді уақытылы алу арқылы жұқпалы аурулардың алдын алуға және олардың ауыр асқыну қаупін төмендетуге болады.
Есіңізде болсын, вакцинация – өзіңізді, жақындарыңызды және қоғамды қауіпті жұқпалы аурулардан қорғаудың тиімді жолы!
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы

















