Екпені дер кезінде алу – қоғамдық денсаулықты қорғаудың негізгі тетігі
Жұқпалы аурулардың алдын алу – халық денсаулығын сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі. Осы орайда профилактикалық екпелердің рөлі ерекше. Вакцинация қауіпті инфекциялардан қорғаныс қалыптастырып, аурудың асқыну және өлім-жітім қаупін едәуір төмендетеді.
Қазақстан Республикасында профилактикалық егулер ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі. Күнтізбе 21 түрлі инфекциялық аурудың алдын алуға бағытталған. Олардың қатарында туберкулез, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, пневмококк және гемофильді инфекциялар, қызылша, қызамық, паротит, сондай-ақ А және В гепатиттері бар.
Жоспарлы екпе егу перзентханадан басталып, баланың жас ерекшеліктеріне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы күндері БЦЖ және В гепатитіне қарсы вакцина салынады. 2, 3, 4 айлық кезеңдерде полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, гемофильді және пневмококк инфекцияларына қарсы кешенді егулер жүргізіледі. 12–15 айда қызылша, қызамық, паротитке қарсы вакцинация жасалады. Мектеп жасында және жасөспірім кезеңінде ревакцинация жалғасады. Ересектерге сіреспе мен дифтерияға қарсы қайта егу әр 10 жыл сайын жүргізілуі тиіс.
Профилактикалық егулерді тек арнайы оқытылған, рұқсаты бар медицина қызметкерлері жүргізеді. Әрбір вакцина +2…+8°C температурада сақталуы керек. Егу алдында дәрігер немесе фельдшер азаматтың денсаулық жағдайын тексеріп, екпе алуға жарамдылығын анықтайды. Вакцина салынғаннан кейін 30 минут бойы медициналық бақылауда болу – міндетті талап.
Профилактикалық егулерден бас тарту жағдайлары да кездеседі. Мұндай жағдайларда ата-аналар көбіне діни себептерді немесе интернеттегі шындыққа жанаспайтын ақпараттарды алға тартады. Дегенмен, жұқпалы аурулардың асқыну қаупі өте жоғары екенін, тіпті өлім жағдайына әкелуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн.
Вакцинацияның нәтижесінде адамзат тарихында миллиондаған адамның өмірін жалмаған табиғи шешек, полиомиелит сияқты дерттер жойылды. Сонымен қатар дифтерия, сіреспе, қызылша және қызамық ауруларының ауыр асқынуларын азайтуда екпенің рөлі зор. Және де жоспардан тыс вакцинация да жүргізіледі: мысалы, кәріз жүйесінде жұмыс істейтін мамандарға іш сүзегіне қарсы, қауіпті инфекция тіркелген ошақтарда қарым-қатынаста болған адамдарға эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екпелер салынады.
2024 жылдың қазан айынан бастап 11–13 жастағы қыз балаларға Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация жүргізілуде. АПВ – әлемде кең таралған вирус, оның 14 түрі онкогенді болып табылады. Енгізілген вакцина жатыр мойны обырының даму қаупін 90 пайыздан астамға төмендететіні дәлелденген. Бұл тәжірибе бүгінде әлемнің 140-тан астам елінде қолданылады.
Қорытындылай келе, екпе – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі ғылыми тұрғыдан дәлелденген әдісі. Вакцинация әр азаматтың ғана емес, бүкіл қоғамның денсаулығын қорғауға бағытталған. Сондықтан профилактикалық егулерді дер кезінде алып, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – әрбір адамның міндеті.
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық
санитариялық – эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы














