ЕКПЕНІ ДЕР КЕЗІНДЕ АЛУ ТИІМДІ
Ауырып ем алғанша, аурудың алдын алған әлдеқайда тиімді. Оның бір жолы екпе алу болып саналады. Екпе көптеген жұқпалы аурудың алдын алып, адамдардың ауырмауына, инфекциялық аурулар жұққанда оны жеңіл өткізуге бірденбір сеп. Осы орайда аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әлия Ідірісовамен жолығып, сауалдар қойған болатынбыз.
– Әлия Нұрмағанбетқызы, ауданымызға жаңадан келіп жатыр екенсіз, қызметіңізге сәттілік тілейміз. Негізгі тақырыбымыз екпе жайында болғандықтан, тіке сұрағымызға көшсек, жалпы елімізде қандай ауруларға қарсы екпелер салу қарастырылған?
– Ауруды кейін емдеуге қарағанда, алдын ала ескерту жеңілірек. Әсіресе, ауыр инфекцияларға қатысты, ол – гепатит, полиомиелит, туберкулез, дифтерия, сіреспе және тағы басқа да жұқпалы аурулар. Осы аурулардың алдын алу мақсатында елімізде ҚР Үкіметінің 2020 жылдың 24 қыркүйегінде №612 қаулысымен бекітілген ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес балаларға жоспарлы профилактикалық егулер жүргізіледі. Барлық міндетті екпелер (мемлекеттік емханада немесе тіркелген жеке емханада) бюджет қаражаты есебінен тегін жүргізіледі. ҚР Ұлттық алдын ала егу кестесі 21 түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға бағытталған, ол – туберкулез (БЦЖ), оба, тұмау, А, В түрдегі гепатитке қарсы, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе (АКДС), В типті гемофильді инфекция, пневмококк инфекциясына қарсы екпе, қызылша, қызамық және паротит инфекциясы, тағы басқа. Екпе тек медициналық мекемелерде арнайы егу бөлмесінде жүргізіледі, себебі екпелерді арнайы жыл сайын оқытылған, рұқсат алған егу аяжанымен салынады. Сонымен қатар жұқпалы аурулардың алдын алуда пайдаланатын вакциналарды +2-+8 С мұздай тізбекте сақталуы тиіс. Екпені кешіктіріп алу балаға ауруды «жұқтырып алу» қаупін күшейте түседі.
ҚР жоспарлы екпелерге тоқталар болсам, бірінші – перзентханада, 1-4 күндерде туберкулезге (БЦЖ) және В гепатитіне қарсы егулер жүргізіледі. Сәбидің 2 және 4 айындағы жасында В гепатитіне, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе (АКДС) және В типті гемофильді инфекцияға қарсы бір ине шаншумен кешенді екпе салынады. Аталған екпемен қоса, пневмококк инфекциясына қарсы екпе салынады. 3 айда көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге (АКДС), полиомиелитке және В типті гемофильді инфекцияға қарсы қайталама егулер жасалады. 12-15 ай аралығында қызылшаға, қызамыққа және паротит инфекциясына қарсы екпе жасау, сондай-ақ, полиомиелитке және пневмококк инфекциясына қарсы екпе алуды қайталау қажет болады. 1,5 жаста АКДС ревакцинациясы, полиомиелит және В типті гемофильді инфекция. Тағы да, мектеп жасындағы балалар бірнеше екпе алады. «А» гепатитінің вакцинасы 2 жаста және 2 жас 6 айда екі турмен салынады. 6 жаста, яғни мектеп алдында қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы екінші қайта егу мен дифтерия, көкжөтелге (АДС) қарсы екпе жасалады. Сіреспе мен дифтерияға қарсы қайта екпе (АДС М) баланың 16 жасында, одан әрі 10 жыл сайын ( 26, 36, 46, 56 жаста) қайталап тұру қажет.
Қазақстанда вакциналау тегін жүргізіледі. Ол барлық қазақстандық үшін, сонымен қатар басқа елдерден келген қонақтар үшін әркезде қолжетімді. Жыл сайын сәуір айында өткізілетін Дүниежүзілік иммундау апталығы кезінде барлық адам мекенжай бойынша тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан тұрғылықты жері бойынша емханада вакцина салғызуға мүмкіндік беріледі.
– Екпелер жүргізуге қойылатын талаптарға толығырақ тоқталсаңыз?
– Профилактикалық егулерді жоғары және орта медициналық білімі бар, егуді жүргізу техникасы ережелеріне, вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулар дамыған жағдайда кезек күттірмейтін көмек тәсілдеріне оқытылған, егулерді жүргізуге рұқсаты бар медқызметкерлерге профилактикалық егулерді жүргізуге рұқсат етіледі. Рұқсатты жыл сайын медициналық ұйым жанынан арнайы құрылған профилактикалық егулер жүргізуге рұқсат беру жөніндегі комиссия береді. Профилактикалық егулер медициналық ұйымдардың және білім беру ұйымдарының арнайы жабдықталған егу кабинеттерінде жүргізіледі.
Елді мекенде профилактикалық егулер жүргізу үшін жағдай болмаған кезде профилактикалық егулерді тиісті жылжымалы егу бригадасы жүзеге асырады. Профилактикалық егулерді жүргізу алдында егілетін адамның медициналық құжатына профилактикалық егуді жүргізуге рұқсатын ресімдей отырып, егілетін адамды міндетті түрде дәрігер, ал ол болмаған кезде фельдшер тексеріп қарайды. Дәрігер немесе фельдшер тексеріп қарағаннан кейін егілетін азаматтардан, кәмелеттік жасқа толмағандардың ата-аналарынан профилактикалық егулер жүргізуге келісім алғаннан кейін екпе жасалынады. Егілген адамдар вакцинациялаудан кейінгі реакциялар мен асқынулар пайда болған жағдайда дер кезінде шаралар қабылдау үшін профилактикалық егулер алған медициналық ұйымда 30 минут бойы бақылауда болады. Барлық жүргізілген профилактикалық егулер медицина қызметкерімен есепке алынып, баланың медициналық құжаттарына (балаларда – профилактикалық егу картасы (063/у нысаны), баланың даму тарихы (112/у нысаны), баланың медициналық картасы (026/у нысаны), амбулаториялық науқастың медициналық картасына жасөспірімге арналған қосымша парақ (025-1/у нысаны) түсіріледі. Аудан бойынша 17 егу кабинеті бар, ағымдағы жылдың 5 айында аудан бойынша 7 мыңға жуық бала егіліп, мақсатты топтағы балаға шаққанда қамту көрсеткіші тиісті оптималдық деңгейден төмен қамтылған.
– Екпелерден бас тартушылар туралы айта өтсеңіз?
– Жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші жалпы аудан бойынша төмен орындалуының бір себебі осы екпелерден ата-аналардың бас тартуы болып отыр. Аудан бойынша егуден бас тартқандар саны бүгінгі таңда 12-ге жетті, оның 2-еуі аудандық емханаға қарасты, 10-ы Байқоңыр қаласына қарасты. Себептерін айтатын болсақ, 2 бала діни көзқараспен, 10 бала интернет жүйесі арқылы алынған негізсіз теріс ақпараттарды негізге алып бас тартуда. Әрине, әр атаананың баласына екпе салдырмауға құқығы бар. Себебі олар 18 жасқа дейін өз баласының өмірі мен денсаулығына жауапты. Бірақ екпеден бас тартуға бел буған атаана медициналық тұрғыдан саналы қадам екеніне көз жеткізуі керек, себебі жұқпалы ауру өзінің асқынуларымен өте қауіпті, тіпті өлім жағдайына дейін апаратынын естен шығармаған абзал. Бүгінгі таңда осы екпелерден бас тартқан ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары белсенді жүргізілуде.
– Екпенің маңыздылығы қандай?
– Екпе (вакцина) – микроорганизмдерден (бактерия, вирус, т.б.) алынып, адам мен жануарлар организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препараттар. Иммундаудың арқасында бұрын он мыңдаған бала мен ересектің денсаулығына орны толмас зардап келтірген, тіпті өлімге әкелген кейбір аурулар (табиғи шешек, полиомиелит) толығымен жойылды. Полиомиелит балалардың сал болып қалу қаупін тудырған болса, шешек адамдардың бет пішінін бұзды, кейде адамдар шешектен көз жұмып жатты. Сондайақ екпе дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамықтың асқынуының (ентігу, тұншығу, пневмония, қызамықпен ауырған анадан туылған баланың туа пайда болған кемтарлығы және т.б.) алдын алуға мүмкіндік берді. Соның арқасында адамдар жұқпалы аурудың қаншалықты ауыр дәрежеде өтетінін ұмытты. Оған қоса, сатылы егудің арқасында гепатиттің «А» және «В» вирусты түрлері азайып отыр. «А» вирусты гепатит ауруына қарсы, грипке қарсы екпелер жоспардан тыс салынады. Бұдан басқа жыл сайын обаға қарсы екпе салынды. Кәріз жүйесінің айналасында қызмет ететін мамандарына 3 жыл сайын іш сүзегі ауруына қарсы екпе егіледі. Сонымен қатар қандай да бір инфекция бас көтерсе, сол ауру тіркелген ошақта шұғыл түрде қарым-қатынаста болған адамдарға екпе жүргізіледі.
– Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация туралы да айта отырсаңыз?
– Өткен 2024 жылдың қазан айының 15-інен бастап Қызылорда облысында, оның ішінде Қармақшы ауданында да Адам папиллома вирусына қарсы 11-13 жастағы қыз балалар арасында екпе жүргізу ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Аталмыш екпені кестеге енгізу себебі, «Адам папиллома вирусы әлемде ең көп таралған вирус. Оның алуан түрі бар. Қазірге дейін зерттелген штамдарының өзі 200-ден асады, оның 14-і онкогенді ауруларды тудырады. «Бұл вирус шырышты қабаттар арқылы жұғуы мүмкін. Қол алысқан кезде, бассейнге барғанда және жыныстық жолмен де беріледі. Бұл вирусты жұқтырған кезде адамдарда еш симптомсыз болады. Оны тіпті жұқтырғанын білмеуі де мүмкін. Бізде көбіне 30 жастан асқан кездегі скринингті тексеру барысында анықталуда науқастар. Қазақстанда енгізілген екпе АПВның 4 түрін алдын алуға бағытталған. Айта кету керек, АПВ вакцинасы әлемнің 147 елінде, оның ішінде көршілес Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларында да жүргізілуде. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90 пайыздан астамға төмендетеді. Басқа да АПВмен байланысты ісіктердің дамуын азайтады және АПВ инфекциясынан қорғануға көмектеседі.
– Екпе жөнінде тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Екпе – жай ғана рәсім емес, ол баланы ауыр дерттерден қорғаудың тиімді жолы. Әрине, 100 пайыз кепілдік бермейді, бірақ аурудың асқыну қаупін айтарлықтай азайтады. Қандай шешім қабылдаса да, бұл – ата-ананың жауапкершілігі. Бірақ шешімді тек жүрекпен емес, біліммен де қабылдаған жөн. Екпе туралы айтқанда, көпшіліктің ойына бірден балалар түседі. Алайда вакцинация тек балалық шақта ғана емес, ересек жаста да қажет. Ересектер де түрлі жұқпалы ауруларға шалдығуы мүмкін, сондықтан оларды алдын ала болдырмау маңызды. Бүгінде вакцина – тек өз денсаулығыңыз үшін емес, айналаңыздағы адамдар үшін де, қоғам үшінде маңызды. Қаншалықты көп адам егілсе, аурудың таралу қаупі соғұрлым аз болмақ. Сондықтан маман ретінде жұқпалы ауруларға қарсы екпелерді дер кезінде және толық алуға шақырамын.
– Сұхбатымыз жалпы халыққа пайдалы болады деген ойдамыз, Сізге көп рақмет!
Әңгімелескен
Сәрсенкүл АҚКІСІ