Екпе алу – маңызды!
Індеттің зардаптарынан қорғану үшін иммундаудан өтудің қажеттілігі өте үлкен. Өйткені ұжымдық иммунитеттің арқасында инфекциялардың эпидахуалы біршама тұрақтанады. Вакцинация - індетке қарсы ең тиімді жол! Соңғы уақытта көпшілік арасында вакцинация, яғни екпе туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Вакциналау көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ертеден-ақ кең қолданылып келеді.
Вакцинация балалар мен ересектерді полиомиелит, қызамық, қызылша, көкжөтел, гепатит, сіреспе, туберкулез сияқты қауіпті аурулардан қорғауға көмектеседі. Оған басым көпшілік түсіністікпен қарайды.
Вакциналарға қарсы адамдар әрдайым болғанымен, көпшілік XXI ғасырдың ең үлкен денсаулық жетістіктерінің бірі ретінде вакцинациялауды қолдайды.
Егулерге қарсы үгіттеу еліміздің кейбір аймақтарында әлі де тіркелуде. Ол халық денсаулығына үлкен зиян келтіруде. Мысалы, ТМД елдерінде 90-жылдары дифтерия сырқаты өршіген. Қазақстанда дифтерияның өршуі 1995 жылы тіркелді. Өршу жағдайы халықты вакциналау арқылы ғана тоқтатылды.
Вакциналау арқылы бүгінгі таңда 20-дан аса жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және оларды тегін алуда. Бірақ соңғы жылдары қоғамда егу мәселесіне теріс қарайтындар (әсіресе, діни ағымдар жетегінде жүргендер арасында), тіпті оған қарсы пікір айтатындар пайда болды. Оның тиімділігін теріске шығарып, жас балаларын жұқпалы ауруларға қарсы еккізбеудің салдарынан кей аймақтарда қауіпті инфекциялар бас көтеріп, сәбилерді ауруға ұшыратып, келеңсіз жағдайларға жеткізіп жатқаны өкінішті.
Вакциналау – инфекциялық аурудың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Егер вакцина алсақ, біз өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз.
Қазақстан Республикасында балаларға жоспарлы профилактикалық егулер Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Барлық екпелер бюджет қаражаты есебінен тегін жасалады. Вакцина адамға ауру туғызбайды, керісінше иммунитет қалыптастырады.
А.Әбжаппарова,
Қармақшы аудандық СЭББ басшы орынбасары