Туберкулездің алдын алу жолдары
Туберкулез – адамзатқа ертеден белгілі, бүгінгі күні де өзекті мәселелердің бірі болып отырған жұқпалы ауру. Бұл дерт көбінесе өкпені зақымдайды және ауа арқылы тез таралуымен қауіпті. Сондықтан туберкулездің алдын алу – әр адамның ғана емес, бүкіл қоғамның маңызды міндеті.
Аурудың негізгі көзі – туберкулезбен ауыратын адам. Жөтелу, түшкіру немесе сөйлесу кезінде микобактериялар ауаға тарап, сау адамға жұғуы мүмкін. Әсіресе, жабық әрі желдетілмейтін орындарда инфекцияның таралу қаупі жоғары болады. Сонымен қатар, иммунитеті әлсіреген адамдар бұл ауруға жиі шалдығады.
Туберкулездің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – вакцинация. Балаларға жасалатын БЦЖ екпесі аурудың ауыр түрлерінен қорғайды. Бұл екпе ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген және міндетті түрде жасалуы тиіс.
Сонымен қатар, әр адам жеке гигиена талаптарын қатаң сақтауы қажет. Қолды жиі жуу, жеке заттарды ортақ пайдаланбау – инфекцияның таралуын азайтады. Үй-жайларды жиі желдетіп, тазалықты сақтау да маңызды.
Дұрыс тамақтану – иммунитетті нығайтудың негізгі кепілі. Ағза жеткілікті мөлшерде дәрумендер мен пайдалы заттарды алса, ол түрлі инфекцияларға төтеп бере алады. Сондықтан күнделікті рационда көкөністер, жемістер, ет және сүт өнімдері болуы тиіс.
Салауатты өмір салтын ұстану да туберкулездің алдын алуда үлкен рөл атқарады. Темекі шегу мен алкогольді тұтыну ағзаның қорғаныш қабілетін төмендетеді. Ал тұрақты дене белсенділігі мен таза ауада серуендеу керісінше иммунитетті күшейтеді.
Тағы бір маңызды шара – уақытылы медициналық тексеруден өту. Ересектер жылына кемінде бір рет флюорографиядан өтуі керек. Бұл ауруды ерте кезеңде анықтауға және дер кезінде емдеуді бастауға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, туберкулез – алдын алуға болатын ауру. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қарапайым сақтық шараларын ұстанса, бұл дерттің таралуын азайтуға болады. Денсаулық – ең басты байлық, сондықтан оны сақтау әркімнің міндеті.
Қ.Құрақбаева,
Қармақшы аудандық санитариялық- эпидемиолоиялық
бақылау басқармасының жетекші маманы















