Тұмау және ЖРВИ: белгілері, емі және алдын алу
Тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) – қазіргі таңда ең кең таралған жұқпалы аурулар қатарына жатады. Әлемдік статистика бойынша, барлық инфекциялық аурулардың ішінде олардың үлесі 95%-ға дейін жетеді. Бұл аурулар жыл сайын, әсіресе күз-қыс мезгілінде жиілеп, халықтың барлық жас топтарына әсер етеді. Тұмау қарапайым суық тию ауруы емес, ол ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін қауіпті вирустық инфекция болып табылады.
Тұмау – кенеттен басталатын, ағзаны тез әлсірететін ауру. Ол көбінесе дене қызуының күрт жоғарылауымен, қатты бас ауруымен, бұлшықет пен буындардың сырқырауымен, әлсіздікпен сипатталады. Кей жағдайларда температура 39–40 градусқа дейін көтеріледі. Тұмаудың алғашқы күндерінде мұрыннан су ағу байқалмауы мүмкін, бұл оның басты ерекшеліктерінің бірі. Аурудың белсенді кезеңі әдетте 3–5 күнге созылып, толық сауығу 7–10 күн ішінде жүреді.
Ал ЖРВИ – тыныс алу жолдарын зақымдайтын вирустар тобының жалпы атауы. Ол тұмауға қарағанда жеңілірек өтеді және біртіндеп басталады. Алғашқы белгілері – мұрыннан су ағу, тамақтың қышуы немесе ауыруы, жөтел және жалпы әлсіздік. ЖРВИ кезінде дене қызуы көбіне жоғары болмайды немесе орташа деңгейде болады. Жөтел бастапқыда құрғақ болып, кейін ылғалды түрге ауысуы мүмкін.
Тұмау мен ЖРВИ негізінен ауа-тамшы жолымен таралады. Науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде ауаға вирустар бөлініп, айналасындағыларға жұғады. Сонымен қатар, вирус жұққан беттерге қол тигізіп, кейін қолды көзге, мұрынға немесе ауызға тигізу арқылы да инфекция жұқтыруға болады.
Аталған ауруларды емдеуде ең бастысы – уақытылы және дұрыс күтім. Науқас адам үй жағдайында демалып, көп мөлшерде сұйықтық ішуі тиіс. Дәрігердің кеңесінсіз антибиотиктерді қабылдау ұсынылмайды, себебі бұл аурулар вирустық сипатта болады. Қажет болған жағдайда қызуды түсіретін және симптоматикалық дәрілер қолданылады. Ауыр жағдайларда міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.
Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу – әрбір адамның өз қолында. Ең тиімді әдіс – вакцинация. Сонымен қатар, жеке гигиена талаптарын сақтау, қолды жиі жуу, маска тағу, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, бөлмелерді үнемі желдету маңызды. Дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы және физикалық белсенділік те иммунитетті күшейтіп, аурудың алдын алуға көмектеседі.
Егер адамда ауру белгілері пайда болса, ол үйде қалып, басқа адамдармен байланысын шектеуі қажет. Жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды жабу, жеке гигиенаны сақтау және медициналық көмекке жүгіну – инфекцияның таралуын азайтудың маңызды шаралары.
Қорытындылай келе, тұмау мен ЖРВИ – кең таралғанымен, олардың алдын алуға және асқынусыз өткізуге толық мүмкіндік бар. Ол үшін әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қарапайым профилактикалық шараларды сақтауы қажет.
Айдана Нұрланқызы,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының жетекші маманы













