Химиялық уланудың алдын алу – әр отбасының міндеті
Қазіргі таңда тұрмыста химиялық заттарды қолдану күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Әртүрлі тазартқыш және жуғыш құралдар, ағартқыштар, аэрозольдер, желімдер мен бояулар үй шаруашылығында кеңінен пайдаланылады. Алайда бұл заттарды дұрыс қолданбау немесе қауіпсіздік талаптарын сақтамау химиялық улануға әкелуі мүмкін.
Химиялық улану – адам ағзасына улы заттардың түсуі нәтижесінде туындайтын қауіпті жағдай. Ол көбінесе химиялық заттардың буын тыныс алу арқылы жұтқанда, теріге немесе көзге тигенде, сондай-ақ кездейсоқ ішке қабылдағанда орын алады. Әсіресе балалар үшін қауіп жоғары, себебі олар тұрмыстық химия құтыларын ойыншық немесе тағам деп қабылдап, пайдаланып қоюы мүмкін.
Улану белгілері қолданылған заттың түріне және ағзаға түсу жолына байланысты әртүрлі болады. Көбінесе бас ауруы, әлсіздік, бас айналу, жөтел, жүрек айну, тамақ пен көздің ашуы, іштің ауыруы сияқты белгілер байқалады. Ауыр жағдайларда есінен тану, тыныс алудың қиындауы, құрысулар орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, жедел әрекет ету өте маңызды.
Ең алдымен, зардап шегушіні қауіпті ортадан алыстатып, таза ауаға шығару немесе бөлмені желдету қажет. Егер химиялық зат теріге немесе көзге тиген болса, зақымданған аймақты көп мөлшерде таза сумен жақсылап шаю керек. Дәрігер кеңесінсіз зардап шеккен адамға тамақ, сусын немесе дәрі беруге болмайды. Сондай-ақ өздігінен құстыруға қатаң тыйым салынады, себебі бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Улануға күдік туған жағдайда дереу жедел жәрдем шақыртып, медициналық көмекке жүгіну қажет.
Көп жағдайда химиялық улану кездейсоқ емес, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан орын алады. Сондықтан оның алдын алу үшін қарапайым, бірақ маңызды талаптарды сақтау қажет. Атап айтқанда, барлық химиялық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау, оларды ешқашан тағам немесе сусын құтыларына құймау, қолданар алдында нұсқаулықпен мұқият танысу, сондай-ақ жұмыс барысында жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажет. Сонымен қатар әртүрлі химиялық заттарды араластыруға болмайды, өйткені бұл қауіпті химиялық реакцияларға әкелуі мүмкін.
Қорытындылай келе, химиялық заттарды қауіпсіз пайдалану – әр адамның күнделікті жауапкершілігі. Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығы мен өмірін қорғауға болады.
А.Смайлова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы

















