Сарып ауруынан қалай сақтануға болады?

Сарып, бруцеллез - жануардан адамға жұғатын өте қауіпті жұқпалы ауру. Негізінен аурудың таралуында ұсақ жəне ірі қара мал маңызды рөл атқарады, əсіресе ұсақ малдар (қой мен ешкі) аурудың ауыр түрлерін таратады. Ал ірі қара малдағы сарып ауруы қоздырғышы (ұсақ мал сарып қоздырғышымен салыстырғанда) адам үшін аса қауіпті емес жəне ауру ағымы жеңілірек болады.
Сарып ауруының қоздырғышы туралы. Сарып қоздырғышы жануарлар ағзасында өмір сүріп, көбейеді жəне сыртқы ортаға сүт, зəр шығару, төлдеу мен түсік арқылы бөлінеді. Сыртқы ортада сарып қоздырғышы көпке дейін өмір сүреді. Мысалы, суда, топырақта, шөпте үш айға дейін, етте – 40 күн, кептірілген жəне мұздатылған өнімдерде бірнеше ай бойы өмір сүре алады. Ал жоғары температураға сарып қоздырғышы өте сезімтал келеді жəне қайнату кезінде бірнеше секундта өледі. Адамдарға бұл ауру малдарға қарау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, ауру қоздырғышы бар ет, сүт жəне олардың өнімдерін (қайнатпай) тамаққа пайдаланудан жұғады.
Сарып ауруының негізгі белгілері, ауру жұқтырғаннан кейін 7-10 күн өткен соң біліне бастайды: адам өзінің жағдайының нашарлап, тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауыруып, делсал болып бойының ауыр тартқанын сезеді, емделмеген жағдайда ауру күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай малшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісіп ауырады. Дәрігерлерге көрінбей, өзінше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қол-аяқ буындары ісіп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгілетін болады. Ауру 2-3 жылдан көп жылға дейін созылып, кейбіреулер жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы мүмкін. Ауруды дұрыс емдемесе еңбекке жарамсыздыққа әкеледі, ал жүкті әйелдер Сарыппен ауырса, түсік тастайды.
Сарыптан сақтану жолдары қандай? Сарыптың тек ауру малдардан немесе мал өнімдерінен жұғатынын ескерсек, бірінші кезекте сақтану шараларын аурудың көзі болып табылатын себептерді жоюдан бастаған жөн. Мал шаруашылығымен айналысатын барлық жеке жəне заңды тұлғалар қолдағы барлық малдың қанын зертханалық тексеруден өткізіп отыруы, əсіресе жаңадан сатып алған (əкелген) малды міндетті жергілікті əкімдікке тіркетуі, ветеринариялық ұйымдарға хабарлауы жəне олардың қанын міндетті тексертулері, мал алу немесе сату кезінде мал дәрігеріне көрсетіп, малдың саулығы туралы анықтама алу керек. Сондықтан, мал иелеріне ветеринариялық-санитариялық талаптардысақтаудың маңызды міндет екенін ескере отырып, аса назар аударғанын қалаймыз.
Сарып ауруы байқалған шаруашылықтардан шетке мал шығарылмайды, шеттен келген мал тексеруден өтеді. Ауру мал жайылған өріске сау малды жаюға тыйым салынады. Ауру мал тұрған қора, алаң, аула көңнен тазартылып, дезинфекцияланады; іш тастаған малдың қағанағын, жатқан төсенішін, ластанған көңін өртейді. Ауру малды бағып қағушылар үстіне арнайы санитарлық киімдер: халат, резеңке етік пен қолғап, алдына су өтпейтіндей алжапқыш байлап, жұмыс істеген жөн. Ауру малды күтуші адам үнемі дәрігердің бақылауында болады. Ауру бағылатын қорада темекі тартуға, тамақтануға, демалыс жасауға болмайды. Жаңа туылған төлді үйге кіргізудің қажеті жоқ, себебі үйдегі балаларға, отбасы мүшелеріне ауру жұғуы мүмкін.
Орындалуы қарапайым ғана, жоғарыда көрсетілген ережелерді мұқият орындасаңыздар, тек сарып емес, малдан жұғатын көптеген басқа да аса- қауіпті аурулардан аулақ боласыздар!
Аудандағы сарып ауруынан эпидемиологиялық ахуал. 2025жыл қорытындысымен жедел және біріншілік созылмалы қосқанда 12 науқас тіркеліп, барлығы толықтай емін алып шықты. Тіркелгендердің ішінде 90 пайызы Жосалы кентінен тіркелді. Жыл көлемінде тек адамдар арасында емес 2 елді мекен бойынша уақ малдар арасында да сарып ауруы анықталып, ауру малдарды жою көздері жұмыстары жасалды.
Құрметті аудан тұрғындары және әлеуметтік желі қолданушылары! Өткен жылғы қалыптасқан тұрақсыз эпидемиологиялық ахуалды түзету, аурудың алдын алу, індетті болдырмау мақсатында өз және отбасымыздың денсаулығын, ұрпақ келешегін ойлап, жоғарыда аталған аурудың алдын алу шараларына аса мән бере отырып, ауруды болдырмауға ат салысайық!
Перизат Қобылашқызы,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасы басшысының міндетін атқарушы