Таңғы жаттығудың тамашасы
Түнгі ұйқыдан ояну – жаңа күннің бастамасы. Ал күніңіздің жарқын болуы өз қолыңызда. Ол үшін әр күнді таңғы жаттығумен бастағаныңыз абзал. Неге дерсіз? Біз ұйықтап жатқанда орталық жүйке жүйесі де тынығып, жүректің соғуы азайып, баяу тыныс аламыз. Бұлшық етіміз босаңсып, барлық ағзамыз толықтай демалады. Ал ұйқыдан оянғанда ағза мүшелерінің қызмет белсенділігі артады. Алайда бұл ұзаққа созылуы мүмкін. Ондай кезде адамның ұйқысы ашылмай, дел-сал күйге түсіп, ашушаң болады. Мұндай күйге түспес үшін жалқаулыққа жар бермей, дене жаттығуын орындау қажет. Себебі жаттығу жасау барысында қозғалысқа түскен бұлшық еттердің әсерінен ішкі органдардың жұмыс істеу қабілеті жақсарады. Ол адамның өзін сергек сезінуіне ықпал етіп, еңбекке деген ынтасын арттырады.
Бүгінде жетістікке жеткен ұлылардың өмір жолына үңілсек, таңмен таласа тұрып, күн нұрынан қуат алып, спортты жанына серік еткенін көреміз. Тіпті медицина ғылымының атасы Гиппократтың «Гимнастика, дене жаттығулары, жүру – жұмыс істеу қабілетін, денсаулығын, кемел қуанышты өмірін сақтағысы келген әр адамның күнделікті тұрмысына берік енуге тиіс» деген нақылы бар. Қазір дене жаттығуымен айналысуға кедергі жоқ. Тек ниет қажет. Таңертең дене шынықтыру үшін радио немесе теледидарда берілетін жаттығулар жүйесін пайдалансаңыз болады. Олар ыңғайсыздық тудырса, қалтафоныңыз да көмекке келе алады. Онда түрлі деңгейдегі жаттығу кешенінен құралған сан алуан бағдарлама бар. Қажеттісін таңдап, өзіңізге жүктесеңіз болғаны. Тіпті мүмкіндік болмаса, қарапайым жаттығуларды өздігіңізден жасай берсеңіз де артық етпейді. Ең бастысы – жалпы бұлшық ет атаулының, дененің неғұрлым көбірек қозғалғаны.
Айта кеткен жөн, әр адам – жеке тұлға. Сол себепті жаттығу таңдағанда әркім өз ағзасының жеке ерекшеліктерін ескеруі шарт. Өйткені денені шынықтыру организмге таза физиологиялық әсер етумен қатар, адамның көңіл күйіне де ықпалы мол. Сондықтан өзіңізге ұнамды жаттығулар легін таңдасаңыз, оның тиімділігі артып, нәтиже айқын болады. Алғашқыда жеңіл жаттығу түрінен басталған дене шынықтыруды әрі қарай күрделендіріп, түрлендіру өз еркіңізде. Таңғы жаттығуды дағдыға айналдырсаңыз көп ұзамайақ бойыңыздан оң өзгерістерді аңғарасыз. Ұйқыдан сергек оянып, тыныс алуыңыз жеңілдеп, күшқуатыңыз тасып, өмірге де жаңа көзқараспен қарайтыныңыз анық. Бойымызға қан жүгіріп, бұлшық ет нәрленіп, бетіміз әрленеді. Тіпті, ұдайы жаттығудың арқасында артық салмақтан арылуға да болады.
Сондай-ақ таңғы жаттығу үшін арнайы спорт залға барудың қажеті де жоқ. Өз бөлмеңізден шықпайақ айналысуға болады. Дегенмен, саф ауамен тыныстап жасаған жаттығудың денсаулық үшін әсері мол болмақ. Арайлана атқан күн сәулесінің өзі де көңілге қуаныш сыйлайды.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, тән саулығы – қашанда басты орында. Ал тәнімізді үнемі денемізді шынықтыру арқылы сауықтыра аламыз. Шығыс ойшылы ИбнСинаның «Дене жаттығуларымен қалыпты жне өз уақытында шұғылданып отырған адам ауруды құртуға бағытталған ешқандай емдеуді қажет етпейді» деген даналығына сүйенсек, дене жаттығуының адам өмірінде алар орны бөлек екенін аңғарамыз. Тәнім сау, жаным сұлу болсын десеңіз, таңғы жаттығуды серік етіп, өз өміріңізді нұрландырыңыз. Жалқаулықтың жетегіне еріп жата бересіз бе, әлде табысқа жетуге алғашқы қадам жасайсыз ба? Ерік өзіңізде...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ