Дұрыс тамақтану – саулық кепілі
Фото
«Ас – адамның арқауы» дейді халқымыз. Сол айтқандай-ақ, денсаулықты сақтау дұрыс тамақтанудан басталады. Тамақтағы қоректік заттар сапасы жағынан адам организмінің мұқтажын өтеуі қажет. Әсіресе тамақ нормасын әркім өз ақылымен мөлшерлеуі тиіс. Әрине, дастарқандағының бәрін тауыса ішіп-жеу мақсат емес. Мешкейлікті ата-бабамыз о бастан-ақ жек көріп, ең жағымсыз қылықтардың біріне санаған. Сол себепті, тамақты бойға мөлшерлеп ішіп-жеген дұрыс-ақ. «Ас десе асты-үстіне түсіп, құлқыны құру – хайуандық болса, керісінше, кекірейіп тамақ татпау – ноқайлық, тым құнықпа және ас ішуді де ұмытпа» дейді белгілі академик, физиолог И.Павлов.
Адам денсаулығы үшін дұрыс тамақтанудың маңызы зоp. Тамақтану аpқылы адам ағзаға қажетті заттаpды алады. Жүйелі тамақтанбау адам денсаулығына үлкен зиян тигізетінін сала мамандаpы да жиі айтып жүp. Тағамның шипалы түрлерін пайдалану аpқылы түрлі ауpуды емдеуге болатыны ерте кезден белгілі болған. Осының нәтижесінде дені сау және әртүрлі ауруға шалдыққан адамның тиімді тамақтануын, дұрыс тамақтанудың ғылыми негіздерін зерттеу және оны ұйымдастыру әдістерімен айналысатын диетология ғылымы қалыптасқан.
Негізінде төрт мезгіл тамақтану әрбір адамға тиімді. Өйткені асқазанға күш біркелкі түсіп, тамақ шырындарының тағамды толық өңдеп шығуын қамтамасыз етеді. Тамақты күн сайын белгілі бір мезгілде қабылдау асқазан сөлін неғұрлым шұғыл бөлу рефлексін қалыптастырады. Төрт мезгіл тамақтану кезінде тәуліктік рационды бөлу күн тәртібіне және әдеттенуіне байланысты реттеледі.
Сонымен қатар, тұтынатын тағамның да түрін өзгертіп отыру керек. Яғни ақуызға бай сүт, ірімшік, балық немесе ет, дәрумендер мен минерал тұздары көп көкөністер, жемістер біздің ағзамызға өте қажет. Тіпті ешқандай пайдалы заттары жоқ көкөністер мен жемістер де ағзаға қажет-ақ, өйткені олар денеде ас қорытатын шырындардың түзілуін қамтамасыз етеді. Ішектің қызметін ретке келтіреді және ағзадағы басы артық холестеринді сыртқа шығарып отырады.
Тамақты шамадан тыс көп ішіп-жеумен қатар, тамақтану режимін тәулігіне 1-2 ретке дейін қысқарту, кешкі мезгілде қатты тоя тамақтану көптеген адамдардың семіруіне апарып соғады. Ал ас ішу арасын алшақтату мидың тамақтану орталығын қатты қоздырып, адам ашқарақтанып, тамақты өзіне қажетті мөлшерден көп жейді. Ұйықтар алдында көп жеген тағам да зиян. Тамақтың қорытылуы, тағам заттарының қышқылдануы күндізге қарағанда түнде азаяды. Сөйтіп, майлы тағам денеге толық сіңбей, етке айналады.
Біздің ата-бабаларымыздың негізгі асты кешке қарай, күн батпай тұрып ішкені де дұрыс екені дәлелденіп отыр. Бірақ, әсіресе ұйқыға жатар алдында асқазанға көп күш салмаған дұрыс. Сонымен қатар бір-біріне сәйкес келмейтін астарды араластырмай тамақтанған жөн. «Ас біреудікі болғанымен, асқазан өзіңіздікі» деген тәмсілді берік ұстанып, талғаммен тамақтанған жөн-ақ. Себебі саулығымыз ең бірінші өзімізге керек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ