» » СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ САПАНЫ АРТТЫРАДЫ

СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ САПАНЫ АРТТЫРАДЫ

Биыл еліміздің теміржол саласы мерейлі 120 жылдық тарихын қарсы алып отыр. Тоғыз жолдың торабына айналған біздің өңіріміз де бұл мерекеден шет емес. Бір жағы оңтүстік, бір жағы батысты бетке алған болат жол мамандары ғасырдан аса уақыт елге маңдай тер еңбектерін сіңіруде.
Сыр-шежіресі сонау 1904 жылдан бастау алатын Жосалы теміржол вокзалы осы кезең аралығында сапарға шыққан талайдың құтты тұрағы болып, қызметін әлі күнге дейін үзбей көрсетіп жатыр. Вокзал үйін бір көргеннен-ақ кімге болсын көненің көзіндей тарихи ғимарат екенін анадайдан еске салады. Бұл Қазан көтерілісіне дейін Ресей патшасы ІІ Николайдың бұйрығымен Ресей қалалары мен Тәшкен аралығында жолаушы, жүк тасымалы байланысын орнату мақсатында салынғанын аға ұрпақ өкілі жақсы білгенімен, кейінгі буынға таныс болмауы мүмкін. Дегенмен басы жолаушы шуылынан тынбайтын вокзалдың халыққа қызмет етудегі де, тарихи жәдігер ретіндегі де маңызы ерекше екені ақиқат дүние. Вокзал демекші, бүгінде ғимараттың бірнеше зал, бөлмесі бар. Атап айтқанда, күту залы, билет сату, ақпараттық-анықтама, асхана бөлмесі, сауда орталығы, дәріхана, полиция бөлімшесі қызмет көрсетіп тұр.
Теміржолшылар мерекесінде аталған мекемеге бас сұғып, қазіргі жай-күйімен танысуды жөн санадық. Осы ретте Жосалы теміржол вокзалының бастығы, «Кәсібі бойынша үздік» атағының иегері Денис Хамовпен жүздесіп, әңгімелескенбіз.
Алдымен оның аз-кем еңбек жолына тоқтала кетейік. Денис Николаевич теміржол саласының білікті маманы. 1998 жылдан бері, яғни салада 26 жыл қызмет етіп келеді. Басшылықтың сенімімен 2012 жылы вокзал бастығы лауазымына тағайындалған. Теміржолда жастайынан тәжірибе жинақтаған ол басшылық қызметке дейін бірқатар сатыдан өтіп, абыройлы еңбек еткен. Атап айтар болсақ, анықтама беру бойынша кезекші, анықтама бюросының агенті, вокзал бойынша кезекші, вокзал бастығының кезекші көмекшісі жұмыстарын атқарып, мамандығының сыры мен қырына қаныққан. Орта мектептен соң Алматыдағы Қазақтың Транспорт және коммуникация академиясына оқуға түсіп, оны 2010 жылы бітіріп шығады.
Бір айтарлығы, Хамовтар отбасын теміржолшылар отбасы деп те айтуымызға негіз бар. Өйткені оның анасы Валентина Ким осы саланың майталманы. Саналы ғұмырының 35 жылын теміржолға арнаған ардақты жан.
– Валентина Борисовна менің анам. Бүгінде зейнет демалысында. Ұзақ жылдар вокзал бастығы болып қызмет істеді. Бұл қызметтің тұтқасын ұстау анамнан кейін маған бұйырды. Бала күнімнен анамның қасында жүріп, вокзал жұмысына қанықпын. Қандай жауапкершілігі мен талабы болатынын көзбен көріп өскенмін. Сол үшін де теміржол маған таңсық болған емес, – дейді ол сөзін әрі қарай сабақтап.
– Біздің вокзал 3 сыныпты катергорияға жатады. Жоба бойынша 200 жолаушыға арналған. Барлық қауіпсіздік шарасы сақталып, 24 сағат бойы электр энергиясымен қамтамасыз етіліп тұрады. Жолаушы пойызының келу, жүру уақыты алдын ала кезекшілікпен құлақтандырғыш арқылы хабарланады. Вокзал көпшілік орны болған соң тазалыққа мән береміз. Қажетті инвентарь, арнайы киім формасы міндеттелген. Тұрғындардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жолдың арғы бетіне өтуге аспалы көпір салынған. Жолаушының сұранысын қанағаттандыруда билет кассасы жоғары рөл атқарады. Ол заманауи технологиямен жабдықталған.
Енді вокзал қызметкерлеріне келер болсам, ұжымда 12 адам еңбек етеді. Оның бесеуі – Индира Жұмабекова, Саламат Жайсаңбаев, Ғазиза Алтаева, Дәурен Тілеген, Айгүл Алпановалар анықтама беру бойынша қызмет көрсетсе, алты адам – Мақсат Басшыбаев, Азат Матжанов, Жарқын Сүлеева, Эльмира Кушманова, Самат Мархабаев және Гауһар Сүлейменовалар вокзал бастығының кезекші көмекшілері болып істейді. Бір адамымыз – Жаңабек Үсенбай электр жөндеуші. Вокзал бастығының кезекші көмекшілері пойызды шығарып салады. Перронда қауіпсіздік жағдайларына жауапты. Халыққа көмектеседі. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі кісілер болып жатса, соларға жәрдем береді. Өзімізде оларға арналған арба бар. Қажет болған жағдайда соны шығарып береді. Егер қасында көмекші адамы болмаса, біздің қызметкерлер сүйемелдеп пойызға мінгізіп салады.
Әрине, алға қойған көптеген жоспарымыз бар. Солардың ішіндегісі – келесі жылы бұйырса вокзалға толықтай заманауи үлгіде жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазір бұл процесс қалаларда жүріп жатыр. Келешекте де өзімізге белгіленген міндеттерді адалынан атқарып, халыққа сервистік қызмет сапасын арттыруға атсалыса беретін боламыз. Сонымен қатар мақаланы пайдаланып, барша әріптестерімді саланың 120 жылдық мерейтойымен құттықтасам деймін. Қызметтеріне табыс, отбасыларына бақ-береке, елімізге тыныштық пен бейбітшілік тілеймін. Жаңа Қазақстанымыз жаңарып, жасарып, жаңғыра берсін, – дейді вокзал басшысы әріптестеріне жылы лебізін арнап.
«Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» дегендей, бірлігі жарасқан ұжымның ардагерлері жастарға әркез ақылын айтып, кеңес беруден аянып қалған емес. Әсіресе Әсем Маханова, Валентина Ким, Гүлсім Аймағамбетова, Айша Ембергеновалар жас мамандардың жанашырлары, бағыт-бағдар сілтеп отырушы ұстаздары.
Өз ісін жетік меңгерген Денис Хамовтың еңбегі ескерусіз емес. Өткен жылы әріптестері арасында оның озық тәжірибесі назарға алынып, «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Кәсібі бойынша үздік» атағына ие болып, құрметке бөленген-ді. Бұл оның ширек ғасырдан аса уақыт еткен еңбегіне берілген баға деп білеміз.
«Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» демекші, Жосалы вокзалының ұжымы жайлы облыстағылар да оң пікірде. Олар әркез белсенділік танытатын аудандағы әріптестерінің жолаушыларға көрсететін қызметтері мен кәсіби біліктіліктері және озық тәжірибелерін үлгі санайды.

Сәрсенкүл АҚКІСІ
25 тамыз 2024 ж. 375 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031