» » Тазалықтан тән де, жан да жасарады

Тазалықтан тән де, жан да жасарады

Фото ашық дереккөз
Асыл дініміз туралы сөз қозғағанда тазалықтан аттап кете алмаймыз. Себебі тазалық – иманның жартысы. Ал қоғамның тазалығы әрбір адамның жеке тазалығына мән беруінен басталады. Әсілі өзін таза ұстай білген адам, өзгеге де сол тазалығын көрсете алады.

Тек бет-қолды жуып, моншаға түсіп, таза жүру деп ойласақ қателесеміз. Әр нәрсеге тән өзіндік тазалық бар. Ол – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Бұл адамның денсаулығы, өң-түсінің әдемілігі, өмір жасының ұзақтығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадір-қасиетін бағалауы, айналасына тартымдылығы дегенге саяды.

Расымен адамның тән тазалығына қоса, рухани тазалығы да сақталу қажет. Сол үшін де асыл дінімізді насихаттай бастаған Пайғамбарымыз сол кездегі азған қоғамды үш жағынан тазалаған болатын. Біріншісі – жүрек Алланың еске алумен тазарады. Екіншісі – ғибадат тазалығы, яғни  намаз, ораза, қажылық, зекет арқылы күнәдан тазаласа, құлшылықта орындалатын дәрет, ғұсыл арқылы тәнді тазалады. Үшіншісі – өтірік, ғайбат айтпау, біреудің ақысын жемеу, тәкаппар болмау сияқты көркем мінез тазалығы, яғни рухани тазалыққа бастайды.

Иә, бет-қол тазалығы былай тұрсын, жейтін асымыз бен жүретін жеріміздің де таза болу маңызды. Әрбірден соң тазалық – берекенің бастауы. Дана халқымыз «Жұғын бар жерде – шыбын бар, Шыбын бар жерде – шығын бар» деп берекенің келетін жолын тауып айтқан.
Мәселен, дінімізде ақ киім киюді абзал санаған. Пайғамбарымыз да ақ түсті киімді қатты ұнатқан. Мұның сырын ғалымдар ақ түс күннің ыстығын өзіне тартпайды, ақ киген адам таза жүруге тырысады дегенмен тұспалдаған. Кейде бізде керісінше, ақ түс кіршең болады деп көбіне ондай киімге жуымай, тазалықтан қашатындай боп көрініп жатамыз.

Тазалық туралы сөз болғанда тек тән тазалығын ғана сөз етпей, ойдың тазалығын да айта кету керек. Сондай-ақ қол, құлақ, көз, тіл тазалығымен қоса жан мен жүректі кірлетпеу маңызды.  Ең бастысы, адам бойында рухани тазалық болу керек. Себебі денеде бір ет бар, егер ол лас болса, қалған дүние кері кетеді.  Ол, әрине – жүрегіміз. Расымен де, оның тазалығы жойылып бара жатқандай, қазіргі кезде қоғам ішінде болып жатқан түрлі жайтты көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. Абай атамыз да осыны меңзеп: «Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, Сыртын қанша жуғанмен, іші оңбаған» дейді.

Халқымыз «бірінші байлық денсаулық» деп оны күтуге қатты көңіл бөлгені белгілі. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы да тазалыққа қатысты екенін, «Тазалық – денсаулық кепілі»  деген бір ауыз сөзбен білдірген.

Мұнан бөлек қоршаған ортаның тазалығы да бар. Күнделікті көңіл-күйіңнің қандай болуына да осы жағдайлар әсер етеді. Жаздың аптап ыстығында жасыл-желекті көрсең жаның жай тауып, тынысың кеңіп қалатыны рас. Ал қоңыр күз көңілді құлазытса, қыс айы қыспаққа алғанда мұндай әсерден тек тазалық қана құтқара алады.

Жалпы, айлап, апталап сыртта жүретіндер болмаса, көбі өмірінің басым бөлігін үйінде өткізеді. Ертелі-кеш жұмыста жүретіндердің өзі күніне бір-екі рет үйіне, ауласына көз салады. Жақсы жағын көрсе көңілі жадырап, ыбырсып жатқан жеріне еңсесін басып тұратыны да жасырын емес. Сол жағдай көңілге кірбің салып, оның арты отбасылық кикілжіңге ұласуы мүмкін. Міне, сондай келеңсіздікке жол бермеу үшін бір сәт аула тазалығына, отырған жеріңнің жайлылығына назар аударып қойған жақсы. Әрине, айналасын тап-тұйнақтай етіп жүретіндердің тазалығы мен биік талғамы тамсандырмай тұрмайды. Айнадай жарқырып жатқан ауласына әуесіңіз келеді. Ең жақсысы, сондай үйде, сондай аулада өскен балалар да тәртіпті болып келеді. Ал баланың тәртіпті болуы тұтас қоғамға әсер етеді емес пе?!

Ақнұр САҒЫНТАЙ
22 қаңтар 2024 ж. 249 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031