Күз кереметі
Жаздың жаймашуақ күнінен әліге дейін шыға алмай жүрген едік. Күн де жып-жылы болды. Бірақ бір күнде күз өзінің қоңыр салқындығын көрсетіп бастағанын қайтерсіз. Дала жаздағыдай емес, көңілсіз кейіпте. Табиғаттың өз заңдылығы ғой. Пенде емеспіз бе?! Қапырық ыстықта қашан күн суынады деп күтеміз. Ыз етіп салқын болса ыстық күнді армандаймыз. Ал бүгін үйден далаға ойынға асығатын балалар да ық панадан шыққысы келмей отыр. Таңертеңгі тамшылап жауған жаңбыр мен тербеле соққан желден ешқайда аттап басқыңыз келмейді.
Иә, әр мезгілдің өзіне тән ерекшелігі бар. Бірі – жаныңа жылулық сыйласа, бірі – көктеген жауқазындай бүршік атып жатады. Ал бірі –суығына үйретіп те үлгереді. Сарғайған жапырақтардың тал басында желге шыдас бермей жерге түскен сәті, көз алдыңызға бүкіл әлем қоңырқай түске боялып, бейне бір салып қойған сурет секілді күйге енеді. Аспанның шелегі тесіліп қалғандай әр күн сайын тамшылай тамып, жаңбырдың жауғаны, көңілдің құлазып тұңғиыққа еніп кететіні мұның барлығы осы бір мезгілдің бейнесі ғой.
Сірә осыбір маусымды сағыныштың сыры десек болғандай. Себебі мектепке асыққан оқушының сағынышы, жерге асыққан жапырақтың сағынышы, егістіктегі мол жемісіне асыққан бағбанның сағынышы, алыстағы ағайынның туған жеріне деген сағынышы, ақын мен суретшінің қаламына деген сағынышы, бәрі-бәрі осы уақытта болады емес пе?! Сағынып сарсаң қуып, салыңыз суға кетіп жүрсе, қапа болмаңыз. Қалыпты жағдай. Мезгілдің мезгілінен тыс мазалайтын әдеті жоқ.
Күздің артықшылығы – салқындығында. Ғалымдар күзгі таза ауада 5 минут серуендеу – көңіл-күйді көтеретінін айтады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл маусымда шығармашылық жұмысқа ден қоюға болады. Жаз бойы жиналып қалған жұмысты жүзеге асыруға құлшыныс береді. Әсем табиғат қолға қылқалам алып, сурет салуға талпындырады. Өлең шығарып, прозамен айналысуға түрткі болады, таңғажайып табиғат аясында фотосессия ұйымдастыруға шақырады.
Күзде тек табиғат қана демалады. Мәдени өмір, керісінше, дамиды. Күз мезгілінде жаңа фильмдер шыға бастайды. Театрлардың жаңа маусымы ашылып, заманауи өнер туындыларының көрмелері, сән апталығының ашылуы, концерттер көбінде күз мезгілінде ұйымдастырылады. Сіз де көңіліңіз қаласа осындай шығармашылықты көріп, рухани демалып қайтқаныңыз артық болмайды.
Күз мезгілін ұнатпайтын адамдар да бар. Әйтсе де әр мезгілдің өзіндік кереметі болады. Күзде жапырақтардан төселген кілемнің өзінен жақсы әсер алуға болады, айнала түрлі түсті реңге боялып, әсем күйге енеді.
Түйін
Жаздың аптап ыстығы басылып, ауа салқын тартып барады. "Күннің жаманы өтер" дейді емес пе?! Күннің салқыны басылар. Бастысы көңілді мұздатып, салқындатып алмасақ болғаны. Сырттан келген суыққа шыдармыз-ау, ал көңілге келген салқынды қалай жылытармыз?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ