» » Тіршіліктің шуағы

Тіршіліктің шуағы

ӨМІР ДЕГЕН БҰРАЛАҢ ЖОЛДАРДАН ТҰРАДЫ ЕМЕС ПЕ?! СОЛ ЖОЛДА АДАМДАРДЫҢ ДА ПІКІРІ БІРЕСЕ ТҮЗУ ЖОЛ, ЕНДІ БІРДЕ АЙНАЛМА ӨТКЕЛ СЕКІЛДІ АЛМАҒАЙЫП КЕЗЕКТЕСІП, ҚҰБЫЛЫП ОТЫРАДЫ.
Бір кездері анасы кішкентай кезінде дүниеден өтіп, өзі әр ағайын-туысының үйінде өскен қызбен жақсы араластым. Тағдырына жиі мұң шағатын, өмірге өкпелі жас кезі. Анасының жоқтығына көндігуі қиын болды. Өмірден түңіліп, жер басып жүргісі келмейтіндігін көп айтатын. Уақыт деген жүйрік ат зырлап өте берді. Ай артынан ай, күн артынан күн жылжып, әлгі құрбым тұрмысқа шықты. Қазір 3 тәтті балапанның анасы. Алғаш балалы болғаннан кейін әңгіме арасында «Бұрын өмір сүруге деген талпынысың жоқ еді, қазіргі күйің қалай? Ойың өзгерді ме?» деп сұрадым. Жалт қарады.
– Жо-жоқ, мен енді ұзақ өмір сүргім келеді. Мына жарық дүниеге деген құлшынысым оянғаны былай тұрсын, күн сайын артып келеді. Мені іздейтін адам бар, олай болса, мен өмірден түңілмеймін. Құрсағыма бітіп, менімен 9 ай бірге демалып, бірге тыныстаған бауыр етімді көргеннен кейін ойым түбегейлі өзгерді. Бұрын маған анам керек деуші едім, бүгін өзім де ана атанып, күн сайын қылығы шығып келе жатқан кішкентай тіршілік иесіне керек екенімді бар жан-тәніммен сезінемін. Менің өмір сүргім келеді...
Иә, ана деген осы. Ол жоқ болса, бүкіл әлемді тәрк етуге барсың. Ана алақанының жылуына, мейіріміне, сая­сына еш нәрсе тең келмейді. Алып та, ақын да, жалпы адам деген атты иеленген әрбір жан анаға қарыздар. Ананы сүю, ананы құрметтеу – әр адамның бұлжымас парызы. Ал, өзің ана атандың екен, ол өз алдына бөлек сезім. Бұл – дүниенің бір-бірінен ажырамас, жіпсіз байланған желісі. Ана тіршіліктің күретамыры іспетті. Ақын бола тұрып, ана жайлы тебіреніп, өлең жазбаған, әнші бола тұрып, ана жайлы ән шырқамаған жан жоқ, сірә!
Қыз-ғұмыр – қызғалдақтай құлпырған, бәйшешектей жайқалған еркіндіктің келбеті, кең далаға алқызыл кілем төсеп қойғандай сұлу табиғаттың сипаты.
Ана-ғұмыр – тіршілікке жан бітіріп, әлсізге қорған болған нәзік жан. Ол бірде қамалдай берік, бірде алай-дүлей борандатқан табиғаттың тосын мінезіндей сұсты, енді бірде жадыраған жаймашуақ жаз күніндей жайдары. Алайда ана атаулыға ортақ қасиет – жылулық, мейірім, кеңдік, мейірбандық.
Ал осы жер бетіндегі қыз-аналарға бірдей айтылатын «әйел» атты ұғым бар. Оны тілтанушы ғалымдарымыз «Әй, ел болайық, шаңырақ көтерейік» деген сөздік қолданыстан шыққан деген тұжырым жасап жүр. Ойға қонымды. Әйелдің ер азаматтың қабырғасынан жаратылғандығын ескерсек, «әй, бірігіп, ел болайық» дегеннің де негізі бар. Себебі, әйел – ердің ақылшысы, кеңесшісі. Кеңесіп пішілген тонның келте болмайтыны секілді, өзара келісіп, бірлікпен құрылған шаңырақтың да шайқалмасы анық. Олай болса, әйел – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шуағы.
Әйелдер мерекесінің көктемнің алғашқы күндерінің бірін иеленуі де тегін емес. Қыстың қаһарынан босанған Жер-әлем осы бір мезгілде ерекше күйге енеді. Тіршілік жаңарып, жасарады. Өсімдік атаулының бойына жан бітіп, бүр жарады. Бейне бір қауызынан жарып, көзді қарықтырып өсіп келе жатқан сұлу бойжеткен секілді. Төрт түлік төлдеп, адамзаттың қарбалас өміріне жаңа үн қосады. Дүниеге ұрпақ әкеліп, өмірге нәр берген ана тірлігінің осы бір өсімдік, жан-жануар әлемімен тығыз байланысты екендігін одан әрі негіздей түскендей. Қалай десек те «Алғыс айту» күнінен кейінгі ерекше мәнге ие мейрамның жөні бөлек. Ондағы қым-қуыт қарбалас та жарасымды. Әйел баласына сый жасап, құттықтауға асығу – жақсылық атаулыға құштар болу.
Мерекелеріңізбен, әйелдер қауы­мы!

Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ
06 наурыз 2022 ж. 361 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031