Дін – адам рухын қалыптастыратын діңгек
qarmaqshy-tany.kz Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында қазақ халқының діни сауаттылығы кеңес үкіметі ықпалынан саяси тұрғыда әлсіреп қалды. Нақтырақ айтқанда, халықтың діни сауаты төмен еді. Соның салдарынан қоғамымызға жат ағымдар мен жаңа діни бірлестіктер кіріп, олардың саны күн санап арта түсті.
Діни ағымдар тек сан жағынан артып қана қоймай, оның жақтаушылары мен мүшелері де көбейді. Өкінішке орай, халық осы теріс пиғылмен ел ішіне енген ағымдарға тосқауыл болатын Төле мен Қазыбек, Әйтеке билер, Абай, Шәкәрім, Тұрмағамбет секілді ұлы тұлғалардың діни еңбектеріне зәру еді. Оның ішінде, қазақ жастарының дін туралы ой-өрісін кеңейтуде діндердің бір-бірімен айырмашылығын ажыратып, ұғындыратын ғалымдар жоқтың қасы болды. Ал, енді бүгінгі күнгі ел жастарының дінге деген кызығушылығы жайлы айтар болсақ, мешіт имамдарының оларды оқытып-үйретуге күштері жеткілікті. Осы ретте, Ислам діні туралы түсініп, оның ішкі дүниесіне кіргісі келген қазақ жастарының көпшілігі бүгінде интернетке бас сұғатынын жақсы білеміз. Олар дін туралы мәлімет алуда бірінші кезекте мешіттегі имамдарға емес, ғаламтор сайттарындағы дұрысы бар, бұрысы бар мәліметтерге жүгінеді. Әрине, бұл діни сауаттылығы аз жастарымыздың психикалық ой-өрісіне, сана-сезіміне әсер етеді, тіпті ұлтымыздың рухани дамуының өсіп-өркендеуіне кедергі келтіреді.
Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретінде діннің де рөлі өсті. Қанаты кеңге жайылуда. 2011 жылы елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң күшіне енді. Міне, жоғарыда айтылған аталмыш Заң күшіне енгеннен кейін елімізде діни бірлестіктерді қайта тіркеудің нәтижесінде еліміздегі конфессиялардың нақты саны белгіленді. Оларды қайта тіркеу қорытындысы бойынша қазіргі кезде елімізде 17 конфессия өкілдерінен құралған 3088 діни бірлестік жұмыс істейтіні анықталды. Сонымен қатар, олардың барлығы да Заң талаптарына сай құқықтық рәсімделуден өткізілді. Бүгінгі таңда сол тіркелген 3088 діни бірлестіктің 2229-ы мұсылмандық бірлестік болса, халыққа діни қызмет ететін 3226 ғибадат үйінің 70 пайызы, яғни 2269-ы мешіттер.
Өкінішке орай, елімізде дін рөлінің артқанымен, халықтың, оның ішінде кейбір жастар арасында келеңсіз көріністер көріне бастады. Тіпті, елімізде қалыптасқан қағидаларға мойынсұнбайтын азаматтар да жоқ емес, кейбір дінге сенушілердің қоғам алдындағы конституциялық азаматтық борышын атқарудан бас тартуы көрініс алуда.
Расында да, көп жағдайда идеологиялық ықпалға тез түсетін жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналуда. Жас ерекшелігіне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, оның ішінде теріс діни ағым өкілдерінің тарапынан айлакерлік арқылы жасалған идеологиялық тұзақтарға түсіп жатады.
Азаматтық тұрғыдан есею шағында жастар көбіне біздің қоғамымызға жат күштердің алдында әлсіз екенін танытып отырады. Оның ішінде, жастар діни экстремизм мен терроризм субъектілері тарапынан жасалған идеологиялық шабуылдардың алдында қорғансыз келеді.
Ұлы Абай өлеңінде «Шөлдеген жан су көрсе, бас қоймай ма қайнарға...» деген екен. Міне, дана хакім айтқандай, жылдар бойы рухани қаталаған қазақ халқы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген бойдан дінге бас қойды. Алайда, сол уақытта дінсіздік дендеген еліміздің үлкенінен бастап жасына дейін діни сауаттары өте төмен болды. Әлбетте, осы кезде қоғамымызға орта ғасырлардан бері діни экспансияны терең меңгерген батыс әлеміндегі «кейбірлер» арам пиғылды іс-әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында қомақты қаржы бөліп, ел ішіне діни сауаты жоғары, тәжірибелі эмиссионерлерді кіргізіп, аз ғана уақыттың ішінде халықты, оның ішінде көптеген жасты өз қатарына қосты. Өз саясатын жүргізуге үйретті. жастардың дінге бетбұрысы қоғам үшін пайдасы орасан. Олай деуге себеп, әрқашанда иман ұялаған жерге ырыс пен береке дариды.
Расында да, әлемдегі көптеген діндердің ең соңғысы Ислам діні өзіне сенетін адамдардың жүрегіне шуағын шашқаннан бері жер бетіндегі зұлымдық атаулының саябырлағанын адамзат баласы жақсы біледі. Осыны түсінген әрбір мұсылман Ислам дінінің дұрыс бағытын ұстанған адамның баратын жері жәннат екенін жақсы білуі тиіс.
Имандар, дін қызметкерлері және жалпы дін саласын таңдаған азаматтар жастарды рухани-адамгершіліктік тұрғыдан тәрбиелеуде елеулі рөл атқарады. Алайда, қазіргі уақытта діни білім беру жүйесі бүгінгі күннің талаптарына және жастардың рухани сұраныстарына толық сәйкес келеді деп айта аламыз ба? Кейбір имамдардың ой-пікірлерінің тайыздығын, жастарға үлгі болатын мінез-құлықтарының жоқтығын көріп қынжыламыз. Осы ретте, біз де аудан жастарының діни тұрғыда қандай сауатты, олардың мешіттерде қандай тәлім-тәрбие алып жатқандары жайлы білу мақсатында аудан тұрғындарына діни сауат беріп жүрген азаматтардың пікірін ортаға салғанды жөн көрдік.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері егемендігімізді еселеу жолында көптеген ілкімді істер атқарылуда. Десе де, осы тақырып айналасында қателіктер де болмай жатқан жоқ. Мұндай олқылықтардың арты қоғамымызға енген көптеген мысық пиғылды өзге діни ағымдардың ағынына әкелді. Иә, түсіне білгенге дін –тұңғиық теңіз. Оны түсіну үшін көп оқып, көп үйренуіміз керек. Бірақ, көп оқып, оқымысты болған кейбір жас қандастарымыздың бүгінде түрлі жат ағымдағы діни секталардың жетегінде жүргені көпке мәлім. Дінге бет бұрған жастар өздерінің діни сауаттылығын арттыруда Ислам мемлекеттерінен ілім алуда. Десе де, сол жастарымыздың кейбірі діни сауаттылығының таяздығынан жат елде алып жатқан діни ілімнің парқына бармай, ұлтымыздың құндылықтарын, сонымен қатар ерекшеліктерін жоққа шығарып, кейбір мемлекеттердің идеологиялық саясатына еліктеуде. Тіпті, ел арасына іріткі салып жүрген жастарымыз да аз емес, – деді облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының аудандық бөлімшесінің меңгерушісі Жалғасбек Ысқақов.
– Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсемізді көтеріп, әлем елдерімен иық тірескен тұста қазақ елі ата дәстүр мен дінімізге барынша бетбұрыс жасап, қайта жаңғырды. Ислам дінінің құлашы кеңейіп уақыт өткен сайын, дінге бет бұрған жастар саны артты, әлі де артып келеді. Шүкір, бүгінгі таңда аймақ мешіттерінің қайсысына барсаңызда онда діни сауат алып жүрген адамдарды көптеп байқауға болады. Десе де, бүгінде мешітке келетіндердің дені жастар, ал ересектер бірлі-жарым. Тіпті жоқтың қасы десе де болады. Сыр елінің қасиетті өңіріндегі қиелі Қармақшы аймағынан да қаншама есімі алты Алашқа мәлім болған ахундар мен ишан, молдалар шыққан. Осындай қасиетті топырақты мекендеген өңірден иманды жастарының қатарының көбеюі заңды.
Ал, осы имандылық үйіне келген жастарымызға мешіт имамының негізгі міндеті оларды елін, жерін сүюге, Отанын қастерлеуге үйретуге насихаттау. Сондай-ақ, Алланың сөзі мен қасиетті Құран кітабының құдіретін ұғындыру, үйрету болып табылады. «Сендердін ең хайырлыларың Құранды үйреніп және өзгеге үйреткендеріңіз» – дегендей, бұл сауапты іс бүгін де жалғасын табуда. Сонымен қатар, бүгінгі ұрпақ үшін үйретілер басты мәселе – ата-ананы құрметтеу, адал қызмет ету мәселесін санаға сіңіру. Қызымыз ұятты, ұлымыз иманды болса болашақ та жарқын болары анық.Бірақ, жоғарыда айтқандай, бүгінде ауданымыздағы қай мешітке кірсеңіз де ылғи жастарды көресің. Ол бір жағынан жақсы да, бірақ жастарға үлгі көрсетер, ақыл айтар ағалардың да жастардың қасында болғанын қалайсың, – деді имам Абай Тортулов.
– Сәт санап саны артқан жаңа технологиялармен терезесі тең, елдігі бекем, тарихы тағылымды еліміздің қазынасы қайнаған төлтума мәдениетін, ұлттық болмысын, ғасырлар қойнауында қалыптасқан рухани құндылығын етене білу – ғасыр талабы. Елбасымыз Н. Назарбаевтың Тарих толқынында» кітабында «Егер біз еңсесі биік мемлекет болғымыз келсе, мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа сақтағымыз келсе, халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деп дөп басып айтты. Мұндағы халық руханиятының басты компоненті – салт – дәстүрімізбен қоса, тарихымызға сіңген мәдени дініміз – Ислам діні. Ислам, әлемдерге мейірім үшін түскен хақиқи дін. Дінде болсын, ділде болсын барлық сферада жастардың алар орны ерекше. Себеп, жастар – елдің болашағы. Ал, ел ертеңі болған сол жастар тәрбиесі бүгінгі күнге дейін маңызды болып келе жатқан басты мәселелердің бірі. «Ағашты шыбық кезінде түзе»,-дейді дана халқымыз. Албырттықпен қайда исең иіле кететін жастардың рухани бағдары бүгінде өзекті. Өйткені, жат ағыммен жарға жығылып, қоғамның санасын улап, тығырыққа тіреліп жатқандардың көбі міне осы жастар. Осы тұрғыда олардың діни адасушылыққа түсіп жатқан бұрыс тұстарына тоқтала кетсек. Ең алғашқы мәселе бұл әрине ғаламтор арқылы діни сауат ашу. Бүгінгі ақпарат заманында ғаламтордағы мәліметтердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін білу қиынның қиыны болды. Жастар өмір жолын үйрететін діни мағлұматтарды ұстаздардан емес, әлбетте интернеттен алуда. «Ұстазы жоқтың ұстазы – шайтан»,- демекші, бұл үлкен қателік. Манитор ұстаз болмайды. Бүгінде өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамымызға жат пиғылды бойына сіңірген жастар ата дінімізден алшақтап, салт-дәстүрді де өзіне жат көру салдарынан қоғамда бөлінушілік пен алауыздық пайда болды. Шындығына келгенде Ислам – адамзатты қараңғылықтан жарыққа шығарып, тура жолға бастайтын бірегей дін. Елімізде етек алып бара жатқан діни алауыздықтың негізгі ошағы – діни сауатсыздық. Дін жолына түскен жандардың, әсіресі жастардың дініміздің қайнар көзінен сусындамай, маниторды ұстаз тұтулары ғасырлар қойнауында қалыптасқан қоғамдық көзқарасқа қайшы келері анық. Ал, бұл туралы асыл кітабымыз Құран не дейді? Құранның адам баласына түсірген алғашқы сөзі – оқы. Осы бір ғана аят арқылы оқудың, білім алудың адамзат баласына қаншалықты маңызды фрагмент екенін аңғарамыз. Қазіргі жаһандану заманында жастар мәселесі өзегін жоғалтпайтын тақырып. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әрдайым жастар мәселесін назарда ұстап, олардың толыққанды діни білім алуына, мешіт имамдарымен тығыз байланыста болып, көкейтесті сұрақтарына жауап алуларына мүмкіндік жасаған. Заманның қай ағымы болмасын, жастар ісі мен білім алу өзекті мәселелердің бірі де бірегейі болып қала бермек.
Осы ретте, жастарды діни сауаттылыққа тәрбиелеуде «Ораз ахун» мешіті де біршама жұмыс атқаруда. Мешіт жанынынан дінге бетбұрған жастардың сауат ашуына, оларға діни тәрбие беруде жұмыс істелуде. Мешітке келетіндердің де дені жастар десем өтірік айтпаған болар едім. Ара-арасында ересек ағалар да көрініп қалады. Мешітке тәлім алуға келген жастарды қасиетті дініміз жайлы мағлұматтармен сусындатып, асыл дінімізді пайдаланып, теріс пиғылмен іс-әрекеттер істеп жүргендерден аулақ болуларын баса айтып, оларға ақыл-кеңесімізді береміз, – деді имам Нұрболат Рахметуллаев.
Түйін Расында да дін – бұл бір тұңғиық теңіз. Бүгінгі таңда жастардың көз алдында дін рухани құндылықтық идеяларды таратушы және мәдени дәстүрді сақтаушы ретінде жоғары дәрежеге ие болып отыр. Осы ретте, қазақ қоғамы алдында жастарды рухани тәрбиелік пен отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесі тұр.
Нұрбай Жанәділов