» » Тоқсанның төріндегі төл басылым

Тоқсанның төріндегі төл басылым

АУДАН ТАРИХЫНДА "ҚАРМАҚШЫ ТАҢЫ" ГАЗЕТІНІҢ ІЗГІЛІКТІ ІЗІ БАР. ӘР ЖЫЛДАРЫ БАСЫЛЫМНЫҢ АТЫ ӨЗГЕРГЕНІМЕН АУДАН ӨМІРІНІҢ АЙНАСЫ БОЛЫП КЕЛЕДІ. ГАЗЕТ ТІГІНДІСІН ПАРАҚТАСАҚ, ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫНАН ӨТКЕН ҚИЫН-ҚЫСТАУ КЕЗЕҢДЕРІН, ШАРУАШЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ДӘУІРІН, МӘДЕНИЕТІМІЗ МАРҚАЙЫП, ТҰРМЫСЫМЫЗ ТҮЗЕЛГЕНІН, ӨМІР СҮРУ ҮРДІСІМІЗ ӨРЛЕГЕН СӘТТЕРІН, ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН ЖАРҚЫН ШАҚТАРДА ТІЛІМІЗ БЕН ДІЛІМІЗДІ, ҚАЙМАҒЫ БҰЗЫЛМАҒАН ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ ПАШ ЕТКЕН МАТЕРИАЛДАРДЫ КӨРІП, БАСЫЛЫМНЫҢ ОҚЫРМАННЫҢ СЫРЛАСЫ ДА, МҰҢДАСЫ БОЛА АЛҒАНЫНА КӨЗ ЖЕТКІЗЕМІЗ. ГАЗЕТ – ӨМІР ХАБАРШЫСЫ, ОЛ ҮШІН ҰСАҚ-ТҮЙЕК ЖОҚ, СОЛ АРҚЫЛЫ ЕЛІМІЗДІҢ ӨРКЕНДЕП-ӨСУІНЕ ӨЗІНДІК ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕДІ.
Журналистика тынымсыз ізденісті, жігерлі шабытты, ұшқыр қиялды, терең біліммен бірге табиғи дарындылықты қажет ететін сала екенін білсем де арындаған жастық қалау мені осы мамандыққа әкелді. Ауызбіршілігі жарасқан, ынтымағы ұйыған ұжымдағы ағалар мен апалардың аялы алақандарының ыстық табы қызметтің ерекшелігін үйретіп, өзіне иліктіре түсті. Сөйтіп, өз өмірімнің жаңа парағы ашылды. Мәні мен мағынасы мол көркем кезеңдерім осы газетте өтті деп есептеймін.
Кент орталығындағы №105 мектепте орта білім алдым. Менен төрт сынып төмен оқитын Алтай Үсенов, сыныптасым Шәкизада Құттаяқов әдебиет үйірмесінің белсенді мүшелері едік. Алтайдың өлеңдері сол кездің өзінде оқырмандар назарына іліккен еді, қоштаушылары көп болатын. Кейін үшеуміз де "Нар көтермегенді тіл кө­тереді" деген ұстаныммен қызмет еттік.
Ол жылдары баспахана қызметі өте ауыр, әріптер қолмен терілетін. Баспахана директоры Жұматай Аймаханов аға ұжымда еңбек ететін жиырмаға жуық қызметкердің әрқайсысымен тіл табысып, қате жібермеуге, газет басудың полиграфиялық сапасын жақсарта түсуге ден қоятын. Жұмыс беймезгіл уақытқа созылса да әріп теруші, бет жасаушы, газет басушы болсын қабақ шытуды білмейтін.
Нұрсұлу, Күнсұлу, Тыныштық, Тынымкүл, Шәрипа, Жадыра, Мариямкүл, Ақсұлу, Галя, Шәркүл, Кәмилаш сол кездегі баспа жұмысының нағыз майталмандары болды. Әлдебіреулердің "газет жаза береді" деген сөзіне әлі күнге олар дес бермей өзеуреп, пікір таластырып отырғаны. Бөлшектер жетіспейді, терім машиналары жиі-жиі істен шығады. Соның салдарынан газет шығару ісі кей күндері таңды атырып, жаңа жұмыс күні басталып жатқанда әрең дегенде бітуші едік. Осы қиындықты баспагерлермен бірге кезекші журналист, жауапты хатшы, редактор да бастан өткізеді. Сонда да сол бір күндер қайтқан құстай қанат қағып ойға орала беретінін-ай.
Заман өзгермелі, уақыт талабы қатал. Солай болғандықтан да әр адам көштен тыс қалмауға тырысады. Ескі газеттерден аға ұрпақ өкілдерінің жүріп өткен жолдары мен атқарған істерін айқын сезінесің. Өткен күнді бүгінмен салыстырып, өркендеген елімізге қарап сүйсінесің. 1932 жылдың 12 сәуірінде "Екпінді" деген атпен жарық көрген аудандық газет үлкендердің сырласына, жастардың ақылшысына айналды. 1938-1962 жылдары "Қызыл ту", одан кейін "Коммунизм шамшырағы", ал 1991 жылдан "Қармақшы таңы" әр оқырманының ақ көңілден өрілген сыры, пәк жүректен төгілген жыры, тебіренген тілі болып келеді. Мен қызметке қабылданған кезімде газет редакторы Әзілхан Аманов аға еді, орынбасары Сапабек Махмутов, жауапты хатшы Рашид Жарылқасынов, бөлім меңгерушілері Қанибек Молдахметов, Қаршыға Бүркітбаев, әдеби қызметкер Өмірзақ Оспанов сынды шығармашылық мәселелердің жілігін шағып, майын ішкен майталмандар болды. Көркем ойларын қиыннан қиыстырып, әр сөйлемнің астарына маржан тағатын, тереңнен інжу табатын, әрлеп жазатын ағалар шеберлік мектебінен өткізді. Мақалалары ауыздан-ауызға іліккен қарт қаламгер журналистердің біразы қазір арамызда жоқ. Бірақ олар жазған мақалалардан ізгілікті, парасаттылықты, адамгершілік қасиетті көреміз. Ағалардың мамандыққа деген адалдығы, шығармашылық талапшылдығы, еңбекке көзқарасы, өмірге жалынды жігері, ізденімпаздығы ойымызда қалды.
Ол уақытта сауда орындарына жиі-жиі рейд жасалып тұрады. СЭС мамандары, штат­т­ан тыс халықтық бақылаушы, ардагерлер өкілдері, тағы басқа міндетті түрде газет қызметкері бар құрам кез келген дүкенге келіп сауда тәртібі қалай екенін бақылайды. Осындай бір рейдте Ә.Аманов ағаның зайыбы Қаршыға апаның дүкеніндегі кемшіліктер жазылып, газетке шығып кеткен жағдай болды. Жазған тілші апайды танымаған, ал редактор біле-тұра жарыққа жіберіп, зайыбының ренішін тудырғанына куә болып едік. Сол жылдары редакцияның ескі ғимаратында ұжым мүшелері аядай бір бөлмеде отыратынбыз. Түсінбеген жерімізді сұрап алу оңай, үлкен кісілерге бауыр басып кеткенбіз. Ағалар да өте қарапайым, ақкөңіл жандар. Сапабек ағаға көп сұрақ қоятынмын, бір рудан болғасын аздап еркелеп те аламын. "Мына мақалаларды қалай шатастырып алмайды екен?!" деп Рашид ағаға таң қалатынмын.
– Қанибек шопандардың бала-ша­ғасына дейін таниды, – дейтін Әзілхан аға.
Сөйтіп, шығармашыл тұлғалармен араласып, өзімді шыңдай түсуге мүм­кіндік алдым. Өмірден көргені мен түйгені мол ағаларымның қолдау көрсеткені ізденуіме, биікке ұмтылуыма әсер етті.
Мейлі ұлық бол, мейлі кішік бол, әр адамның өмірі өз алдына бір-бір тарих қой. Менің де өмірбаяным "Қармақшы таңымен" сабақтас. Жоғары, салалық білім алдым, редакцияда корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарып, Заңға сәйкес тура жолмен жүрдік. Жаманмен жанаспауға, әділдіктен адаспауға тырыстық.
Менің тұстастарым екі ғасыр тоғысында қызмет жасады. Кеңес үкіметі құлап, Тәуелсіздік туын тіккен, жаңарған Қазақстанның шежіресін жазу бұйырды оларға. Тәуелсіздік тағылымы, Ел егемендігі тақырыбы халқымыздың өрлеу үнін естіртті.
Республикамыздың түкпір-түкпірін­де еңбек етіп, аты алысқа кеткен журналис­тердің осы "Қармақшы таңында" қанат­танғанын мақтанышпен еске аламын. Айжарық Сәдібеков, Ақкөл Отарбаев, Мағираш Сарикова, Шәкизада Құттаяқов, Күлпариза Ахметова, Ибрагим Бекмаханов, Шәкизада Әбдікәрімов, Сантөре Пірманов, Мәди Қайыңбаев, Мырзамұрат Ілиясов, Гүлжазира Жалғасова, Ботагөз Бөрібаева, Мөлдір Құлмырзаева, Айжан Абдуллаева, Нұрсұлтан Мықтыбаев, Бақыткүл Жәмитова, Мира Тыныштықбаевалардың есімдерін атап өтуге болады.
Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ, редакцияның қазіргі ұжымы да сара жолдан таймай келеді. Көмейлерінен жүректері көрінген, жаны ақын, мақсаты айқын жас қаламгерлерге көңілің толады. Ел тынысын әр оқырманның алдына жайып салатын мамандардың білігі мен білімі жаныңды жадыратады. Сөз өнерін көтеріп, алға алып жүру газет тілшісіне таудай ауыр жауапкершілік жүктейді. Қазіргі газет қызметкерлері бұрынғыдан да көбірек ізденуі керек. Олай дейтінім, күнделікті ағымдағы тапсырмалармен бірге кешегі Қызыл империя кезінде жоғала жаздаған мәдени мұралар, ғасырлар қойнауында қалған жәдігерлер, атақты ақын-жырау, сал-сері, би-батырларды ортаға оралту, ел аузындағы аңыздарды оқырмандарға жақындата түсу сияқты маңызды да жауапты міндеттер тұр. Бұл жаңғыру мен жаңаруға апарар жол.
Шерхан Мұртазаның "Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ" деген сөзін бәріміз білеміз. Сөзі сабырлы, ісі нанымды, ойы терең орта көргің келсе, билік пен халық арасындағы тұңғиық сырды ұққың келсе, сенім мен сезімнің ара салмағын аңғарар болсаң, әр іске жанашыр, әділетті насихатшы бола алсаң журналистікті таңда.

Бақыт ҚАНАЛИЕВА,
ардагер журналист

05 ақпан 2022 ж. 405 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031