» » 3 мыңға жуық аттестат пен куәлік толтырған

3 мыңға жуық аттестат пен куәлік толтырған

«Тайға таңба басқандай». Иә, бұл сөзді мектепте оқып жүргенде мұғалімнен жиі еститінбіз. Қолтаңбасы әдемі  оқушыны үлгі етіп, «жазуын қараңдаршы» деп соған ұқсауға машықтандыратын. Бірақ қанша үйреткенімен баланың бәрінің жазуы көркем бола бермейді. Соған қарағанда ол да бір дарынды қасиет пе дейсің! Жазуында бір мін де, қате де кездеспейтін ерекше қабілет иелері баршылық шығар. Дегенмен, 40 жылға жуық мектеп директорының хатшысы, іс-жүргізуші болған бір жанды білемін. Кімді айтпағымды аудан тұрғындары топшыламаса да, ақтөбеліктер меңзеп отырған болар. Көп, аса ескеріле бермейтін жауапты жұмысты абыроймен атқарып, зейнетке шыққан Тұрғанкүл (Тұрғаш) Тілеулесова. Жай ғана жазу емес,3 мыңға жуық аттестат пен куәлікті қолдап толтырған іс-жүргізушінің еңбегі ауылдастарына мәлім.
Ол өзі еңбек еткен 1975 жылдан 2012 жылға дейін №109 орта мектепті бітірген қай түлектің куәлігі мен аттестатын алып қарасаңыз, Тұрғаш апайдың қолтаңбасы көзге оттай басылады. Мектепте машинкамен қағаз басатын жалғыз жан болса, ол да осы кісі еді. Талдырмаш денелі, басынан ақ орамалын тастамайтын апайдың біз бала кезде көрген бейнесі сол қалпы өзгермеген. Қашан көрсең де мектептен табылатын, ешкіммен шаруасы жоқ, әңгіме сөзден аулақ, жұмысына жауапты жанды жақсы көрмейтін үлкен-кіші жоқ еді.
Тұрғанкүл  Тілеулесова 1954 жылы Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. 1967 жылдары отбасымен Ақтөбе ауылына көшіп келеді. Анасы ауырып, оқуға түсуге мүмкіндігі болмайды. Алғашқы еңбек жолын сатушылықтан бастаған ол  өзімен құрдас Ақтөбе ауылының тұрғыны Төребек Шахабаевпен шаңырақ көтереді. Төребек әке өте сауатты, оқыған, саяси мәселелерге көп көңіл бөліп отыратын азамат еді. Ауылдық әкімшілікте статист болып жұмыс істеді. Екеуі 4 бала сүйіп, елге қызмет етіп жүргенде отағасы мезгілсіз дүниеден өтті.
«Ата-енемнің қолында тұрдым. Жас, жалғыз келінмін. Атам 1975 жылы ауыл мектебіне іс жүргізуші етіп жұмысқа тұрғызды. Содан 4 директормен жұмыс істеп, 5-ші директормен бірге зейнеттік демалысқа шықтым. 37 жыл мектеп директорының хатшысы, іс-жүргізуші болдым. 5 сыныпқа дейін орысша оқығанмын. Сондықтан алғашында қазақша жазғанда көп қате жіберетінмін. «Ң» мен «н»-ны айыра алмайтынмын. Мектеп директоры болған Қоңырбай Мүсіркегенов ұстаз көп нәрсе үйретті. Бастысы – сауатты жазуға баулыды. «Артық болмас білгенің» деп есеп-қисапқа дейін айтып отыратын.  Ол кездегі адамдардың жаратылысы бөлек па деймін кейде. Бір ұжым бір үйдің баласындай едік. Өте бауырмал болдық. Әлі күнге бірге жұмыс істеген жандарды іздеп тұрамын. Жалақымды аз демедім. Ерте барып, кеш қайтып, жұмысымды жақсы көріп атқардым. Жыл сайын мұғалімдер күні мен ардагерлер күнінде №109 орта мектеп ұжымы шақырып, құрметін көрсетіп тұрады, – дейді еңбегінің зейнетін көріп отырған жан.
– Мен мектепке 1987 жылы мұғалім болып келдім. Содан бері Тұрғаш Тілеулесовамен бірге жұмыс істедік. Ол өз ісіне ыждағатты, ұқыпты, ешкіммен санаспайды. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтады. Атасы Шахабай ақсақал мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болған жан. «Тұрғашқа қарамай, асты әзірлей беріңдер» деп немерелерін, ер балаларды тамақ істеуге, үй жинауға үйреткен. Келінінің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасаған. Адал, әділ, ешкімнің ала жібін аттамайтын жан десе мен осы Тұрғаш жеңгемді айтар едім, – дейді әріптес қайынсіңлісі Алмагүл Елемесқызы.
Т.Тілеулесова бала кезінен көркем жазуды сүйеді. Оқушы кезінде дұрыс жазбаса не қателесіп кетсе жаңа дәптер арнап, қайта көшіріп шығады екен.
«Компьютер дамыған сайын адамдар қолмен жазуды қаперіне ілмей барады. Өз баласының жазуы ұқыпты болғанына мүдделі азғантай адамдар болмаса, негізінен қазір көркем жазуға ешкім көңіл бөлмейді. Қаламмен жазу кез келген адамды ұқыптылыққа үйретеді. Бұрын жазуына қарап адамның ішкі жан дүниесін, мінезін анықтайтынбыз. Жаза білу – күдікшіл адамға сенім сыйлап, селқос адамды жігерлендіре түседі. Жазу нақтылыққа баулиды. Ойды жүйелейді. Көптеген идеялар тудырады,
бала мінезінің тұрақтылығын, ұстамдылығын қалыптастыра отырып, бастаған ісін аяқтай білу, өзіндік шығармашылығын дамытуға әсер етеді. Немерелеріме сабақты өзім оқытамын. Жазуларына көңілім толмайды. Неше мәрте қайта дәптер арнатып, қате жібермеуін қадағалаймын. Әсіресе қыз баланың жазуы таза әрі ұқыпты болғаны жақсы ғой» дейді ағынан жарылып.
3 мыңға жуық аттестат пен куәлік толтырғанда қателеспеу, саналып қана берілген құнды құжатты бүлдіріп алмау өте тиянақтылықты талап ететін жұмыс. Бір жазып, екі қарап, бірде-бір жаңылыспаған Тұрғаш апайға мектеп ұстаздарынан қолтаңбасы әдемі Шырай апай, кейін Эльмира Медеубаева мен Сәрсенкүл Қанатова көмектесіп жүретінін білеміз. Бірақ жауапкершіліктің жүгі іс жүргізушіде еді.  
Иә, Тұрғаш апайдың жазуы қандай көркем болса мінезі де сондай. Қағазға қандай ұқыпты болса, тірлігінің бәрі сондай тиянақты. Біреуге зиянын емес, тек пайдасын тигізуді қалап, қарапайым қызмет еткен маман есімі атақ пен марапаттың жоғарысын алмаса да, абырой мен сыйластықтың биігінде тұр
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
24 тамыз 2021 ж. 1 398 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031