» » Солақайлық кемшілік пе, артықшылық па?

Солақайлық кемшілік пе, артықшылық па?

Перзент өмірге келген соң, ананың жауапкершілігі артатыны анық. Әр қимылын бағып, көзден қалт жібермеуге тырысамыз. Бал қылығына сүйсініп, былдырлаған тіліне мәз боламыз. Осындай бір сәттерде қызымның ойыншыққа, аузына апаратын тамағына сол қолын созатынын байқадым. Бірақ, аса мән бермедім. Ал қазір балабақшаға барады. Қолына қалам ұстап, сурет салады. Сонда қаламсапты үнемі сол қолына ұстап отыратынын аңғардық. Оң қолына үйретуге тырысқанымызбен, өзі үшін сол қолының ыңғайлы екенін байқадық. Содан соң, табиғаттың заңына қарсы шықпай, оның сырына үңілуді жөн көрдік.
Солақайлық – қимыл-әрекетке оң қолдан гөрі сол қолдың бейімділігі. Адамның солақай болуы орта жүйке жүйесіне, әсіресе, кейбір жүйке орталықтарының орналасуына байланысты. Жалпы солақайлық әр кезеңде әртүрлі бағаланған. Эскимостар оны сиқырға икемі бар десе, Мароккода солақайларды «жын», ал солтүстік америкалықтар жолы ашық адам ретінде бағалайды. Адам баласының 90% оңқай болса, жан-жануарларда бұл икем тең бөлінген.
Мамандар жер бетіне шыр етіп дүниеге келген 100 сәбидің біреуі ғана солақай болып туатынын айтады. Осыдан-ақ, олардың сирек жаратылыс иесі екендігін мойындамасқа амалымыз жоқ. 1992 жылдан бері 13 тамыз халықаралық «Солақайлар күні» ретінде тойланып келеді. Мұндай ерекше қасиетке ие жандардың кей елдерде тіпті қоры, арнайы орталығы да бар екен.
Жылдам қарқынмен қарыштап дамып келе жатқан ғылымның қазіргі уақытта құрсақтағы сәбидің оңқай немесе солақай боларын нәбары 10-11 аптасында анықтауға қауқары жетеді. Егер нәресте оң қолының бас бармағын сорса – оңқай, сол қолының бас бармағын сорса – солақай болып дүниеге келеді. Ғалымдар бұл қорытындыға бірнеше сәбиді ер жеткенше бақылап көз жеткізген. Жалпы сәбидің солақай болуының себебін екі топқа бөледі. Біріншісі, тұқым қуалайды. Яғни, қан мен тек арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Екіншісі – патологиялық себептер арқылы. Ананың босануы кезінде немесе сәби іште жатқан кез¬де әртүрлі жарақат алуы ықтимал. Соның салдарынан қимыл-әрекет пен қуат сол қолға беріліп, солақайлық дамуы мүмкін дейді мамандар. Ал солақай адамды оң қолды пайдалануға үйретудің қажеті шамалы. Оны күштеп үйрету адамға зиян, әрі психикалық жарақат пен неврозға, тіл кемшіліктеріне, соның ішінде кекештенуге соқтырады. Тіпті, солақайлар оң қолмен тамақ жегенде ішіп отырған асының дәм-тұзын тұшына алмайтындығы да ғылыми түрде дәлелденген.
Психологтар солақай жандардың шығармашылық жұмысқа аса қабілетті болатындығын айтады. Тарихқа үңіліп, өткенге көз салсақ әлемді мойындатып, талайды таңдандырған дарындардың басым көпшілігі солақайлар. Олар Аристотель, Юлий Цезарь, Наполен, Уинстон Черчилль, Пушкин, Толстой, Шопен, Чаплин, Леонардо да Винчи, Исаак Ньютон, Марк Твен, Елизавета патшайым, сондай-ақ Американың үш президенті Рональд Рейган, Джордж Буш (үлкені), Билл Клинтон, әлемнің ең бай адамының бірі Билл Гейс, киножұлдыздар Мерилин Монро, Джулия Робертс, Пол Маккартни, Сильвестр Сталоне, Том Круз, Николь Кидман тағы басқалар. Бұл тізімді ағылшын ғалымы Крис Макманус «Оң және сол қол» атты кітабында одан әрі толықтырып, адамзат тарихында сола¬қайлар «оңшылдарға» қарағанда, ғаламат дарынға ие болып, теңдессіз табысқа қол жеткізгенін жазады.
Қазақ халқында да солақай дарын иелері жетерлік. Қазақтың біртуар сазгер-күйшісі Нұрғиса Тілендиев домбыра тартқанда саусақтары буынсыз бишіге ұқсайды екен. Осыны байқаған биші ұстаздар оны консерваторияда оқып жүргенде би факультетіне алып кеткен. Арада біраз уақыт өткенде халқымыздың тұңғыш музыкатанушысы Ахмет Жұбанов Нұрғиса Тілендиевті қолынан жетектеп, домбыра класына қайта әкеліпті. Сонымен қатар танымал суретші Гүлфайрус Исмаилова да солақай болған. Ресейде оқып жүргенде сол қолымен сурет салудан ұялып тұрғанда, ұстазы «Сен ұялма, қай қолыңмен сурет салған ыңғайлы, солай сала бер. Әлемнің әйгілі суретшісі Леонардо да Винчи де суретті сол қолымен салған» деген екен.
Ал спортта солақай болудың бәсі мығым. Өйткені спортшылардың ішінде, әсіресе, рингке шыққан солақай боксшылардың қарсыласына өте қолайсыз болатыны ақиқат. Спорт бапкерлері мен мамандардың бағалауынша, солақай боксшылардың 40 пайызы алтын жүлдеге ие болған, әлемдік додаларда топ жарған.
Жалпы, солақайлық адамзатқа ғана тән емес. Чикаго қаласының хайуанаттар бағындағы шимпанзенің үштен екісі сол қолымен тамақ ішсе, ал ақ аюлар асты негізінен сол алақанымен жейді екен.
Яғни, солақайлықтан қашудың қажеті жоқ. Ол кемшілік емес, әр адамның басына қона бермейтін ерекше қабілет деп қабылдауымыз керек. Бірақ бір нәрсе анық, солақайлардан талантты тұлғалар, іскер басқарушылар мен мықты президент шығады. Демек, солақайлық бұл – артықшылық және генетикалық ерекшелік.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 ақпан 2021 ж. 725 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031