» » Алтын қыздардың анасы

Алтын қыздардың анасы

Біздің «Қармақшы таңы» деген қарашаңырақта қай кезден «Бестің шайы» үзілмейді. Журналистер шығармашылық адамы ғой. Бірінің шабыты таза ауада серуендеп, табиғаттың тылсым сырына үңілгеннен келсе, бірі – қою күрең шай ішіп, тер шыққанда арқаланады. Кіл қолы алтын қыздар әдеттен танбай түс ауғаннан тартпаларындағы пісіріп әкелген бәліш, прәйнігін, «Қазалының» кәмпитін шығарып, дастарқанды лезде жайнатып жібереді. Шай ішу салтанатының бәрімізге ортақ бір қасиеті бар. Газеттің кезекті нөмірі беттеліп, қатталып, баспаханаға кеткенде арқадан ауыр жүк түскендей күй кешеміз. Бұл жеңілдікті жеңілжелпі шаймен атап өту әбестік болмас. Сол шайдың үстінде шалқып отырып, әңгіме қозғаймыз. Әңгіме дегенде айтатынымыз ауыз үйдің айналасындағы ұсақтүйек дүние емес. Мақалаға арқау болар тақырыптар. Қазіргі таңда бірінші тілегіміз көп болып кеселмен күресіп, тұрғындар тезірек сауығып шықса. Оларға шипа берген ақхалаттыларды көпке көрсетсек. Шайдың үстінде күні-түні тынбай еңбектеніп жүрген денсаулық сақшылары туралы әңгіме қаузалды. Сонда бір әріптес апалы-сіңлілі дәрігер, бір үйдің қос батыр қызы Динара мен Алтынай Жүсіповалардың қызметіне сүйсініп, олардың тарапына алғыстың көптігін айтып көсілді. «Анасы да сол саланың маманы ғой деп», әңгімені әрі жалғаған үлкеніміз Алма апай хирургтің жанында отыратын мейірбикені меңзеді. Иә, біз айтпақ болған бұл жанды расымен танымайтындар кемде кем шығар Жосалыда.

Он жыл бұрын Жезқазған қаласында жұмыс істейтінмін. Ойда жоқта аяғыма қайнап тұрған тоқ самаурынның суы төгіліп, екі табанымның терісі күлбіреді де қалды. Сол күйік 2-3 айға дейін жазылып болмады. Не де болса ауылға келуге тура келді. «Травматолог Айбек Мырзақұловқа бар» деген соң аудандық емханаға келдім. Кабинеттің есігіне телміріп, кезек күтіп отырмын. Аққұбаша, әдемі келген, жүзі жылы апай жымиып шығып, жөн сұрады. Балдаққа асылған мені қолтығымнан демеп, дереу жараны таңу бөлмесіне кіргізді. Табанымды тазалап, жақпа майын, дәрісін сеуіп берді. Осылай бірнеше күн күйікке күтім жасап, тез жазылуыма септігін тигізді. Сонда әлгі өз жұмысын жанын салып істейтін маманға іштей сүйсініп, алғысымды жаудырып кеткенмін. Осыдан кейін-ақ мейірбике деген мейірімді жанның науқас денсаулығына емдеуші дәрігерден кем жауап бермейтінін байқаймын.
Манадан тілге тиек еткен жан 40 жылға жуық аудандық емханада хирургтің мейірбикесі болып табанды еңбек етіп жүрген Рауа Халыққызы. Оны өзгеден ерекше еткен қандай қалпы?
Рауа Көбекова 1961 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Мектеп бітірген соң бірер жыл дәріханада жұмыс істепті. Кейін Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. 1982 жылы бітіріп келген жас маманның жұмысқа тұруына еш кедергі болмапты. Сол кездегі ауданның бас дәрігері Қалыгүл Бәлібаеваны бойжеткеннің бір көргеннен білінетін тазалығы мен тиянақтылығы тәнті еткен болар, «Сенен мықты хирургиялық мейірбике шығады» деп арқасынан қағып, аурухананың хирургия бөліміне жұмысқа алады. Оқу орнын жоғары үлгеріммен тәмамдаған кеудесі жалынға, жанары жігерге, тұла бойы күшке толы Рауа Халыққызының еңбек жолы аурухана қабырғасында өмір мен өлім арасында шарасыз күй кешкен сырқат жандарды кезіктіріп, олардың ауруына шипа табу үшін күреспен басталған. Мұндай көңілсіз сәттер жас мейірбикенің кәсіби қабілетін шыңдап, шеберлігін арттырады. Қызметіне адал әпкеміз бірнеше жыл жұмыс істеп, атаанасының батасымен сол кездері аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет ететін Мырзабек Жүсіповке тұрмысқа шығады. Достық пен отбасына берік, бірсөзді, өткір мінезді, ұстамды азаматпен 4 бала өсіріп, тәрбиелеген.– Динара мен Алтынай мектепті «Алтын белгіге» бітірді. Екеуі де С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің грантын жеңіп, дәрігерлік мамандықты меңгерді. Еңбек жолдарын ауылда бастады. Қазір Динара аудандық емхананың жалпы практикалық дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі болса, Алтынай бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары. Дәрігер болу үшін асқан төзімділік пен мінез керек. Бәлки менің де өмір бойы алдарында ақ халат киіп жүргенім сеп болған шығар. Кім білсін? Қыздарым өз мамандығына жүрек қалауымен келді. Балаларымның мінезі әкесіне тартқан. Бәрі де табанды, алға қойған мақсатына жетпей тынбайды. Олар үшін ауыздан шыққан сөз атылған оқпен тең. Айтты ма, уәде берді ме, орындау міндет. Өздеріңіз білетіндей, дәл осы қысылтаяң тұста екеуі де алдыңғы шепте қызмет етіп жүр. Жұмысқа ерте кетеді, кеш келеді. Қыздарымның жауапты қызметіне түсіністікпен қарайтын күйеубала, ата-ене бұйырғанына разымын. Туған жерінің денсаулық сақтау саласын алға жылжытып, халық үшін білгенін аямайтын ұрпақ өсіргенімізге қуанамын. Динара мен Алтынайдан кейінгі Бекзатымыз №121 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол да оқуға өз білімімен түсті. Жетістіктері де жіпке тізердей. Үш қыздан 7 жиен сүйіп отырмыз. Шаңырақтың иесі, атқамінеріміз Болат №250 мектеплицейдің дарынды оқушысы, – деді Рауа апай отбасы жайында сұрағанымызда.
Ол 1993 жылы аудандық ауруханадан емхананың хирургия бөліміне ауысқан. Осынша уақыт ішінде білікті хирург, травматолог, уролог дәрігерлермен қызметтес болыпты.
– Жаспын. Медбике болсам да барлық медицина саласының, оның ішінде хирургияға қатты қызығып, дәрігерлерден көп нәрсе сұрайтынмын. Марқұм Сағымбек Рысмаханов, Марат Мырзақұлов, Нұраш Оңайсынов, Ғани Серікбаев сынды білікті хирург ағаларым ешуақытта білгенін үйретуден, айтудан жалыққан емес. Адамға тұрақтылық қай кезде де қажет-ақ. Өзімді басқа бөлімде істеймін, ауысамын деп ойлап көрмеппін. 40 жылға жуық еңбек өтілімде 18 хирургпен жұмыс істедім. Жақсы медбике болу үшін көп нәрсе керек, бірақ ең бастысы – мейірімділік. Науқасқа дөрекілік танытып, дауыс көтерсең, қабағыңды түйіп алсаң, бұл салада ұзаққа бармайсың. Уақыт өтеді, заман өзгереді, бір заңдылық сақталады. Бүгінгі жаңа технология, компьютер қаншалықты дамыған заман болса да, адамның жұмысын істеп бермейді. Білімді, әрі білікті дәрігерлер мен медбикелер әрдайым қажет. Сондықтан бүгін де, ертең де медицинаны мейірбикелерсіз елестету мүмкін емес. Бірінші кезекте – үй мен жұмысты араластырмау керек. Үй ішінде де қиындықтар болады, жұмысқа келгенде үйдегіні ұмытып, тек жұмыспен айналысуға тиіспіз. Жұмыс біткеннен кейін, емханада болған жайт сонда қалады. Екеуін ешқашан қосуға болмайды. Балаларыма айтатын ең бірінші сөзім осы. Ақыры медицинаға келгеннен кейін шыдам керек. Біраз уақыт Марат ағайдың баласы, білікті травматолог, қазіргі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасында еңбек ететін Айбек Мырзақұловпен қызметтес болдым. Жас болса да бірқалыпты, үлгі боларлық жігіт. Осындай еңбегіне адал азаматтармен жұмыс істеу маған бұйырған бақыт шығар. Қай кезде де науқасқа дәрігер ем тағайындайды, ал сол емнің дұрыс берілуіне біз жауаптымыз. Біздің сала көбіне аяқ-қолы сынған, зақым алған, жараланғандарды емдеу. Алдымызға түрлі санаттағы науқас келеді. Соның көбі алғысын айтып, үлкендер батасын бергенде жұмысқа деген ынта жігеріміз арта түседі, – дейді ағынан жарылған мейірбике.Көп сөзге жоқ, салмақты, ісіне мығым маманның ескерілген еңбегіне алған марапаты аз емес. Бірнеше рет аудан әкімінің алғыс хаты, аудандық аурухананың кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтарымен марапатталған. Алайда ол үшін бәрінен артық марапат халықтың алғысы. Бұл қарапайым отбасындағы тағы бір басты құндылық – еңбекке деген адалдық. Бір медбике, қос дәрігер бір ұжымда жүрген соң үнемі тәжірибелерін ортаға салып, кез келген шешімді келісіп қабылдайды.
Бірер жылда зейнеттік демалысқа шығатын Р.Халыққызы осындай құрметті салада қызмет еткеніне, туған жеріне еңбек ететін, басы ауырып, балтыры сыздағанға көмектесетін ұрпақ өсіргеніне разы. Үйретері мол мақтаулы маманнан жас мейірбикелер үлгі алса екен.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

25 шілде 2020 ж. 1 269 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 081

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031