» » Білектей арқасында өрген бұрым

Білектей арқасында өрген бұрым

ЖОСАЛЫ, 7 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Аяқ асты жиналысқа жинала бастадық. Үстеліме қарама-қарсы отыратын әріптесім қақ төбесіне түйіп қойған қолаң шашын босатып жіберді. Ұзыннан төгілген қою шашы аттың жалындай жалтырап тұр. Қолымен тырмалай тарап, қайтадан тас қылып түйіп тастады. Аң-таңбыз. Апырау, бұл өзіміздің әріптес пе? Қалай мән бермедік?
   Осы күнге дейін бір қарыс шашқыстырғыштың «құрсауында» жатқан қыз көркінің сыры осы сәтте үзіле кетті. Оған бір сәтке болсын көз қиығын таңдана, бәлкім тамсана тастамайтын адам жоқ шығар, сірә?! Тосын жағдайға тап болған біз қаламы қарымды тілшіміз Ақнұр Сағынтайды жазуға бел будық. Көрік, сұлулық деген ұғымды осыған қарап тағы бір мәрте танығандаймыз. Себебі ол – бұрымды ару.
   Осы сәтте Қадыр Мырза Әлінің «Батырларды матап байлап тастауға, Жетіп жатыр қара шаштың бір талы» деген өлеңі ойға оралды. Әсілінде жан дүниесін сан алапат сезімге салатын шаштағы қасиетке таңдай қақпай тұра алмайсыз.
   – Шашың ұзын екен ғой, айтпайсың? – дедім ренжулі.
   – Жайып жүруге қолайсыз. Барынша жинақы түйгенді ұнатамын, – деген ол «Басыңа артық салмақты арқалап жүрген оңай дейсің бе?» деп әзілдей кетті.
   Қауырт тірліктен, қарбалас жұмыстан айналаға зер салмайды екенбіз. Жанымызда жүрген жанның жан сырын да ақтарып көрмеппіз. Бұл жолы кейіпкерімізбен әдеттегіден ерек сөйлестік. Көп ортада ашыла бермейтін ол да сыр пернесін шерте кетті.
   Ақнұр – 25 жаста. Тілшілік қызметте жүргеніне 5 жылға жуықтапты. Жұмысы мен үй тірлігіне қатар үлгеріп жүрген ол екі баланың анасы. Қолы қалт етсе тәтті-пәттісін әзірлеп, жақын жандарын қуантып отырады. Бір орында тоқтап қалу – оған жат. Қосымша табыс көзі ретінде «Қармақшы дүкен» интернет-дүкенін ашып, тұтынушыларын жинаған. Қазір оның әлеуметтік желідегі парақшасында 15 мыңнан аса оқырманы бар. Пысықтығымен ибалы келін статусына ие болған шиелілік ару «Берекелі шаңырақ» онлайн жобасының белсенді қатысушысы. Ал осылардың бәрінен ерекше ететін – оның бұрымы.
   Жалма-жан қолымызға ұзын өлшегішті алып шашын өлшедік. 1 метр, 10 сантиметр. Бала күнінен шашына ерекше күтім жасауды анасы құлағына құйып өсірген.
   – Бірде анам күн көзіне қыздырына шашын тарай бастады. Асықпай тарап болған соң үстіне жабысқан, жерге түскен шаштарын жинап жатып «Қызым, дұрыстап қарашы, шаш қалмасын» деді. Қызығып «Неге?» деп едім, «Шаш аяқтың астында қалса не құс іліп кетсе бас ауыруына шалдықтырады» деді анам. Осы сәттен бастап шашымды төбеме тас қылып түйіп тастаймын. Бір тал шаштың жерде, аяқ астында жатқанын қаламаймын. Себебі шаш – қасиеттілердің бірі, – дейді Ақнұр.
   Шаштың беріктігін алюминиймен салыстыруға болады екен. Бір тал шаштың өзі 100-ден 200 грамға дейінгі салмақтағы затты ұстап тұруға шамасы келеді. Демек, қыз бұрымы 20 тонна салмақтағы затты көтеруге қауқарлы. Қош. Жаратушы нәзік жандыларға сыйға берген қолаң шаштың киесі барын да естен шығармаған абзал. Арулардың шолпысының сылдыры мен күлкісінің сыңғыры, қою қара бұрымы мен бойындағы қылығы жарассын!

Айнұр ӘЛИ

07 наурыз 2020 ж. 1 613 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031