ЖЕРЛЕСТЕР МЕРЕЙІ
Жуырда Қостанай қаласында Тәуелсіздік мерекесі мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновты еске алу мақсатында ересектер арасында қазақ күресінен республикалық жарыс өтті.
Дүбірлі жарысқа жерлесіміз Әдібек Серикбаев басшылық ететін спорт клуб балуандары қатысты.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысымен 66 және 100 келі салмақта аудан намысын қорғаған Арман Жалғасбекұлы мен Ринат Тоғысов жарыс жеңімпазы атанса, 82 және 100 келіде белдесу өткізген Мейірбек Орынғалиев пен Спандияр Алмаханов жүлделі ІІІ орынды иемденді.
Сонымен бірге, Талдықорған қаласында 23 жасқа дейінгі бозкілем шеберлері арасында өткен ел чемпионатында 68 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Әсет Әбдіреев ІІІ орынды иемденсе, сол мезетте Ақтау қаласында қазақ күресінен халық батыры Шоғы Мұңалұлын еске алуға арналған республикалық жарыста аудандық спорт клуб мүшелері Ерасыл Зейнуллаев ІІ орынға, ал 66 келіде Мағжан Әбдіжәмит ІІІ орынға көтеріліп, аудан абыройын асқақтатты.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласында аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында облыстық спартакиада өтті. Спартакиада аясында өткен футбол жарысында №275 мектеп-лицейдің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ақжарбай Жарықбаевтың басшылығымен дайындалған Қармақшы құрама командасы І орынды жеңіп алса, үздік ойын өрнегін көрсетіп, көрермен көзайымы атанған №273 орта мектептің оқушысы Ерболат Ерімбетов «Үздік ойыншы», №275 мектеп-лицейдің оқушысы Рустам Мақатаев «Үздік қақпашы» номинациясына ие болды. Ал, қыздар арасындағы жарыста №79 негізгі мектебінің командасы V орынды місе тұтса, сол мектеп құрамасының мүшесі Балайым Өтебай «Үздік ойыншы» номинациямен марапатталды.
Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті күніне байланысты Қармақшы ауданы командасы, құрамында Е.Әлжанов, С.Мұхамбетов, О.Ешбаев, А.Қиясов, А.Дүйсенбаев, Д.Бибітбаев, Ғ.Құндақбаев, Қ.Құндақбаев, Қ.Бостанов, А.Қашақбаев және Д.Жұбанышовтар алғашқы әскери-қолданбалы спорт түрі бойынша 7-желтоқсанда Қызылорда қаласында аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық жарыс қорытындысымен командалық есеппен ІІІ орынды иеленді. Жекелей, нақтырақ айтқанда арқан тарту және пневматикалық винтовкадан нысанаға ату сайыстары бойынша жарыс жеңімпазы атанса, белтемірге тартылу сайысында жүлделі ІІІ орынға көтерілді.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ