» » БІЗ СПОРТ САҢЛАҚТАРЫН ТӘРБИЕЛЕП ЖАТЫРМЫЗ

БІЗ СПОРТ САҢЛАҚТАРЫН ТӘРБИЕЛЕП ЖАТЫРМЫЗ

Бір мемлекеттің байрағы екінші елде екі жағдайда ғана көкке көтеріледі. Бірі – сол елдің басшысы сапарлап барғанда, ал екіншісі – спортшысы жеңіске жеткенде. Сол себепті, спорттың елде алар маңызы мен орны жоғары. Тамыз айының үшіншісі жексенбісі спортшылар күні. Мереке қарсаңында атағы аудан, облысты былай қойғанда халықаралық деңгейде танылған жерлесіміз Әділбек Серікбаевпен пікірлесудің сәті түсті.
– Әділбек Үргенішбайұлы, сіз спорт саласына маңдай терін төгіп жүрген марғасқалар қатарындасыз. Мұны айтпасақ та тәрбиелеген шәкірттеріңіздің шыққан шыңынан былайғы жұрт бағамдап жүр. Кеудеңізде бағдаршамдай жанған мақсатыңыз қандай?
– Білесің бе, ең әуелі спортқа келгенімде ойымда бір ғана мақсат, бір ғана мүдде болды. Ол – Қармақшыдан спорт шеберін шығару. Бұл арман 1993 жылы орындалды. Дархан Алмаханов есімді шәкіртім спорт шебері атанғанда менің көңіл-күйімді көрсең ғой... Көзімнен жас, маңдайдан тер ағып, уралап айғайлап залда жүгіріп кеттік. Міне, сол күнді мен ешқашан ұмытпаймын. Құдды бір төбем көкке жетіп, қуанышым қойныма сыймай шарқ ұрған сәт еді. Спорт шеберлігінде алғашқы Алмахановтан кейін жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай болып, үмітіміз ақтала түсті. Қазірдің өзінде нақты санын білмедім, бірақ 100-ге бір табан жақын қалдық. Ендігі мақсатты айтсам, Қармақшыны тек жүз шайырдың ғана емес, жүз спорт шеберінің де шыққан жері қылу.
– Қазір аудандық спорт клубының жағдайы қандай? Мемлекеттен көмек берілетін шығар...
– Әлбетте, спорт ол мемлекеттік деңгейде маңызы бар үлкен сала. Өйткені, бұл халықаралық деңгейдегі елдердің бір-бірімен бәсекесі. Сол арқылы мықтылығын танытады. Жасыратыны жоқ, аудандық спорт клубы 2005 жылы ашылғанмен, оған қолдау көрсетілген емес еді. 2017 жылы аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы қаржылай қолдау көрсетті. Спортқа жақсы көңіл бөлді. Барлық қажеттілік өтелмегенмен, көп көмек болды. Жарыстарға баруға, дайындық жұмыстарына қажет­тілі­гіміз­ге жараттық. Мұндай жұмыс­ты әлбетте, айтып өткен жөн. Спортқа қаншалықты көңіл бөлінген сайын соншалықты бағындырар биік шыңдарымыз да көп болмақ. Аудан әкіміне алғысым зор осы ретте.
– Ел аузында осы күннің өзінде «Қармақшы – палуандардың отаны» деген анықтама қалыптасып қалған. Әлбетте, зор еңбектің нәтижесі. Расымен солай емес пе?
– Күні кеше өткен Монғолияның Улан-баторында самбодан өткен Азия чемпионатына біздің бес спортшымыз қатысты. Оның төртеуі чемпион болса, біреуі екінші орынды еншілепті. Енді қараңыз, Қазақстан құрамасының бес бірдей спортшысы қармақшылық. Осыдан келіп, неге палуандардың отаны болмасқа?! Грузия, Әзірбайжан, тағы басқа елдердің жаттықтырушылары белдесіп жатқан елдің спортшыларын нұсқап: «Кармакчи, Кармакчи» дейді сұраулы жүзбен маған қарап. Мен сабырлы қалпымнан танбай «да» деймін. Қармақшыны спорттан әлем мойындаған. Оған мысқалдай күмәніңіз болмасын.
– Бір емес, төрт бірдей баласы «Қазақстан барысына» қатысқан ауданбыз. Мұндай нәтиже басқа аудандарды қайдам, республикада жоқ шығар?!
– Батысында қасиетті Қорқыт баба, шығысында Марал баба, одан бөлек Ер Сейтменбет пен Қармақшы ата төрт бұрышымыздан қолдап, шарапатын тигізіп тұр. Бір кездері батыс өңірінің жігіттері келіп, осында жатып, бабаларға тәу етіп, кейін зор жетістіктерге жетті. Шынында зерттеп-зерделесек, оған дейін екінші орыннан көтерілмеген кей спортшылар содан соң бас жүлдені бермей кетті. Мұндай жағдай көп. Әйткенмен, қазақтың барлық жері қасиетті. Бөліп-жаруға болмайды. Арал мен Жаңақорғанның арасындағы барлық өңірден шыққан қасиетті әулие кісілер бар. Бастысы, қай саланы болмасын, алға сүйрегің келсе, тәуекелге бару керек, жетістік құрбандықты қажет етеді.
– Құрбандықты қажет етеді... Мәселен...
– Мәселен, қиын кезеңдер болды. Қаражат мәселесінен қатты қиналдық. Әкеме келіп, жағдайды баяндағанда маған: «Балам, ойланба. Қорадағы сиырды сат!» деп кесіп айтты. Мұндай жағдайдың сан түрі болды. Әкемнің зейнетақысына дейін спорт үшін жаратып қойған кездерім көп болды. Қазір сол қиындықтардың болғанына қуанамын. Өмір өз қайнауында өзі пісіреді. Шыңдайды. Қазір шәкірт­терім­нің шыққан шыңдарына қарап, марқайып отырамын. Олардың алды әлдеқашан менімен қатар әріптес болып кетті. Менің байлығым да – сол шәкірттерім.
– Қазір кімдерді баулып жатырсыз? Естіп-білуімізше, тек Қармақшының ғана емес, басқа да өңірлердің жастары келіп тәлім алуда екен. Ол әрине, «Қармақшыны Сыр спортының астанасы» деген тағы бір теңеуді өмірге әкелуге болатынын дәлелдейтін тәріз­ді.
– Сыр спортының астанасы атану­ға әсте, дайынбыз. Бірақ, әлі де шыңдалу керек, тоқмейілсуге болмайды. Қазір спорт саласына мол қаржы бөлініп жатыр. Бірақ, сол қаражаттың көлеміне қарап, біздің әлі де биікке шығуға мүмкіндігіміз бар екеніне көзім жетеді. Жағдайы бізден әлдеқашан төмен деңгейдегі Дағыстанның өзін алыңыз. Әлемдік деңгейде мық­ты­лығын танытып тұр. Біз оқу-жаттығу жиынын өткізіп тұрамыз. Биыл бұл шараға көршілес мемлекеттер де қызығушылық білдіруде. Біз олардан үйренеміз, олар бізден үйренеді. Осылайша тәжірибе алмасамыз. Осы күнгі шәкірттеріме келсек, 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 80-нан астам спорт шеберін дайындаппыз. Бұл күнде атағы жер жаһанға тараған Бауыржан Раисов, Ғалымжан Әбдірахмановтар бізді жерге қаратып жүрген жоқ. Төбемізді көкке жеткізіп, мерейімізді асыруда.Қазіргі таңда шәкірттерімнің арасында Арман Жалғасбекұлы, Ринат Тоғысов, Спандияр Алмаханов, Ақтөбе облысынан келген Мейірбек Орынғалиев, Мағжан Әбдімәжит, Әзір Әбдірахманов, Ерасыл Зейнуллаевтар бәсекелерде топ жарып, үмітімізді ақтап жүр.
– Шәкірттерге спорттық айла-тәсілден басқа не үйретесіз?
– Рас, мен сонау 1993 жылы Дархан Алмаханов спорт шебері атағын алғанда бөркімді аспанға атып қуандым. Бәлкім, алғашқы жетістік, алғашқы асу болған соң шығар... Қазір қанша жарыстардан топ жарып, бәйгенің алдын бермей келе жатсақ, қолымды кеудеме қойып, Жаратқанға шүкіршілік айтамын да, олардан бұрын елге келіп, бір малды құрбандыққа шаламын. Өйткені, атақ-даңқ дегеніңіз, абырой-бедел дегеніңіз адамдық болмыстың биіктігінің қасында түк емес. Мен жігіттерге бастысы, адам болып, азаматтық бол­мысты қалыптастыру екенін айтамын. «Күні кеше Олимпиадаға барып келген Әділбектің шәкірті бүгін қылмыскер боп қамалып жатыр» деген атақ маған да, шәкірттеріме де керек емес. Сондықтан, оларды алдымен адамдыққа баулимын. Адам бола білген азамат, кез келген жерде мықты маман да бола алады.
– Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңізге жеміс тілейміз.
Сұқбаттасқан
Дәулет ҚЫРДАН.
21 тамыз 2018 ж. 991 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 252

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 352

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930