ДӘСТҮРЛІ ТУРНИРДІҢ ДҮБІРІ
Жақында Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісінің иегері» атанған Қуаныш Қаражановтың атынан жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті.
2010 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 10 командадан 100-ден аса жас спортшы қатысты. 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы XVI республикалық ашық турнирдің салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа баулу мақсатында салынған спорт кешендерінің пайдалануға берілгенін айтып, турнирге қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Қармақшы топырағынан ел мерейін асырған талай спорт саңлақтары шыққан. Солардың бірі – білікті жаттықтырушы, спорт ардагері Қуаныш Қаражанұлы. Осындай тағылымы мол жарыстар арқылы жастарымыздың бойында өткенге құрмет секілді тәрбиелік мәні зор ұғымдар қалыптасатыны сөзсіз, – деді ол.
Ашылу рәсімінде спорттық шара иесі де өз лебізін білдіріп, көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.
Қуаныш Қаражанұлы – спорт саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі жаттықтырушы. Ол 1950 жылы ауданда дүниеге келген. 1956 жылы Калинин атындағы №105 орта мектепке барып, бұл білім ұясын 1966 жылы бітіріп шығады. Мектеп бітірген соң екі жыл аудан орталығындағы Жосалы механикалық зауытында еңбек еткен. 1968 жылы Алматы қаласындағы Дене тәрбиесі және спорт мамандарын дайындайтын институтта «Ұстаз-жаттықтырушы» мамандығын меңгерген. Институтты бітірген соң, №105, 250, 108 мектептерде ұстаздық қызмет атқарады. 1973-1974 жылдары Кеңес Одағы Қарулы күштерінің сапында Ресейдің Уссурийск қаласында «Әуе шабуылына қарсы қорғаныс» саласында сарбаздық міндетін атқарып, лейтенант шеніне ие болды. Әскерден соң аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы, аудандық «Қайрат» спорт қоғамының төрағасы, дене тәрбиесі және спорт комитетінің төрағасы болып аудан спортының өсіп-өркендеуіне үлес қосты. 1994 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, онда спорт клубында бокстан жаттықтырушы, 1995 жылы Талғар қаласындағы жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер болады.
Мамандығына адалдық танытып, уақытпен санаспай, ел мақтаныштарын тәрбиелеген еңбегіне 1998 жылы еліміздің спорт саласына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісінің иегері» атанады. Бапкерлік жолда да бағы жанған жаттықтырушы біршама спорт шеберлерін шығарған.
Биыл 16-рет ұйымдастырылған бұл жарысқа арнайы Ақтөбе, Түркістан облыстары, Алматы, Қызылорда қалалары, Сырдария, Жалағаш, Қазалы, Қармақшы ауданы және Төретам кентінен келген спортшылар бақ сынады. Нәтижесінде жеңіс төрінен көрініп, І орын алған қатысушыларға белбеу, медаль, алғыс хат және ақшалай сыйлық табысталса, ІІ, ІІІ орын алған спортшылар медаль, алғыс хат, ақшалай сый жеңіп алды. Тағы бір айта кетерлігі, бағы мен бабы қатар жанып, жеңімпаз атанған жасөспірімдер спорт шеберлігіне кандидат атанды. Жерлесіміз Әділжан Бақытбек 37 келі салмақта «Үздік боксшы» атанса, «Үздік төреші» номинациясымен Біржан Алиханов марапатталды. Турнирдің бас хатшысы қармақшылық Абай Тұрғанов болса, шиелілік Жалғас Бекмұратов бас төреші болды. Сонымен қатар угандалық халықаралық дәрежедегі төреші Паул Тузинде төрелік етті.
Тартысты өткен турнирде шын мықтылар төрден көрінді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл турнирдің өтуіне Қуаныш Қаражановтың шәкірттері демеушілік жасаған. Ауданымызда туып-өсіп, спорт шеберінен тәлім алып, бүгінде кәсіпкер атанып, ел экономикасына елеулі үлес қосып жүрген Мұрат Қуанышбаев, Рүстем Ахметов есімді бапкердің шәкірттері ел болашағы үшін осылай игі іс ұйымдастыруда. Бұл бапкерге деген құрмет болса, жас спортшылар үшін тәжірибе мен жетістік, ал аудан спорты үшін – қамқорлық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















