» » БАПКЕР БИІГІ – ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР

БАПКЕР БИІГІ – ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР

Жақында Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісінің иегері» Қуаныш Қаражановтың жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы сөз сөйлеп, Қуаныш Қаражановтың спорт саласының дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа баулу мақсатында салынған спорт кешендерінің пайдалануға берілгенін айтып, турнирге қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері» Еркін Оразбекұлы ізгі тілектерін білдіріп, білікті жаттықтырушы Қуаныш Қаражанұлының өнегелі өміріндегі үлгі болар жетістіктеріне тоқталды.
Ол 1950 жылы ауданымызда дүниеге келген. 1956 жылы Калинин атындағы №105 орта мектепке барып, бұл білім ұясын 1966 жылы бітіріп шығады. Мектеп бітірген соң екі жыл аудан орталығындағы Жосалы механикалық зауытында еңбек еткен. 1968 жылы Алматы қаласындағы Дене тәрбиесі және спорт мамандарын дайындайтын институтта «Ұстаз-жаттықтырушы» мамандығын меңгерген. Институтты бітірген соң, №105, 250, 108 мектептерде ұстаздық қызмет атқарады. 1973-1974 жылдары Кеңес Одағы Қарулы күштерінің сапында Ресейдің Уссурийск қаласында «Әуе шабуылына қарсы қорғаныс» саласында сарбаздық міндетін атқарып, лейтенант шеніне ие болды. Әскерден соң аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы, аудандық «Қайрат» спорт қоғамының төрағасы, дене тәрбиесі және спорт комитетінің төрағасы болып аудан спортының өсіп-өркендеуіне үлес қосты. 1994 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, онда спорт клубында бокстан жаттықтырушы, 1995 жылы Талғар қаласындағы жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер болады.
Мамандығына адалдық танытып, уақытпен санаспай, ел мақтаныштарын тәрбиелеген еңбегіне 1998 жылы еліміздің спорт саласына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісінің иегері» атанады. Бапкерлік жолда да бағы жанған жаттықтырушы біршама спорт шеберлерін шығарған.
2010 жылдан бері ауданда жыл сайын бокстан республикалық турнир өткізіліп келеді. Биыл 15рет ұйымдастырылған бұл жарысқа арнайы Қырғызстан мен Өзбекстан Республикаларынан және еліміздің Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан жалпы саны 200-ден астам жас спортшы, 26 команда бақ сынады.
Нәтижесінде жеңіс төрінен көрініп, І орын алған қатысушыларға белбеу, медаль, алғыс хат және ақшалай сыйлық табысталса, ІІ, ІІІ орын алған спортшылар медаль, алғыс хат, ақшалай сый жеңіп алды. Тағы бір айта кетерлігі, бағы мен бабы қатар жанып, жеңімпаз атанған жасөспірімдер спорт шеберлігіне кандидат атанды. Жерлесіміз Нұрасыл Әбдірахманов 40 келі салмақта «Үздік боксшы» атанса, «Үздік төреші» номинациясымен шиелілік ұлттық дәрежедегі төреші Жалғас Бекмұратов марапатталды.
Тартысты өткен турнирде шын мықтылар төрден көрінді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл турнирдің өтуіне Қуаныш Қаражановтың шәкірттері демеушілік жасаған. Ауданымызда туып-өсіп, спорт шеберінен тәлім алып, бүгінде кәсіпкер атанып, ел экономикасына елеулі үлес қосып жүрген Мұрат Қуанышбаев, Рүстем Ахметов, Дәулет Қанатбаев есімді бапкердің шәкірттері ел болашағы үшін осылай игі іс ұйымдастыруда. Бұл бапкерге деген құрмет болса, жас спортшылар үшін тәжірибе мен жетістік, ал аудан спорты үшін – қамқорлық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
27 мамыр 2025 ж. 237 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (10407)

27 мамыр 2025 ж.

№38 (10406)

24 мамыр 2025 ж.

№37 (10405)

20 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 833
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031