ҚУАНЫШ ҚАРАЖАНҰЛЫНЫҢ ЖҮЛДЕСІНЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БОКС ТУРНИРІНІҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУЫ ӨТТІ
Бүгін аудан әкімінің тапсырмасымен «Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері, спорт ардагері Қуаныш Қаражанұлының жүлдесіне арналған бокстан 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы XVI республикалық ашық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2010 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 10 командадан 100-ден аса жас спортшы қатысуда.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп:
«Қармақшы топырағынан ел мерейін асырған талай спорт саңлақтары шыққан. Солардың бірі – білікті жаттықтырушы, спорт ардагері Қуаныш Қаражанұлы. Осындай тағылымы мол жарыстар арқылы жастарымыздың бойында өткенге құрмет секілді тәрбиелік мәні зор ұғымдар қалыптасатыны сөзсіз», – деп сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ашылу рәсімінде спорттық шара иесі де өз лебізін білдіріп, көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.
Қуаныш Қаражанұлы спорт саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі жаттықтырушы. Оның шәкірттері халықаралық және республикалық жарыстарда ел намысын қорғап, жоғары жетістіктерге жеткен. Сондай-ақ 1996 жылы «Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Шаршы алаңда былғары қолғап шеберлері өзара бақ сынасып, жеңіске деген спорттық шеберліктерін көрсетіп, тартысты ойын өткізуде.
Айта кетсек төрт күнге жалғасатын тартысты дода 24 мамыр күні қорытындыланады.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















