ОБЛЫС БІРІНШІЛІГІНДЕ БАЛУАНДАР БАҚ СЫНАДЫ
Жақында ауданымызда қазақтың төл спорты – қазақ күресінен 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі өтті. Ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған бұл маңызды жарыс дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
кі күнге созылған тартысты додаға Сыр өңірінің 7 ауданынан келген 18 команда қатысып, 170-ке жуық жас балуан боз кілемде бақ сынады. Жарыс жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырды.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып, қазақ күресінің маңызына тоқталды.
– Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық рухын айшықтайтын ерекше спорт түрі. Бұл жарыстың Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келуі оның мәнін одан әрі тереңдете түседі. Жастардың спортқа қызығушылығы мен салауатты өмір салтын таңдауы – ел болашағының кепілі, – деді аудан әкімің орынбасары.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар мен бапкерлерге, спорт жанашырларына алғысын білдірді.
Жарыс барысында ауданымыздың жас балуандары жоғары дайындықтарын көрсетіп, әр белдесуде табандылық пен қайсарлық танытты. Нәтижесінде бірқатар спортшы жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, 50 келі салмақ дәрежесінде Ерасыл Әлиев топ жарып, І орынды иеленді. 55 келіде Ерасыл Рүстем ІІ орынға тұрақтаса, осы салмақта Нұрлыхан Ерболатұлы ІІІ орынды қанжығасына байлады. 60 келіде Әділет Бегалы қарсыластарынан оқ бойы озып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 65 келі салмақта Нұрислам Пернебай чемпион атанды.
Айта кету керек, жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алып, облыс намысын қорғайтын болады.
Бұл дода жас балуандардың шеберлігін арттырып қана қоймай, ұлттық спорттың өркендеуіне серпін берді. Қазақ күресінің көкжиегі кеңейіп, жаңа есімдердің жарқырауына жол ашылғаны – жарыстың басты жетістігі.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

















