ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІС ЖОЛЫНДА
Спорт – ел намысын асқақтатып, ұлт рухын көтеретін, жас ұрпақты жігер мен төзімге баулитын үлкен тәрбие мектебі. Осы орайда, Қызылорда қаласында дәстүрлі түрде өткізілетін облыстық «Алтын күз – 2025» спартакиадасы басталды. Жыл сайын өтетін бұл ауқымды дода – салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуда маңызды рөл атқарып келеді.
Биылғы спартакиада өз ауқымын кеңейтіп, 18 түрлі спорт түрін қамтыған. Олардың қатарында қазақ күресі, кикбоксинг, футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, жеңіл атлетика сынды танымал әрі тартысты жарыстар бар. Аталған сайысқа облысымыздың барлық аудандары мен қала командалары қатысып, өзара мықтыны анықтауға кірісті.
Жарыстың алғашқы күндері-ақ аудан спортшылары шеберлік пен жанкештіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, алғашқы жүлделерді қанжығасына байлады. Қазақ халқының төл өнері – қазақ күресі бойынша ауданымыздың балуандары қарсыластарына дес бермей, І орын иеленді. Бұл – ел намысын жықпай, рухты биік ұстайтын жігерлі жастардың жеңісі.
Ал кикбоксинг бәсекесінде қармақшылық спортшылар табандылық танытып, ІІІ орынға қол жеткізді. Жеңіске деген ұмтылыс пен тынымсыз еңбектің арқасында қол жеткен бұл нәтиже – аудан спортшыларының дайындық деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді.
Жарыстың екінші күнінде қол күрес бойынша спортшыларымыз І орынды иеленіп, аудан мерейін үстем етсе, Бес асық ұлттық ойыны бойынша команда ІІІ орынға ие болды. Бұл – жүйелі дайындықтың, спортшылар мен бапкерлердің бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Жарыстың әрбір күні қызыққа толы. Әлі алда түрлі жарыстар өтеді. Ауданның спортшылары бұл сайыстарда да үздік нәтиже көрсетіп, биіктен көрінеді деген сенім зор. Өйткені аудан құрамасы тек күшжігерге ғана емес, бірлік пен бауырмалдыққа, ұжымдық рухқа сүйенген команда екенін дәлелдеуде.
Бүгінгі жетістік – ертеңгі үлкен жеңістердің бастауы. Ауданның намысын арқалап келген спортшылардың әр жеңісі – тек ауданның емес, тұтас өңірдің абыройы. Олардың жетістігі – ауыл спортын дамыту жолында жасалып жатқан еңбектің, жаттықтырушылар мен спорт жанашырларының жүйелі жұмысының жемісі.
«Алтын күз – 2025» спартакиадасы жалғасуда. Ендеше, Қармақшы ауданының спортшыларына сәттілік серік болып, жеңіс тұғырынан көріне берсін. Туған жердің туын биікте желбіреткен жас спортшыларымызға тек қана алға дейміз!
«ҚТ» ақпарат