Күрес залы ашылды
ЖОСАЛЫ, 19 желтоқсан – qarmaqshy-tany.kz Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентінде ел көптен күткен «Күрес залы» ашылды. Жеке кәсіпкер Үрзада Бекмұрзаева тарту еткен ғимараттың тұсаукесер рәсімі еліміздің ең ұлық, қасиетті де қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күніне орайластырылып, жұрт игілігіне пайдалануға берілді. Аталған залдың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұса Қалдарбеков қатысып, сөз сөйледі.



Ал, заманауи үлгіде салынған «Күрес залы» керекті құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз етілген. Онда шәкірттер дайындалатын негізгі залдан бөлек, жаттықтырушылар мен спортшылардың киім ауыстыратын бөлмелеріне дейін қарастырылған. Жылумен, ауыз сумен толық қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, болашақ чемпиондар үшін барлық жағдай жасалған.
– «Күрес залында» бір мезгілде 30 спортшыға дейін жаттыға алады. Қазіргі таңда мұнда 38 оқушы самбодан, 36 шәкіртіміз қазақ күресінен, барлығы 74 жас 6 топқа бөлініп, 2 мезгіл жаттығу үстінде. Оларды самбодан Шыңғыс Тоқмамбетов, қазақ күресінен Сымбат Оспанов баптайды. Жалпы, Қармақшы ауданынан спорттың қазақша күрес пен самбо, дзюдо түрінен көптеген чемпиондар шыққан. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан Тәйімбет Көмекбаев атындағы халықаралық мемориалдың өзі қармақшылық палуандардың мықтылығын паш етіп келеді. Бүгінгі ашылған «Күрес залы» бапкерлер қауымы, жас спортшылар үшін үлкен қуаныш. Осынау керемет ғимарат үшін ел анасы Үрзада апамызға алғысымыз шексіз, – деді аталған спорт мектебінің директоры, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмат Қодаров.
Айта кетейік, жеке кәсіпкер Үрзада Бекмұрзаева «Қармақшы тұтыну кооперативі» ЖШС-на 30 жылдан бері басшылық жасайды. Ол – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2009 жылы кәсіпкерлерге арнап тағайындаған «Парыз» мемлекеттік конкурсындағы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымының ең алғашқы жеңімпазы. Сыр елінің абыройын асқақтатып, жоғары дәрежелі марапатты елорда төрінде Елбасының өз қолынан алған Үрзада Үсенқызын жерлестері «Қайырымдылықтың қара қазаны» атап кеткен. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Мәселен, қарамағындағы тұрмысы төмен жұмысшылардың баспана мәселесін шешіп, оларға орталықтан 7 үй салып бергенін аудан халқы ерлікке балайды. Осы үйлердің суы мен жарығы, жылуы мекеме есебінен төленетін көрінеді. Тұрмағамбет секілді ауданнан шалғай жатқан ауылдардағы дүкен сатушыларына баспана тұрғызып, Қуаңдария, Көмекбаев елді мекендеріне жаңадан дүкен салған. Серіктестік қызметкерлердің ұл-қыздарының да жоғары білім алуына ықпал етіп, оқуларының қаржысын өзі көтеріп келеді екен. Айта берсек, үндемей-ақ үлкен шаруаларды тындырып жүрген Үрзаданың ел сүйсінерлік мұндай істері көп-ақ. Бүгінгі «Күрес залы» – солардың бір парасы ғана.
Иә, енді қармақшылық жас спортшылар жаттығатын өздерінің «Күрес залы» бар.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ