» » Спорт қайраткері: Желаяқ екенімді мойындатқанмын

Спорт қайраткері: Желаяқ екенімді мойындатқанмын

Найзабек Сағымбаев, Қазақстан Республикасының спорт қайраткері:
«МӘСКЕУЛІКТЕРГЕ ЖЕЛАЯҚ ЕКЕНІМДІ МОЙЫНДАТҚАНМЫН»Жосалы кентінде аудан спортшыларының кәсіби біліктілігін шыңдайтын «Денсаулық сауықтыру кешені» бар. Оның тұсауын кесіп, жұмыс істей бастағанына биыл 30 жыл толуда. Алайда осынау көптің қажетіне жарап, кәдесіне асқан кешеннің бой көтеруіне біркісідей атсалысқан Алматы қаласы спорт басқармасына қарасты «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спорт клубының басшысы, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», жерлесіміз Найзабек Сағымбаев екенін біреу білсе, біреу біле бермейді.
Н.Бекетұлы әуеліде орта мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ берсе, Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институтын бітірген соң кезінде өзі тәлім алған аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын ұстаз күні-түні балаларды жүгіруге дайындап, түрлі жарысқа қатыстыра бастайды. Төгілген тердің арқасында шәкірттері облыстық спартакиадаларда топ жарып, бас бәйгені иеленеді.
«Адамның жігіт дәурені қызық уақыт қой. Есіңде ұмытылмастай сақталады. Әсіресе, жоғары оқу орнын бітіріп келіп, жасөспірімдерді жаттықтырғаным әлі есімде» дейді ғалым-ұстаз.
– Жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу, Отансүйгіштікке баулу мақсатында Ұлы Жеңіс мерекесінде аудан басшылығымен келісе отырып, республикада тұңғыш мәрте «Жосалы – Қызылорда» бағыты бойынша 2 жыл қатарынан 2 күнде 200 шақырымдық үгіт-насихат жүгірісін ұйымдастырдық. Жас спортшыларға қолдау ретінде оларды өзім бастап жүгірдім. Орталық алаңнан 7 мамырда шығып, ІІІ Интернационал ауылында, содан соң кешке Жалағашта, 8-інде Тереңөзекке келсек, 9 мамырда Қызылордаға жүгіріп жеттік. Жол бойы соғыс және еңбек ардагерлерімен, халықпен кездесулер өткізіп, майдан даласында ерлікпен қаза тапқан аға-әкелеріміздің даңқты жолына бас иіп, «Мәңгілік алауға» гүл шоғын қойдық. Сол кездегі қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қырымбек Елеуұлы алдымыздан шығып, ісімізге сәттілік тілеп құттықтаса, кешкілік стадион тола көрерменнің алдына жүгіріп шыққан едік, – дейді майталман.
Айтпақшы Найзабек ағамыз Қармақшының «Қаранары» атанған спорт тарланы, марқұм Жарболсын Құндақбаев пен ардагер ұстаз Еркін Атабаевтың шәкірті. Қайраткердің өмір және еңбек жолы өнегемен өрілгендей. Қысқа уақытта көптеген жетістікке жеткен білікті маманның жоғары өрлеуі – спортқа деген ынта мен аянбай төккен маңдай тердің өтеуі еді. «Қайрат» ерікті спорт қоғамының, сондай-ақ аудандық денешынықтыру және спорт комитетінің төрағасы қызметінде жүріп те өңір спортының биіктен көрінуіне септігін тигізген-ді.
Бұған дейін аудан шеңберінен ұзап шыға қоймаған спорт саласы ендігі жерде облыстық, республикалық жарыстарда жүлде салып, жерлестерін жігерлендіре білді. Ащы тер мен жеңістің кермек дәмін татқан спортшыларды мұнан да үлкен жетістікке жетелеуге болар ма еді?! Алайда кәсіби маманды спорттық кешенсіз дайындау мүмкін емес екенін білген төраға талай басшылықтың табалдырығын тоздырып, ғимарат салдыру мақсатынан таймады. «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» деп қазақтың Батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, Найзабек Бекетұлы да арманына жетіп, елімізге әкелінген 269 Денсаулық сауықтыру кешенінің құрылысы аймақта алғашқылардың бірі болып ауданға әкелінді. Әйтсе де оны бірден бастап кету қиындық туғызды. Оған себеп, кешенді салуға бюджеттен қаржы қарастырылмаса, бір есепте оны салатын арнайы маман болмады. Осындай кедергіге қарамастан аудандық атқару комитетінің төрағасы Аппаз Кәмішевтің қадағалауымен және құрылыс жөніндегі орынбасары Жақсыбай Жәкеевтің басқаруымен 1989 жылы кешеннің іргетасы қаланып, келесі жылы пайдалануға берілді. Елеулі жұмысқа ағамыздың жора-жолдасы Ырзақұл Нұртаев пен Жомарт Көшербаев та қол ұшын беріп, бірі – жылу жүйесіне қолқабыс етсе, бірі – жарығын жүргізді. Бұл бастама көп ұзамай еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, етек алды.
Айтпақшы кешеннің құжатын дайындап жүргенде қызықты оқиға орын алған. Сол қағаздармен Мәскеуге бару керек болған. «Барлық қағаздарымды бекіткен соң Мәскеуге жол жүріп кеттім. Мұнда келген соң кешеннің жобасын көріп, көңілімді бірледім. Ауылға керекті қағаздарымды алып қайтуға Қазан вокзалына келіп, пойызға отыруым қажет болды. Сөйтсем, ол жарты сағатқа кешігіп келеді екен. Әлі уақыт бар ғой деп сондағы дүкеннің бірінен асықпай су жаңа аяқ киім, жолға тамақ сатып алдым» дейді кейіпкеріміз күле сөйлеп.
– Жайбарақат келе жатсам, пойыз орнынан қозғалып барады. Содан тұра жүгірдім. Қолымдағы қалта жайына қалды. Жете алмайтынымды білген соң (күздің кезі болатын) аяғымдағы жап-жаңа «Саламандер» туфлиін шешіп тастап, жалаңаяқ жарты сағат зымырап бара жатқан пойыздың артынан жүгіріп отырдым. Өзімнің жүйріктігімді біліп, пойызға жетіп алдым. Жолсеріктер пойызға мінгізгесін өздері тәбішкі беріп, таңғалып жатты. Ақтөбеге келгенде телефонмен жігіттерге хабарластым. Олар мені Байқоңырдан жаңа аяқ киіммен күтіп алды. Осылайша мәскеуліктерге желаяқ екенімді мойындатқанмын , – дейді жерлесіміз.
Сауықтыру кешенінің материалын алуға барғанда да қызыққа тап болса керек. Оны спортшының досы, шебер Қанибек Сәдуақас былайша әңгімелейді.
– Автобазаның директорынан «Камаз» жүк көлігін сұрап алып, оған (орыстарға кәуап пісіруге) қой тиедік. Бұған қоса 2 қап күрішіміз бар. Бәрін бірге көлікке тиелгенін ұмытып кетіппіз. Мәскеуге барған соң базарлықты тапсырайық десек, қой әбден бүлдірген, күріштің қабы жарылған. Беруге ұят. Ортамызда ақсақал шопырлар бар еді, солардың айтуымен жақын маңдағы бір селоға барып тоқтадық. Көліктің жүк тиегішін ашып қойып, күрішті жабылып желпіп қойдың құмалағынан әзер тазартқанбыз, – дейді ол.
Міне сондай еңбекпен келген сауықтыру кешені бүгінде әлемнің төрт бұрышынан жиналатын небір «сен тұр, мен атайын» апайтөс палуандардың бақ сынайтын алтын тұғырына айналды.
Елге адал қызмет ете жүріп Н.Сағымбаев Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы спорт клубының төрағасы, денешынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етті. Студенттер спортын насихаттауда, әлемдік деңгейге шығаруға жинаған тәжірибесі мен білімін бөлісе отырып, жеңіске жетеледі. Қазақстанда алғашқы оқу орындарының бірі ретінде дене тәрбиесі сабағын ізденушілердің қалауына қарай спорт түрлері бойынша үйірмеге көшіруге бастама көтерді. Студенттерді қолдау мақсатында жеткен жетістігіне орай ақылы оқу төлеміне әртүрлі проценттік көлемде жеңілдік жасауды ұйымдастырды. Клубта бірқатар командалық спорт түрінің ашылу нәтижесінде ҚР чемпионаттарында академияның су добынан құрама командасы жеңімпаз, баскетбол командасынан қола, регби командасынан күміс, қола жүлдегер атанды. 2006 жылғы Әлем чемпионатында 1 күміс, 2 қола және 2008 жылғы Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 2 қоламен қатысқан 37 мемлекеттің ішінен Қазақстан құрамасы ІІІ орынды иеленді. Ал 2007 жылы ҚР жазғы ІҮ Универсиада ойындарында академия студенттері 29 алтын, барлығы 49 медаль алып, 63 жоғары оқу орны арасынан командалық есепте І орынды қанжығасына байлады.
Бұған қоса, Алматыдағы «Шаңырақ» ықшам ауданындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп интернатта директордың орынбасары, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-тәжірибелік орталығында бас жаттықтырушы, халықаралық Бизнес академиясы спорт клубының төрағасы болды. Сонымен қатар Алматы қаласы денешынықтыру және спорт басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметінде де ҚР Спартакиадасы мен ҚР Жастардың спорттық ойындарында, Қазақстан кубогы жарыстарында Алматы қаласы командасының алдыңғы саптан орын алуына күш салды.
2016 жылдан бастап қазірге дейін Алматы қаласы Денешынықтыру және спорт басқармасының Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спорт клубының басшысы лауазымын атқаруда. Клуб спорттың 18 түрі бойынша 700 спортшыны қамтиды. Олардың арасында тағдырдың дауылына қарсы тұрып, жеңіс үшін күресіп келе жатқан қайсар жандар жетерлік. Тірек-қимыл, қозғалыс, көру, есту мүшесі зақымдалған азаматтарға үміт сыйлап, әрбір сәтінен жақсылық күтетін атпал азамат сол дімкәс жандардың қашан да жағдайын жасап, рухын көтеруден шаршаған емес.
– Биыл ҚР чемпионаттарында 95 алтын, 65 күміс, 43 қола медальге ие болсақ, Сурдлимпиадалық спартакиадасында командалық бас бәйгені еншіледік. Әлемдік деңгейде нәтиже көрсеткен 2 спортшыға мемлекет тарапынан 75 мыңнан АҚШ долларымен қоса, Алматы қаласының әкімі пәтер кілтін тапсырды. Бұл дегеніміз – мүмкіндігі шектеулілерге жасалған үлкен қамқорлық әрі қолдау, – дейді қайраткер.
Ұлағатты ұстаздың шеберханасынан көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың бірқатары ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы және еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Оның саладағы еңбегі ескеріліп, ҚР «Құрметті спорт қайраткері», ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді. Педагогика мамандығы бойынша доцент ғылыми дәрежесін алды. Жанұясында Гүлжанат жеңгемізбен бірге бақытты ұрпақ өсіріп, қуанышқа кенеліп отырған асқар тау әке. Күйеу баласы Алматы облыстық спорт басқармасының басшысы, олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев.
Найзабек Бекетұлы туған жері – Қармақшыға жиі ат басын тірейді. Алыста жүрсе де ауылдасының тілекшісі. Доп қуып, асық атқан балалық шағының орны бөлек қой, шіркін! Бір кездері жүрегі шаншып, қимай кеткен құтты мекені оны қашан да құшағын жая қарсы алады.
«...Көнермес қасиет бар келбетінде,
Сағынтар жалғыз мекен жер бетінде!
Ауылым, сенен алған тұнық сезім,
Жанымды бір ән болып тербетуде.
Бәрі есімде бал ғұмыр, бала кездің,
Арман қудым. Ат міндім. Дала кездім.
Қазыналым, қымбатсың маған мәңгі,
Қарашығы секілді қара көздің!» деген ақын Қалқаман Сариннің осыбір өлең жолдары оның көкірегіне әркез нұр болып құйылады.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
25 қараша 2019 ж. 1 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031