» » «Халық үні үкіметке жетпесе, мандатымды тапсырамын...»

«Халық үні үкіметке жетпесе, мандатымды тапсырамын...»

ЖЫЛДАҒЫ ДӘСТҮРГЕ САЙ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫ ЕЛ АРАЛАУДЫ БАСТАП КЕТТІ. СЕЙСЕНБІДЕ ӨҢІРДЕГІ АХУАЛМЕН ТАНЫСЫП, ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ ҮШІН АУДАНҒА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫ БАЛАЙЫМ КЕСЕБАЕВА МЕН БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН АРНАЙЫ КЕЛДІ. ОЛАР АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖҰЛДЫЗХАН ЕРҚОСАЕВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ ӘДІЛ ҚОШАЛАҚОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ДАСТАН БУХАНОВПЕН БІРГЕ БІРҚАТАР НЫСАНДЫ АРАЛАП, ТҰРҒЫНДАРМЕН ТІЛДЕСТІ.
Негізгі мақсат – халық үніне құлақ түру, тұрғындардың пікірін тыңдап, әлеуметтік-экономикалық дамуын көзбен көру. Халық қалаулылары осы мақсатта алдымен Ақжар, ІІІ Интернационал, Ақтөбе ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Мұнда су мәселесі, Ақжар ауылында балаларға арналған спорт кешенін салу, ауылдық емхана ғимаратын заман талабына сай жабдықтау, медицина саласында ана мен балаға тиісінше көмек көрсету, Ақтөбе ауылында ауыз судың 3-ші ұңғымасын іске қосу мәселесі көтерілді. Онымен қоса зейнет жасын қайта қарау, электрлік станция орнату, үлкен жол бойында мал жаю мәселесі, сатып алуда бағаларға мониторинг жүргізуді қадағалаудың түйткілдері қозғалды.

ҚҰС ФАБРИКАСЫ ҚАШАН ҚОСЫЛМАҚ?
Іссапар «Қармақшы құс» ЖШС-на ойысты. Қуаттылығы жылына 1 500 тонна тауық етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы жобасының жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Көптің көкейінде жүрген фабрика қашан іске қосылмақ?
Қазіргі таңда құс фабрикасының жобаға сәйкес құрылыс жұмыстары аяқталып, жобадан тыс құс фабрикасының қалдық суларын қайта өңдеу станциясының құрылысы жүр­гізілуде. Игерілген қаржы көлемі 1,4 млрд теңгені құрайды. Құс фабрикасын құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қаржыландыру үшін «Аграрлық қаржы корпорациясынан» несие алуға құжаттар қаралуда. Сұралған қаржы көлемі 950,0 млн теңге. Несиелендіру мәселесі қолдау тауып, қаржысы күтілуде.
Жобаға мемлекеттік қолдау көрсету аясында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен құс фабрикасының сыртқы инженерлік инфрақұрылымдары жүргізілген (сумен жабдықтау – 198,2 млн теңге электр энергиясымен жабдықтау – 244,9 млн теңге), Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 25 га жер телімі бөлінген. Сумен қамту жүйесін «Қармақшы құс» ЖШС теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске қосу 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына жос­парланып отыр.

ҚОҚЫСТАН ҚАШАН
АРЫЛАМЫЗ?
Дәл осындай наразылығын білдір­ген Ақай ауылының тұрғындары қоқыс полигонын салсын, қарастырсын дейді. Сонымен қатар Ақай мен Төретам кентінің екі ортасындағы шұрық тесік болған асфальтты жаңаласын деген талабын айтты. Ал Төретам кентінің тұрғындары Коммуналдық мекеме орны ашылып, көше тазалайтын техникалар алынып, жұмыс орындары ашылса деген ұсынысын білдірді.
– Байқоңыр қаласынан Төретам және Ақай ауылының тұрғындарына жер берілсін, болмаса қаланың жалға берілуіне Ресей қанша ақша төлеп жатыр, соның 2 пайызын халыққа берсін, – деген ұсыныстар да тұрғындар тарапынан қойылды.
Өткен аудан әкімінің есебінде қойылған сауалдың бірі мұнда тағы жолданды. Ол – көгілдір отын мәселесі. Өз кезегінде бұл мәселе шешілуге таяу. Республикалық бюджет нақтылануын­да тиісті жұмыстарды атқаруға қажетті қаражат бөлініп, әрі қарай мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес жеңімпаз мердігер анықталғаннан кейін жұмыстар басталмақ.
– Елде болып жатқан өзгерістер өздеріңізге белгілі. Мемлекет басшысының Жолдаулары, үндеулері, сұхбаттарын көріп, тыңдап жүрсіздер. 1 наурызға «Nur Otan» партиясының съезі жоспарланса, 15 наурызда Президент халыққа Жолдау жарияламақ. Елде орын алған жағдайдан кейін, қазір Жаңа Қазақстанға бетбұрыс болып жатыр. Ең бастысы – елде тұрақтылық бар. Ендігі нысан – аймаққа қарасты аудандарды аралап, Сыр елінде су тапшылығын болдырмау, әрі талайын толғандырған мәселелерге құлақ түру. Құлақ түріп қана қоймай, үкіметке жеткізу, оның жүзеге асуына атсалысу, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.
СЕН ЖАНБАСАҢ
ЛАПЫЛДАП...
Түс ауа Бақытбек Смағұл аудан жастарымен кездесті. Есіктен ене құлақтың құрышын қандырар домбыраның үнімен, аудандық жас­тар ресурстық орталығының директоры Сырым Әділбековтың жырымен ашылған кездесу еркін форматта өтті.
– Жастар әрқашан жалындап тұруы қажет. Осындай ортада өзін еркін ұстап, пікірін ашық жеткізе білуі керек. Бізге жетіспейтіні де осы, көлеңкеде қалып қойып жатқанымыз. Қысылмаңыздар, өздеріңізді еркін ұстаңыздар, – деген депутат жастардың пікіріне құлақ түрді.
Мұнда кәсіп ашу, жұмыссыз жас­тардың санын азайту, NEET сана­тындағы жастардың тасада қалмауы жөнінде сөз қозғалса, қазіргі жастардың әскерден жалтаруы да көтерілді. Өз кезегінде әскерге барып, табытпен қайтқан жас жігіттердің жағдайы алаңдатып, қазіргі «дедавщинаның» тоқтамай тұрғаны қаузалды.
– Қазір біз баланы жаман үйретіп қойғанбыз. «Әскерде әжеңді сағынасың ба? Үйіңді сағынасың ба?» деген секілді майда сауалмен жанын нәзік етіп алдық. Біз Ауғанға барғанда бізге біреуі ондай сұрақ қоймады. Өлім мен өмір арасында жан алысып, жан берістік. Тек кеудеде Отаным деген үлкен сезім болды. Сол сезіммен борышымызды адал атқардық. Қазір не көп? Кішкентай дүниеге бола «өлемін» деп тұра қашып, өзіне қол салғандар бар. Бүкіл әлемді түңірентіп «қаралы, жаралы» деген сарынмен өлең шығаратын жас ақындар бар. Алға жылжу қажет, жарқын болашақты ойлау керек.

Сен жанбасаң лапылдап, аспан қалай ашылмақ? – деді Бақытбек Смағұл.
Кездесу соңында Елордадан келген депутат тәуір пікір айтқан белсенді жас Азиз Дүкенбайға Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалін табыстады. Барлық ұсыныс-пікірін айтқан жастарға алғысын білдіріп, өз шығармашылығынан өлең оқып берді.

МІНБЕРДЕ ҚОЗҒАЛА МА?
Иә, дәл осындай сауалмен аудандық мәслихаттың депутаттары Бақытбек Смағұлға сауал жолдады. Кешқұрым Жосалы кенті әкімдігіндегі мәжіліс залда өткен жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл мен аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов «Nur Otan» партиясы аудандық мәслихатының депутаттық фракциясымен кездесті.
Жиында бірқатар мәселелер көтерілді. Мәселен ендігі болатын кездесу Байқоңыр қаласының ішінде болса деген ұсыныс айтылса, сол қалаға ауданның бюджетінен қаржы бөлінеді екен. Алайда ерекше қалаға еркін кіру мүмкін емес. Бірқатар мәселені талқылап, сауал жолдаған ауданның депутаттарына Бақытбек Смағұл қағазға түсіріп, құжат қылып ұсыныс берулерін сұрады. Әрі ол ұсыныс міндетті түрде биліктің құлағына жетеді деді ол сөзінде. «Ауданда көтерілген осы мәселелер жауапсыз қалмай ма?» деген сауалға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты кідірместен жауап қатты.– Егер осы мәселелер, халықтың шырылдаған үні үкіметке жетпесе, мандатымды тапсырамын. Парламент мәжілісінің депутаттары барлық ауылдарды аралауды бұрынғыдан да жиілетіп, халықтың көкейіндегі сұрақтарды шешудің жолын қарастырады, – деп уәде берді депутат нық сеніммен.

Айнұр ӘЛИ

26 ақпан 2022 ж. 3 490 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 540

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 610

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031