ҮЙРЕТКЕНСІҢ ӨМІР СҮРУ ҚАЛЫБЫН...
Әрбір пенде өмір барда өлім барын мойындайды. Уақыт өткен сайын жүректегі сағыныштың да тереңдей түсетіні рас. Жанымызда жүрген ардақты әкеміз бен анамыздың жылы үні, мейірімге толы жүздері, дана сөздері бүгінде сағынышқа айналды. Әкетайымыз – тек бізге ғана емес, айналасына көптің әкесі, ақылшысы бола білген жан. Бізге әрқашан түзу жол көрсетіп, адамгершілік пен адалдықтың биіктігін танытқан әкеміздің бейнесі әрдайым жүрегімізде сақтаулы. Ойсыраған орнына қарап жабырқадық, ақылы мен кеңесіне, қамқорлығына зәру болдық. Әкелік ұлы мектебінен тұлғамызды қалыптастырған ол кісінің тәрбиесі мен тәлімін әрдайым есте ұстаймыз. «Жақсы әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дегендей, әкеміздің өнегесі бар баласына, ұрпағына жүз жылдық рухани азық болды.
Әкем атадан қалған жалғыз тұяқ еді. Сондықтан болар, өте ағайыншыл болды, үйден кісі арылмайтын. Қиналғандар мен қуанғандардың ұдайы қасынан табылатын. Әкеміз өмірден өтерде де жақын інілерінің қырқына бару үшін, күннің аптап ыстығына қарамастан пойызға асығып мініп, сол пойыз ішінде жүрегі қысылып, бақилыққа аттанды. Бұл сол ағайын-туысқанға деген адалдығының бір белгісі емес пе?
Әкеміз өте білімді азамат болатын. Ұзақ жылдар бойы аудандық жинақ кассасында бас бухгалтер болып еңбек етті. Өмірінің соңғы жылдарында ауданның әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінде ревизор, аға бухгалтер қызметтерін атқарды. Жұмысына адал, еңбекке төзімді әкем талай жастарды тәрбиелеп, ел-халықтың ықыласына бөленді. Мемлекеттік марапаттарға ие болды, зейнетке шығып та жұмыс істеді.
Ата-анамыз өмірге 7 бала әкеліп, оларды оқытып, адалдыққа, еңбексүйгіштікке, төзімділікке тәрбиеледі. Біздің әрқайсысымыздың білім алуымызға, дұрыс жол таңдауымызға көп еңбек сіңірді. Тұңғышы болғасын ба, әкем маған ерекше қамқорлық көрсететін. Мектеп бітірген жылы бір досына: «Мен алғашқы тайымды жүлдеге қосқалы тұрмын» деп хат жазған екен.
Оқыған уақытымда да, диплом алған кезімде, қуанышымда, қиындықтарда әкем үнемі жанымнан табылатын. Тұрмыс құрғаннан кейін жиен немерелерін қатты жақсы көрді.
Бірде есімнен кетпейтін бір оқиға болды. Әлі күнге дейін көз алдымда, жұмысқа бара жатып балаларды ата-әжелеріне таситынбыз, сонда жолда келе жатып балалардың арбасы сынып қалып, екі баланы жолдасым екеуіміз көтеріп келе жатқанымызды көріп, сол күні ешкімге айтпастан әдемі үлкен су жаңа балалар арбасын сүйреп әкелді. Жолда көргендер таңырқап, «сен не коляска сүйрейтін болғансың ба?» десе, «Немерелерім жаяу қалса, қалай шыдаймын?» деген екен.
Бұл әкешімнің немереге деген үлкен махаббаты мен пейілінің кеңдігі, жүрегінің жұмсақтығынан болса керек-ті.
«Асқар тауым, бәйтерегім, алыбым,
Жас баладай, әке, сізді сағындым.
Мәрт жүрекпен тәліміңді бергенсің,
Үйреткенсің өмір сүру қалыбын.
Азамат ең, дара едің, даңғыл ең,
Кішіпейіл, досқа адал, жаны кең.
Сағыныштан хат жазады жан қызың,
Рухыңызға бағышталған болсын дем».
Біздің осылай жақсы өмір сүргеніміз – әкеміздің еңбегінің, үлкен жүрегінің жемісі деп ойлаймын. Өзім сексенге жуықтап қалсам да, әкемнің қызы болып ойланамын, көз алдымнан әкемнің мейірімге толы жарқын бейнесі, нұрлы жүзі кетер емес. Дүниеде менің әкемдей әке жоқ шығар, жан әкемнің алдындағы перзенттік парызым өтелген жоқ. Жүрегімде мәңгі сақталасың, «ақ папашым».
Шыназкүл ШАЙМАХАНОВА,
ардагер
















