» » САҚТАНҒАН САҚ ЖҮРЕДІ

САҚТАНҒАН САҚ ЖҮРЕДІ

Кей кездегі қарапайым халық арасында «төтенше жағдай дегеніміз не?» деген сұрақ туындап жатады. Біз оған жауап ретінде бірінші кезекте адам денсаулығы мен қоршаған орта және шаруашылық жүргізуші нысандарға нұқсан келтіру арқылы халықты едәуір дәрежеде материалдық шығынға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзуы, зілзала немесе су тасқыны сияқты басқа да апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдайды айтамыз. Ал, енді осы төтенше жағдайдың пайда болу себептері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болып екіге бөлінетінін білеміз бе?
Расында да, халқымызда «Төтеннен келген жұттан сақтан» деген даналық сөз бар. Бұл сөздің мәніне үңілер болсақ, әрине жер бетінде неше түрлі апат болып жатады. Оның ішінде, табиғаттың бұзылуынан пайда болған апаттар адам өміріне қаупін көбірек  тигізетіні анық. 
Сондай апаттардың бірі – су тасқыны. Соңғы жылдары облыс аумағы тұсынан өтіп жатқан Сырдария өзеніне Қырғызстан мен Өзбекстаннан құйылған су көлемі жоғары болғандықтан көктем және күз айларында су тасқыны қаупі туындайды. Сол апаттың салдарынан өзен бойында орналасқан біршама елді мекенге де қауіп тудырғанын біз жақсы білеміз.
Десе де, Үкімет өз тарапынан бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарап, оған тосқауыл қою шаралары жүзеге асуда. Ауданымызда да осы мәселе төңірегінде тынымсыз жұмыстар істелуде. Бұл жағдай жөнінде, сала бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Еркін Назарқұловпен сөйлестік.Сала басшысының мәліметіне сүйенсек: аудан бойынша 2017 жылы  8 төтенше жағдай оқиғасы тіркелген екен. Оның 7-еуі техногенді, ал 1-еуі табиғы сипаттағы төтенше жағдай. Анығын айтқанда, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жайына келсек, өткен жылы көктемде Жаңажол ауылдық округі аумағынан ағып жатқан Сырдария өзенінің  тасуы салдарынан Дүр Оңғар, Иіркөл және ІІІ Интернационал ауылдарына қауіп тигізуі ықтимал су тасқыны болды. Ал, техногенді сипаттағы апат жайын саралайтын болсақ, өткен жылы Жосалы стансасында «Алматы-Орал» қалалары бағытындағы №379 поезд тіркеуіндегі №15306 вагонның доңғалақтарының техникалық ақауы анықталуынан аталмыш поезд 3 сағатқа тоқтап қалса, сол жылдың ақпан айында 2 азамат газ баллонынан иістеніп, қаза болды. Ал, шілде-тамыз айларында Сырдария өзені мен Қуаңдария ауылы маңындағы каналға шомылуға барған 2 азамат суға батып кетсе, қараша айында Төретам кентінің бір тұрғыны өрт оқиғасынан көз жұмды.Тағы бір жайт, 2017 жылдың қараша-желтоқсан айларында 5 азамат көмірқышқыл газымен уланып, ауруханадан ем алып шықты.
Ал, енді аудан әкімі аппаратының терроризм профилактикасы, жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс жұмыстары бөлімінің басшысы Рустам Ефенов қауіпсіздік мәселесі жөнінде біраз жайтты ашып айтты.
– Өңірімізде аудан әкімі бекіткен төтенше жағдайларға қарсы жедел іс-қимыл жоспарына сай төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытында көптеген шаруа ұйымдастырылуда. Ауданда төтенше жағдай туындатуы мүмкін қауіптің алдын алу – қысқы және көктемгі су тасқыны кезінде елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында аудан аумағында тиісті қауіпсіздік шарасын жүргізу болып табылады. Міне, осы міндеттерді іске асыру мақсатында  аудан аумағындағы су басу қаупі бар деп анықталған учаскелерден төрт түлік пенмал азықтарын қауіпсіз аумаққа көшіру схемасы жасалып, Жосалы кенті, Жаңажол, Қармақшы, Иіркөл, Жосалы ауылдық округтері тұрғындары мен мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлерге су тасқыны қауіпсіздігі шараларын сақтау және төрт түліктерін қауіпсіз жерге көшіру жөнінде арнайы ескертпе хаттар жолданды. 10 эвакуациялық жинақтау және қабылдау пункті ұйымдастырылды. 9,5 тонна жанар-жағармай дайындалды. Сонымен бірге, 2 млн. теңге көлемінде дәрі-дәрмек қоры алынды, 90 тонна азық-түлік алуға кәсіпкерлермен келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ, 430 дана қада, 1000 бау сабан, 5000 метр сым, 1700 бау қамыс қауіпті аймақтағы елді мекендерде дайындалған. Су басу қаупі бар аумақтарда орналасқан елді мекендер сұраныстарына сәйкес, жұмылдыру дайындығы басқар­масынан алынған қаптар таратылды. Қазіргі таңда қоймада 23 мың дана қап сақталуда. Су тасқынының алдын алу жұмыстары бойынша жауапты тұлғалар мен мекемелердің тәуліктік кезекшілігі қойылды. 2017 жылы «Оң жағалау» және «Балажарма» каналдары, «Жаңажол» ПК 0-6 мен ПК-5-9 қорғаныс бөгеттері және Жосалы кенті тұсындағы «Мөлтек», «Шығыс», «Сарыөзек» учаскелері, сонымен қатар Сырдария өзенінің оң жақ қорғаныс бөгеттеріне күшейту, нығайту, көтеру жұмыстары атқарылып, Қармақшы ауылындағы «Бәшпай» көлінен теміржолға дейінгі аралықтағы 880 метр қорғаныс бөгетінің құрылыс жұмыстары аяқталды,–деді ол.
Ал, «Қармақшысушар» өндірістік учас­ке­сінің басшысы Ерболат Бодыбаев­тың айтуынша, қазіргі таңда аудан тұсынан өтіп жатқан Сырдария өзенінің деңгейі–98.89 болса, Қызылорда су торабынан төменгі ағысына секундына 425 текше метр,  ал «Әйтек» су торабынан төменгі ағысына секундына 360 текше метр, сонымен бірге «Қарөзек» арнасынан секундына 60 текше метр су келуде. Сондай-ақ, Қармақшы ауданы шекарасы Сырдария өзені бойындағы 238 шақырым  жерде мұз ұстасқан болса, Қазалы ауданы шекарасынан «Қара сиыр» уческесіне дейін 231 шақырым жерде мұз қатқан. Мұздың қалыңдығы 33-35 сантиметрді құрайды. 
Төтенше жағдайлар айтып келмейді. Расында да, «Сыналмаған алданар, сақтанбаған сандалар» дегендей, төтеннен келген әрбір апаттың алдын алмасақ, оның зардабы да молынан болатыны анық. Мұны міндетті түрде ескергеніміз абзал.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ.
11 ақпан 2018 ж. 1 521 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031