» » Ішіне жын кірген жасөспірімнің оқиғасы

Ішіне жын кірген жасөспірімнің оқиғасы

Жындар әлеміне қатысты тылсым хикаялар жиі айтылады. Өз көзімізбен көрмеген соң онша сене бермейміз. Елден естіген әңгімелерді ертегі секілді қабылдаймыз. 13 жастағы Мақсұттың (есімі өзгертілген) ішіне жын кіргенде туыстары да солай ойлаған.

Жеткіншек біртүрлі қылықтар шығара бастағанда онысын жас ерекшелігіне балап, мән бермеген. Алайда жағдай ушығып кеткенде барып сандарын соққан. Біз осы жантүршігерлік оқиғаны Мақсұттың өз аузынан жазып алдық. Оның ағасы Омардың да айтары көп екен. Жын шығарумен айналысатын Арыстан Үмбетовтің сөздерін мақаламызға тұздық болсын деп қостық.
«2017 жыл. Туыстарымның айтуынша, бірінші мінезім өзгере бастапты. Үнемі жалғыз жүретінмін. Кейде үйдегілерге ескертпей, ауылдың шетіне шығып кетемін. Бәрі менің еркімнен тыс болды. Оны тілмен айтып түсіндіру мүмкін емес. Бірде үй тапсырмасын орындап отырғанмын, жалп етіп жарық сөніп қалды. Ойымда ештеңе жоқ, май шамды жағып, сабағымды оқи бердім. Біраздан кейін бір қорқынышты нәрсе елестей бастады. Көзіме ап-анық көрініп, бетіме үңіле қарайды. Үрейім ұшқаны соншалық, тұрған жерімде қалшиып қатып қалдым. Терезеден қашып шығайын десем, біреу шегелеп қойғандай табаным жерден ажырамады. Қолымнан ұстап, жібермей тұрғандай. Бар күшімді жиып, есікке қарай жүгірдім, тағы да менің қарсы алдымнан шығып, жолымды бөгеді. Тынысым тарылып, тілім байланып, ешкімді көмекке шақыра алмадым. Одан құтылу мүмкін емес екенін түсіндім. Құтыла алмадым. Ол дегеніне жетті. Ары қарай есімді білмеймін»... – дейді Мақсұт.
Көбінесе жын кірген адамның өзі кінәлі...
Жын шығаруды кәсіп емес, өзгелерге көмектесу деп білетін Арыстан Үмбетовтің пікірінше, жын адамдарға беталды тиісе бермейді, көбінесе оған жын кірген адамның өзі кінәлі болады екен.
- Жын адамның ішіне екі түрлі жағдайда кіреді.
Біріншіден, лас жүру, ішімдікке салыну, құмар ойынға берілу секілді жаман әдеттердің кесірінен адамға жын кіріп кету қаупі бар. Исламның өзі тазалықтан тұрады. Хадисте де «Тазалық – иманның жартысы» делінген. Тіпті, бес уақыт намаз оқитын пенделер де ондай қатерден аман емес. Адамның жаны да, тәні де таза болуы керек.
Жындар қастандық себебінен де адамға кіруі мүмкін. Оны қазір магия деп те, қазақша сиқыр деп те атап жатады. Бұған көбінесе іштарлық пен қызғаныш себеп болады. Жындар адамның денесіне кез келген уақытта кіріп кетеді. Тіпті, оларға адамның ішіне кіруі үшін секундтың өзі көп болуы мүмкін, - дейді Арыстан Үмбетов.
Жын кірген адам қандай болады?
Жын иектеген Мақсұт ақылынан айрылып қалғандықтан, көп нәрсе есінде жоқ. Ендігі әңгімені Омар ағасының аузынан естиік.
«Үйдің іші өртеніп жатыр. Мақсұт қашып жүріп, май шамды құлатқан сияқты. Ал Мақсұттың көзі шарасынан шығып кетердей бақырайған... Көздері қып-қызыл... Адам шошитын дауыс шығарып, айғайлай береді... Әлемтапырық жүзіне тура қарау мүмкін емес».
Арыстан Үмбетов жын кірген адамның айқын белгілері болатынын жоққа шығармайды.
- Жын кірген адамның іс-әрекеттері ешкімге ұқсамайды. Ол адам неше түрлі сөздерді айтып, миға қонбайтын түсініксіз қылықтар жасайды. Ал көпшілік біле бермейтін белгілері: басы жиі ауырады, іші өте береді. Оларға бұл кезде дәрі-дәрмек мүлдем көмектеспейді. Ішіне жын кірген адамның көзі үнемі ойнақшып тұрады. Олар адамның көзіне тік қарап сөйлей алмайды. Басқа адамдар секілді белгілі бір уақытта ұйықтап, тұра алмайды. Олардың ұйқысы 100 пайыз бұзылады, тіпті, 2-3 сағат ұйықтаған кезде де тыныға алмайды, - дейді Арыстан Үмбетов.
Жындардан қорқуға болмайды
Мақсұтты жын соққанына Омардың еш күмәні қалмайды. Себебі өзі намаз оқиды, діннен хабары бар. Мақсұтты билеп алған жын екі күн бойы үйдегілерді әбігерге салады. Омардың жалғыз өзі қайтсін, Мақсұтқа ие бола алмайды. Әбден басынған жындар сол үйдегі тағы екі баланың ішіне кіреді. Ол жындарды Омар қасиетті Құран аяттарын оқып шығарып жібереді. Отбасы мүшелері ақылдаса келе, ауданның бас имамын, төңіректегі үш-төрт ауылдың имамдарын шақырады. Мақсұтты көрген молдалар: «Мына жын күшейіп алған», - деп үйге кірмей қояды.
Арыстан Үмбетов «Біз жындардан емес, тек Алла Тағаладан қорқуымыз керек», - дегенді айтады.
- Жын да – Алланың жаратылысы. Кейде жындар адамның өзінен қорыққанын пайдаланып кетеді. Алла Тағала Құранда: «Адамзаттан бұрын жынның қауымын жаратқанбыз», - дейді. Алланың жаратқан жаратылысы болса, неге біз одан қорқуымыз керек? Ғаламторда жын кірген адамдарға қатысты түрлі видеолар бар. Жыннан қорқатын адамдардың бұл видеоларды көрмегені дұрыс. Көбі осындай видеоларды қызығып көреді де, шошынып қалады. Жындардан қатты үрейленіп жүруге болмайды. Керісінше өз-өзін қайрап, қорықпауға тырысу керек. «Қорыққанға қос көрінеді» деген мақал бар ғой, - дейді Арыстан Үмбетов.
Жындардың сүйікті тамағы мен өмір сүретін орындары
Амалы құрыған Омар жақын маңдағы тағы бір ауылдың имамына жолығады. Ол мінезді кісі екен, бірнеше күн Мақсұттың жанында болып, Омарға көмектеседі. Тіпті, Мақсұттың ішіндегі жынмен тікелей байланысқа шығып тілдеседі. Ол жын имамға: «Мен сізді танимын», - деп айтады. Мақсұттың ішіне 2013 жылы кіргенін мойындайды.
Омардың сөзінше, Мақсұт 2013 жылы анасымен ренжісіп, үйден шығып кеткен. Екі ауылдың ортасындағы зиратқа барғанда қатты шошынған, сол кезде ішіне жын кіріп кеткен.
- Құранда «Біз адамдар мен жындарды өзімізге құлшылық ету үшін жараттық», - деген аят бар. Пайғамбарымыз (С.Ғ.С.) «Сендер жындарды көре алмайсыңдар, бірақ олар сендерді көре алады», - деген. Жындар да біз секілді жер бетінде өмір сүреді. Бірақ хадисте айтылғандай, жындар бұзылған үйлерде, қораларда, күл-қоқыста өмір сүреді. Жындар Алла Тағаланың әміріне қарсы келгендіктен, оларға осындай жерлерді мекен ретінде берген. Жындардың сүйіп жейтін тағамдары – адамдардың қоқысқа тастайтын қалған-құтқан тамағы, картоп, пияздың қабығы. Сондықтан әйелдер тамақ пісіргенде асхананы өте таза ұстауы керек. Кейбір үйлерде түрлі дыбыстар естіліп жатады. Неге? Себебі кей әйелдер асхананы таза ұстамайды. Көкөністердің қабығы бір жақта, қалған-құтқан тамақтар бір жақта шашылып жататындықтан, түрлі беймәлім дыбыстар естіліп жатады, - дейді Арыстан Үмбетов.
Адамдар туралы мәліметті жындар қайдан алады?
Зираттың жанында жатқан Мақсұтты бір малшы тауып алып, имамға апарады. Әлгі имам Мақсұтқа дем салып емдеген. Мақсұттың ішіндегі жын осы дем салған имамды танып отыр екен.
Мақсұттың ішіндегі жын бір сөзінде: «Мақсұт өскенде дін ғұламасы болады. Біз оған кедергі жасап, жаман жолға түсіруіміз керек», - депті.
Арыстан Үмбетов адамның болашақ өмірі туралы ақпаратты жындардың қайдан алатынын түсіндіріп берді.
- Біз қазір бақсы, экстрасенс деп жатамыз ғой, солар жынмен байланыс жасайды. Арман Қуанышбаев деген ғалым бір уағызында: «Бір эктрасенске немесе бақсыға 3 мыңнан 2-3 млн-ға дейін жын қызмет етеді», - деген.
Бұрын бала кезімізде «жұлдыз ақты», - деп айтатынбыз. Оның мәнісін діни білім алғаннан кейін ғана түсіне бастадық. Жындар жерде өмір сүргенімен, көкке көтеріле алады. Ал көктегі періштелер бір-біріне жердегі кей адамдардың тағдырын айтып, әңгімелеседі. Жындар тың тыңдап, ақпарат ұрлау үшін көкке көтеріледі. Сол кезде басқа періштелер көкке көтеріліп бара жатқан жындарды қуып жіберу үшін жұлдызбен ұрады екен. Соның өзінде жындар кейбірін шала-пұла естіп қалып, көріпкелдерге жеткізеді, - дейді Арыстан Үмбетов.
Жынды адам шығармайды, Алла шығарады
Омар мүфтиятқа хабарласып, жын шығаратын оқуы күшті молданың нөмірін алады. Әлгі молда Мақсұтты қалаға алдырып, 10 күндей дем салып емдейді.
Арыстан Үмбетов жынның шығу-шықпауы адамға емес, Аллаға қатысты екенін айтады. Жын тек Жаратушының қалауымен адамның денесін тастап шығады.
- Пайғамбарымыз (С.Ғ.С.): «Жындар үш-төрт мың жылға дейін өмір сүре алады», - деген. Бірақ олардың ақылы 13 жастағы баланікіндей болады екен. Жындар да «мұсылман», «кәпір» деп бөлінеді. Олардың ішінде қырсықтары бар. Өз тәжірибемнен айтайын, 2017 жылы бір бойжеткеннің жынын шығару үшін 42 күн Құран оқыдым. Алғашқы 20 күн өте ауыр өтті. 42 күннен кейін ғана әлгі қыздың беті бері қарады. Менің тәжірибемдегі ең қиын оқиға – осы. Бірақ жынның шығу-шықпауы адамның қолындағы дүние емес. Жынды адам шығармайды. Адам баласы тек бүкіл ынта-жігерімен Құран оқиды. Ал жынның шығу-шықпауын Алла Тағалының өзі шешеді. Бұл жерде оқып жатқан адам мен оқытылып жатқан адамның сенімі керек, - дейді Арыстан Үмбетов.
Жынданған адамдар мен ішіне жын кірген адамдар
«Психикалық дертке шалдыққан кейбір адамдардың ішіне жын кірген болуы мүмкін бе?», - деген сұрақ туындайды осындайда. Мұндай оқиғалар Арыстан Үмбетовтың тоғыз жылдық тәжірибесінде үш-төрт рет кездесіпті. Алайда жындыханада жатқан барлық науқасқа бірдей жын кіріп кетті деуге болмайды екен.
- Біреулер жол апатынан кейін психологиялық ауытқуға ұшырауы мүмкін. Әр адамның басында әртүрлі тағдыр болғандықтан, біз бірінші нақты медициналық диагноз бар ма, жоқ па деп сұрап аламыз. Егер диагнозы қойылған болса, оған біз көмектесе алмаймыз. Адамның мойнындағы немесе басындағы тамыры қысылып тұрса, оны қанша оқытсаң да, пайда жоқ.
Психологиялық ауытқу орталығында жатқан адамға дем салып, 10-20 күн Құран оқығаннан кейін айығып кеткен жағдайлар болды. Алайда ең бірінші барлығын анықтап алу керек. Анық-қанығына жетпей тұрып, бірден аят, сүрелерді оқи берген дұрыс емес, - дейді Арыстан Үмбетов.
Сақтансаң, сақтайды...
Жын – адамға беймәлім, тылсым жаратылыс. Олардан сақтанудың ең оңай жолын Арыстан Үмбетов айтып берді.
- Жындардан сақтанудың өте оңай жолы – үнемі дәретпен жүру. Біздің қоғамда дәретті тек намаз оқитын адамдар ғана алады деген ой қалыптасып қалған. Бұл – қате пікір. Намаз оқитын адам өзінің намазы үшін дәрет алады. Намаз оқымайтын адамдар, ең болмаса дәрет жағына көңіл бөлуі керек. «Ұлы сөздің ұяты жоқ» демекші, Пайғамбарымыздың (С.Ғ.С) өзі де айтқан, әр қыз бала шариғат бойынша хайыз кезінде тазаланып, ғұсыл алуға міндетті. Қазір жынға байланысты мәселемен ұлдардан гөрі қыздар көп келіп жатады. Себебі тазалыққа немқұрайлы қарайды. Дәрет пен ғұсыл алып, кәлимамызды айтып жүргеніміздің өзі бізге қорған болады. Осыдан 20 жыл бұрын біз жынға байланысты мәселелерді естімейтінбіз. Естіген күннің өзінде ілуде біреу ғана болатын. Осы күні көбейіп кетті. Бұған көбінесе өзіміз себепкерміз. Жаны мен тәнін таза ұстаған адам ондайдан аман болады, - деп сөзін аяқтады Арыстан Үмбетов.
Айтпақшы, Мақсұтты аяқтан шалып, аянышты күйге түсірген жын қайда? Ол дегеніне жете алмады. «Дін ғұламасы болуына жол бермеймін», - деп қанша жанталасса да, Алланың қалауымен баланы тастап шықты. Ал Мақсұт қазір Қарилар мектебінде оқып жүр. Соған қарағанда, жынның сөзі шын болуы да мүмкін. 
04 маусым 2019 ж. 3 306 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031