» » «Миллионер» таксист

«Миллионер» таксист

Қалада әдеттегіше такси қызметіне жүгінесің. Діттеген жеріңе әлгің жеткізіп салады. Өзі қызық, әр таксисттің сан қилы мінезі, болмысы бар. Бірде бір оқиғаға тап болдым. Бұл біріне сабақ, ендігісіне ой салар деген үмітпен қағаз бетіне түсіріп отырған жайым бар.
Алдыңғы аптаның демалысы. Қаладан ауылға жол жүрмекшімін. Вокзал мен үй арасы ұзақ. Келісіп, такси қызметіне жүгіндім. Сұранысты жібергенім сол еді бірден ұсыныс қабылдаған қара көлік иесі қоңырау шалды.
– Айналайын, 2 минутта жетемін, шығып тұр, – деді ол жұмсақ дауыспен.
Затымды алып төменге түстім. 5 этаждан сүйретіле келемін дегенше әлгің де есік алдына жетіп үлгеріпті. «мындамын» деген жарқын жүзді аға көлік терезесінен қолын бұлғап әлек.
– Сәлеметсіз бе? – дедім де арты орынға жайғастым.
– Қай жаққа жол тарттың? – деді ол.
– Қармақшыға, аға...
– О-о, сол жақтың тумасы болдың ба?
– Жоқ, аға, Қазалының қызымын.
– Әп, бәрекелді! Таза ақұдай болдың ғой, – деген ол әңгімесін одан әрі жалғады.
– Руың кім?
– Кіші жүз, Әлім ұлы, оның ішінен тараған Жиенеймін.
– Бәсе, Әлімнің қыздары пысық деуші еді. Ол рас. Кейде тіпті «ер азаматтан нағыз ерді өсіретін осылар» дегенді көп естиміз. Әйелдің қырық жаны бар дейді. Ол барлығына үлгереді, ошақтың басында міндетін атқарса, бала тәрбиесінде де ең мейірімді жан. Бірақ сол баланың көп болғанын бірі қаласа, ендігісі қаламайды, – деген ол сәл кідірді.
Үндемедім. Иланғандай басымды изеп, үнсіз тіл қаттым.
– Такси болып жүріп түрлі адамды көреміз. Кейде әңгіме бастасаң тыржия қалады. Ал сенде тыңдаушы құлақ бар екен, айналайын, – деді ол тағы сөзін жалғай.
– Әрине, үлкендердің тәрбиесімен өстік қой, аға, – дедім мен де сөйлей.
– Өмір өзі қызық қой. Сенің туған жерің Қазалы мен Қармақшының жігіттері өте керемет жандар. Бұрын қол астымда 200-ге жуық қызметкер болды. Үлкен өндірісте бірге жұмыс жасастық. Сол кезде осы жақтың адамдары болды, – деген ол әлденені ішіне бүккендей үнсіз қалды.
Ішімнен ойланып қалдым. Сонда үлкен кәсіп иесі не үшін такси қызметінде жүр деген сауал ойыма сап ете қалды. Қалай екені белгісіз, әйтеуір аузымнан «қазір неге ол өндіріс жоқ» дедім.
– Сұрайтыныңды білген ем, қарағым. Жол қысқарсын. Айтып берейін. Жасым 60-қа таяп қалды. Жастайымнан кәсіпке, еңбекке жақын өстім. Солай үлкен өндіріс цехын ашып, көкжиегімді кеңейттім. Бастапқыда бәрі тамаша болды. Сүйгенім жанымда, кәсібім гүлдеп тұр. Миллиондаған ақша бумасымен қолда жүрді. Үлкен қылып үй салдым. Солай зайыбыммен 3 сәби сүйген шақ еді. Өзім жалғыз ұл болған соң балаларым көп болғанын қаладым. Қанша тырысқанмен болмады. Сөйтсем әйелім жұмыс істегісі келіп, құрсағына біткен баланың барлығын алып тастай беріпті. Кейін көтере алмайтын болып денсаулығы нашарлады. Менің көңілім де суығындай болды. Солай оның да менің де ойласуымызбен тоқал алдым. Ол 5 баланы өмірге әкелді, – деді ол мақтаныш сезіммен.
– Барлығыңыз бірге тұрасыздар ма? – дедім қызық қуалай.
– Оны сол кезде-ақ үй-жайын реттеп, бөлек шығарғанмын. Оның барына да 20 жыл болыпты. Екі жақ та ақшадан таршылық көрмеді. Ал мен жұмыс деп жүріп үйімді ұмыттым. 2016 жыл еді. Төтеден келген суық хабар менің барлық өмірімнің мәнін құртты. Сол жылы тұңғышым... Тұңғыш ұлым өмірден озды. Құлазыдым. Өмірден түңілдім. Солай жүргенде кәсібім жайына қалды. Барлығы сәтсіздікке ұшырап, банкрот болдым. Артымда сол тек салған үйім мен мінген көлігім ғана қалыпты. Не істемек керек? Осылай азаннан түнге дейін такси қызметін көрсетіп, нәпақа тауып жүрген жайым бар. Менде бұрын миллиондаған ақша болды. Бақыт сол деп ұқтым. Бірақ алтыннан қымбат балам қайтыс болғанда көк қағаздың жай қағаз екенін түйсіндім. Шүкір ғой, қазір бәріміз тату-тәттіміз.
Менде миллиондар бар. Көп. Барлық өміріме жетеді. Ол – балаларым, – деп сөзін аяқтады таксист.
Ауызға сөз келер емес. Ондайда не айтарыңды білмей де қалады екенсің. Терең ойға кеткен мені байқаса керек. Тағы әңгімесін жалғастырды.
– Бала деген – бақытың. Оның көп болуы – сол бақытты еселейді. Бас тартпау керек, қандай қияндық, жұмыс, таршылық болса да құрсақтағы баланы өлімге қимау керек. Өс, өн, ұрпағыңды көбейт, – деді ол бұ жолы маған қайырыла.
– Жөн, дұрыс айтасыз аға, – дегеннен өзге айтарым болмады. Әйтеуір үнсіздікті жақындаған жол бөліп жіберді.
– Мына жер ме, қарындасым?
– Иә, аға. Қармақшыға жүретін таксилер тұрағы ғой, – дедім жалма-жан.
Діттеген жеріне әкелген таксист аға соңғы рет бір қарады да «Әйел бәріне төзімді. Барды бағалайтын да, байлықты ұқсататын да, еркекті өсіретін де сол. Аман бол, қалқам» деді. Жеңіл көлігі гүр ете қалды. Бұл сәтте өткенімен арпалысқан аға жолай құлазып кете барса, санамды сан саққа жіберген әңгімеден түйін шығарып мен қалып едім...
Айнұр ӘЛИ
07 тамыз 2021 ж. 1 433 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031